Облыс бас имамдары "Нұр Мүбарак" университетінің түлектерімен дидарласты

Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену.  Ал ілімнің ішіндегі ең маңыздысы дін білімін алу.

Осындай дін білімін беріп жатқан ЖОО Алматы қаласы "Нұр Мүбарак" Египет Ислам мәдениеті универсиетінде облыс бас имамдарының студенттермен кездесуі өтті. 

Аталған шараға Тараздан ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев пен білім саласына жауапты имамдар арнайы ат терлетіп барды. Студенттермен жүздесіп, хал-ахуалдарын сұрап, сұқбаттасып, биылғы жылы оқуын тәмәмдап, маман атанғалы отырған түлектерді өңірге жұмысқа шақырды. 

Бас имам өз кезегінде дін маманы болудың қандай үлкен жауапкершілік әрі сауапты қызмет екенін жеткізіп, мамандыққа деген сүйіспеншілікті арттырып жалынды сөз сөйледі. Жамбыл өңіріндегі кадр мәселесін тілге тиек етіп, жастарды әрдайым қолдауға дайын екенін атап өтті. 

Айта кетейік, шараға ҚМДБ-ның білім бөліміне жауапты мамандар мен өзге де облыстардың бас имамдары қатысып, баяндама жасады. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

 "Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі