Қордай: Аудандық мешітке жаңа қызметкерлер тағайындалды

Күндердің сұлтаны қасиетті жұма күні «Қордай» мешітінде жиналған көпшілікке ауданның бас имамы «Ғайбаттың зардабы және жаман ойдан сақ болу» тақырыбында уағыз айтты. Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресі 12-ші аятында Алла Тағала «Уа, иман келтіргендер! Көп жаман ойға салынудан аулақ болыңдар! Шындығында ойлардың кейбірі – күнә. Бір-біріңді аңдымаңдар және бір-бірлеріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар!», - деп бұйырады.

Уағыз соңы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бұйрығын оқып, наиб имам қызметіне тағайындалған Бахрам Асан Юсупұлы мен азаншы қызметіне тағайындалған Мұратұлы Мейіржанды жамағатқа таныстырды. Намаз соңында мешіттің батагөй ақсақалдары ақ батасын беріп, Алла  жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Бахрам Асан Юсупұлы 2020-2023 Жамбыл облысы, Тараз қаласы «Һибатулла Тарази» медресе-колледжін Исламтану мамандығы бойынша, Мұратұлы Мейіржан Түркістан облысы «Сарыағаш» медресе-колледжін  Исламтану мамандығы бойынша тәмәмдаған.