"18 қазан - Рухани келісім" күніне орай Жамбыл облыстық Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл облысы аумағы діни бірлестік өкілдері арасында спартакияда өтті. Спорттық шара шағын футбол, үстел теннисі, шахмат, гір тасын көтеру, жеңіл атлетика, арқан тарту ойындары бойынша жүргізілді.
Аталған спорттық ойындарға футбол бойынша Тараз шаһарынан облыстық "Һибатулла Тарази" мешіті, қалалық "Әулие ата" мешіті және "Һибатулла Тарази" медрсе-колледжі қатысты. Ал гір тасын көтеру сайысына РАНТ мүшесі Нұралы Бақытұлы, Абысаттар Усербай, аудандық "Меркі ата" мешітінен Жанболат Олжабаев ислам бірлестігінің намысын қорғап шықса, жеңіл атлетика бойынша Батыр Тохтамұрат пен Алимуханбет Егізбаев бақ сынады.
Шағын футбол сайысында Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев бастаған топ кубокқа ие болды. Ал екінші орынды Тараз қаласының имамдары иеленсе, үшінші орын Халид Қожахметов бастаған топқа бұйырды. Гір тасын көтеру бойынша Нұралы Бақытұлы жеңімпаз атанып, Меркілік имам екінші орынан көрінді. Арқан тарту сайысында да облыс бас имамы бастаған топ жеңіс туын көтеріп, жеңіл атлетика сынында Меркілік имам жүлделі болды.
Қызықты әрі тартысты өткен іс-шара соңында ойыншылар алғыс хаттармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.