Облыстық мешітте Мәуліт оқылды

Мүбәрак Мәуліт айы басталғалы бері елімізде, жалпы мұсылман жұртшылығында Алланың сүйікті құлы, ақырғы Елшісі әрі Пайғамбары болған Мұхаммед Мұстафаға (с.а.у.) арнап арнайы  Мәуліт дұғасы оқылып, түрлі игі іс-шаралар атқарылып жатыр.

Қасиетті  жұма күні облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде өткен жұмалық жиында адамзаттың  асыл тәжі, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) құрметіне, қасиетті Мәуліт мерекесіне арнап, ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев ақыретте мұсылмандардың шапағатшысы болатын Мұхаммед (с.ғ.с.)  пайғамбардың өнегелі өмір жолы, Алланың дінін адамзатқа таратудағы тағылымға толы істері, оның мүбәрак өмірі жайлы тілге тиек етті.

Жамағатқа есігін айқара ашқан құлшылық ордасын бүгін Пайғамбарымызға деген сағыныштан туындаған салауат кернеп, Мәуліт мерекесінің мәртебесі асқақтай түсті.

Облыс бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы пен Қордай ауданының бас имамы Әлімұхаммед Егізбаев мәуліт жырын оқып, әлемге рақым етіп жіберілген нұрлы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жұма намазына жиналған мешіт жамағаты бірігіп салауаттар айтты.

Екі дүние сардарының әрбір әрекеті мен сөзінен рухани нәр алып, Мұхаммед пайғамбарымызды шынайы жақсы көрудің қаншалықты маңызды екендігін де көркем түрде жеткізіліп, жиналған көпшілікке тәттілер, тәтті нан мен құрма таратылды.

Қасиетті жұма күніне орайластырылған Мәуліт мерекесі осылайша жүректерге иман нұрын толтырып, Сүйікті Пайғамбарымызға деген сағыныш сезімін еселеді.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.