Қазіргі уақытта жеке адамға және бүтіндей қоғамға қатер тудырып отырған дертті мәселелердің бірі – зиянды әдеттерге тәуелділік. Оның салдары күнәлі істердің жасалуы, қылмыстың көбеюі, отбасында берекетсіздік, бірліктің ыдырауы сияқты мәселелерге әкеліп соғуда. Адам баласын құрдымға жіберетін үш апат (темекі тарту, ішімдік ішу, нашақорлыққа бой алдыру) бар десек, бірі – нашақорлық һәм есірткіге әуестік.
Осыған орай барлық оқу орындарында нашақорлықтың алдын алу мақсатында насихат жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатта Тараз қаласының прокуроры Айдар Мәдімаров "Һибатулла Тарази" медресе-колледжіне келіп, студенттермен жүздесті. Шараға оқу орнының директор орынбасары Бақтияр Амиреев пен 1, 2, 3 курс шәкірттері қатысты.
Маман "Нашақорлық және оның зияны" туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы дайындалған видеороликті көрсетті. Бейнеде нашақорлықтан өмірі сұмдыққа айналған адамдар тағдыры көрсетілді. Денсаулықтың аманат екенін исламтанушы Бақтияр Амантайұлы да тілге тиек етті.