"ҺИБАТУЛЛА ТАРАЗИ" МЕШІТІНЕН 11-ШІ ҚАРИ ШЫҚТЫ

Құран – Алла Тағаланың адам баласына берген ұлы мұғжизасы. Адамзат Құранмен сәйкес өмір сүргенде ғана ақиқат ұғымының биігін бағындыра алады. Құранды көбірек оқу және әрдайым жаттап жүру арқылы пенде Раббысына сүйікті құл болу мәртебесіне қол жеткізеді. Ал Құранды толық жаттап шығу нендей мәртебе десеңізші!

Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешіті жанынан ашылған "Құран қарилары" курсы осымен 11-ші қариын шығарды. Ұстаз, қари Бірлік Амангелдінің Құран жаттау методикасымен небәрі 3 жылдың ішінде 1 ғана өңірден 11 баланың қари атануы үлкен жетістік. Жас қариды қасиетті жұма күні "Һибатулла Тарази" мешітінде ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев құттықтап, сертификатын табыс етті. 

2005 жылы дүниеге келген 18 жастағы Желдібай Абубакр Шу ауданы Төле би ауылының тумасы.  Құранды 2,5 жылда жаттап шықты. "Құран деген тау сияқты, оның шыңына шығу қиын болды. 15 параға дейін қиындықтар көп болды, кейін Алланың қалауымен жеңілдей түсті. Құран - кітаптардың ең ұлысы. Адам Құран жаттап-ақ, дұғамен өзгере алады. Ең маңыздысы жүрекке рия кірмес үшін Алла разылығы үшін жаттау керек. Ал екінші, ата-анама нұрдан тәж кигізу мақсатым болды," - дейді қари Абу Бакр. 

Көпшілік жас қариды құттықтап, қариялар батасын беріп, жамағат дұға жасады. Мұндай сәтке көпшілік бірге қуанып, Аллаға мадақ айтты. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі