МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ (ФОТО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен еліміздегі медресе-колледж студенттері арасында республикалық олимпиада басталды.

Олимпиаданың ашылу салтанатында ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы сөз сөйлеп, қатысушы студенттерге сәттілік тіледі.

Шәкірттердің білімі сынға түсетін додаға еліміздің 9 медресе-колледжінен келген ең үздік 36 шәкірт қатысып жатыр. Екінші және үшінші курста оқитын олар жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөлініп, сайысқа түсуде. 

«Байқау екі кезеңнен тұрады. Бүгін араб тілі, фиқһ, Ислам тарихы пәндерінен тест тапсырып, әр курстан алты қатысушы іріктелді. Ертең екінші кезеңде олар Құран Кәрім сүрелерін жатқа оқып, сұрақтарға жауап береді. Сонымен қатар, арабша классикалық мәтіндерді харекетсіз оқиды және араб тілінде сөйлеу деңгейі тексеріледі. Білім жарысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «Хусамуддин әс-Сығанақи» институтының ұстаздары қазылық етуде. Олимпиаданы өткізудегі мақсатымыз – тәжірибе алмасу, білім беру сапасын арттыру» дейді ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл.

Айта кетейік, дәстүрлі түрде алтыншы рет өтіп отырған Олимпиадада жеңімпаз болған үшінші курс студентіне Ұмра қажылығына жолдама беріледі. Екінші, үшінші орын алған шәкірттерге ақшалай сыйлық табысталады. Жүлдегер болған екінші курс студенттері де қаржылай сыйлықпен марапатталмақ.