ОБЛЫС БАС ИМАМЫ ЖАС ТҮЛЕКТЕРГЕ БАТА БЕРДІ

Бүгін жылдағы дәстүр бойынша Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде мектеп бітіруші түлектерге арналған рухани кездесу кеші өтті.

Кездесуге Тараз мектептерінен ерікті түрде бітіруші түлектер келіп қатысты. Алтын ұя мектеп қабырғасынан түлеп ұшып өмір айдынына қанат қаққалы отырған жас түлектерімізге Бас имам Бейбіт Мырзагелдиев насихат айтып, қадамдарына сәттілік тіледі. Қобалжыған бала көңілдерге сенім білдіріп, жас түлектерді Отанымыздың ұлтжанды азаматтары болып өсуге үндеді.

Үлкен өмірге деген алғашқы қадамдарын Алланың үйінен бастап, үлкендердің ақ батасын алуға асыққан жас түлектерге "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жапек те насихат айтып, өз құттықтауларын білдірді.

Кешке қатысқан мектеп мұғалімдері мен ата-аналар рухани кештің жан-жақты пайдалы болғанын айтып, алғыстарын білдіруде.

Алланың кәләмы Құран аяттары оқылған рухани кеште ҚМДБ Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы мектеп бітірушілердің болашағы жарқын болсын деп дұға етті. 

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі