БАС МҮФТИ НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҰСТАЗДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінің ұстаздарымен кездесті.

«Осы жылдың 10 қыркүйегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университеті Қамқоршылар кеңесінің тоғызыншы отырысы өткізілді.

Онлайн форматта өткен жиынға мүфтият өкілдерімен қатар Қазақстан тарапынан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің өкілі Жұмабек Рауан Әбдіманапұлы, Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф, МАР тарапынан Уақыптар министрі шейх Усама әл-Әзһари және Қамқоршылар кеңесінің өзге де мүшелері қатысты.

Кеңес отырысында еліміздегі бірегей діни білім беретін Нұр-Мүбарак университетінің жаңа ректоры мен проректорын тағайындау, сонымен бірге білім ордасының жұмысын жетілдіру мен одан әрі дамыту жөнінде арнайы Комиссия құру жөнінде пікір алмасу болды. Кеңес мүшелері осы жоғары оқу орнында білім беру сапасын одан әрі дамыту және заманауи оқу бағдарламасын әзірлеу керектігіне назар аударды» деді ҚМДБ Төрағасы.

Айта кетейік, жиында Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов сөз сөйлеп, Нұр-Мүбарак ұстаздарына сәттілік тіледі.