ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ НҰР-МҮБАРАК ҰЖЫМЫНА ЖАҢА ПРОРЕКТОРДЫ ТАНЫСТЫРДЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Нұр-Мүбарак университетінің ұжымына жаңадан тағайындалған проректор Ершат Ағыбайұлын таныстырды.

«Мен өз кезегімде Діни басқарма Нұр-Мүбарак университетінің құрылтайшысы екенін негізге ала отырып, Қамқоршылар кеңесіне Қазақстан тарапынан Нұр-Мүбарак университетінің проректоры лауазымына бұған дейін ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти қызметін атқарған Ершат Ағыбайұлын ұсынып, Қамқоршылар Кеңесінің мүшелерінен қолдауларын сұрадым. Кеңеске қатысушылар бұл ұсынысты оң дауыс беру арқылы қолдап, Ершат Ағыбайұлы 2024-2028 жылдар аралығы мерзімге Нұр-Мүбарак университетінің проректоры болып тағайындалды. Ершат Ағыбайұлы – әл-Азхар университетінің түлегі, исламтанушы-ғалым, PhD доктор, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі. Білім ордасы ұжымына және жаңа проректор Ершат Ағыбайұлына сәттілік тілеймін» деді Бас мүфти.

Ал өз кезегінде жаңа проректор Ершат Ағыбайұлы: «Осындай үлкен аманаттың кезегі маған келіп, Аллаға тәуекел етіп отырмыз. Сондықтан еліміздегі діни ғылым мен білімнің дамуына, сапалы дін мамандарын дайындауға аянбай еңбек етуге дайын екенімді білдіремін. Сол үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Нұр-Мүбарак университетінде жұмыс істеген тажірибем мен біліктілігім пайдасын береді деген сенімдемін» деді.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы бұған дейін Нұр-Мүбарак университетінің проректоры болған ғалым Қайрат Құрманбаевқа алғысын білдірді.

«Қайрат Қалмырзаұлы 2018 жылы Каир қаласында өткен Қамқоршылар кеңесінің 7-отырысында 2018-2022 жылдар аралығына проректор болып тағайындалды, Астанадағы кеңес отырысында оның өкілеттілігі тағы 2 жылға ұзартылған болатын. Осы 6 жыл ішінде проректордың атқарған жұмысына риясыз алғыс айтамын. Алла разы болсын, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін!» деді.