Нұр-Мүбарак университетінің жаңа проректоры, PhD доктор Ершат Ағыбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алғашқы төрағасы Рәтбек қажы Нысанбайұлына арнайы барып, жауапты қызметі алдында батасын алды.
«Қазақстан егемендігін алмай тұрып-ақ дербес Мүфтият құрып, жергілікті дін мамандарын даярлау мақсатында Мысырмен байланыс орнатқан тұңғыш мүфтиіміз Рәтбек қажы Нысанбайұлының еңбегі зор» деп атап өтті проректор.
Ратбек қажы Нысанбайұлы ізет сақтап, құрмет көрсетіп келген ізбасарларына ризалығын білдіріп, алғысын жаудырды. 84 жастағы ақсақал сонау қиын кезеңді еске алып, ел игілігіне қызмет ететін иманды жастардың көптеп қажеттігіне тоқталып, жаңадан қызметке кіріскен шәкіртіне сәттілік тілеп ақ батасын берді.
Сондай-ақ, проректор өзінің әлемдегі көптеген ислами оқу орындарының арасынан Мысырдағы мыңжылдық тарихы бар әл-Азһар университетін таңдап, қазақстандық жастарды алғаш аттандырған тұңғыш мүфти Ратбек қажы Нысанбайұлының көрегендігі мен еңбегін еске алды. Себебі проректор, PhD доктор Ершат Оңғар сол жолдаманың нақты жемісі екенін алға тартып, ата-бабалар аманатын кейінгі ұрпаққа абыроймен табыстаған алғы буын ағалар еңбегін әрдайым бағалайтынын атап өтті. Соның бір қарымтасы ретінде қазақ елінің болашағы мен жас ұрпақтың кемелденуіне жан-жақты қызмет етуге мүдделі екенін жеткізді.