РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚҰРАН БАЙҚАУЫ ҚАТЫСУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ КЕШКІ АС ӨТТІ

Кеше Талдықорған қаласында өтіп жатқан қасиетті Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша XIV республикалық байқауының қатысушылары мен қонақтарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан салтанатты кешкі ас ұйымдастырылды.

Кешкі асқа республикалық жарысқа қатысушы қарилар, қазылар алқасы және жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. Жылы жүздесу мен рухани мазмұндағы сұхбатқа толы кеш барысында қатысушыларға алғыс білдіріліп, игі тілектер айтылды.

Шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан өңір мешіттеріне тұрақты түрде демеушілік көрсетіп, діни-ағартушылық жұмыстарға үлес қосып жүрген мешіт жанашырларына Алғыс хаттар табысталды.

Алғыс хатта мешіттің қоғамдағы орны, ізгілік пен бауырмалдықты дәріптеудегі маңызы атап өтіліп, демеушілерге Алла Тағаладан береке мен сауап тілегі білдірілді.