«ҺИБАТУЛЛА ТАРАЗИ» МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖІ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫНА ҮЛЕС ҚОСТЫ

«Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің ұстаздары мен шәкірттері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында игі іске атсалысты. Акцияның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, оқу орнының ауласын абаттандыру және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Шара барысында медресе ұжымы мен студенттер оқу орнының ауласын тазалап, ағаш егіп, айналаны көріктендіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, зираттарда тазалық пен абаттандыру шаралары ұйымдастырылып, қорымдар қоршалып, арамшөптерден тазартылды.

Облыстық мешіт істері меңгерушісі Халид Қожахметов бұл игі шараның мән-маңызына тоқталып:

«Тазалық – имандылықтың жартысы. Қоршаған ортаны таза ұстау – дініміздің басты қағидаларының бірі. Мешіттер мен медреселер ауласында тазалық орнату арқылы біз жастарға өнеге көрсетеміз. Бұл бастама тек бір реттік іс емес, әрбір мұсылманның өмір салтына айналуы тиіс. Барша шәкірттер мен жамағатты туған жердің тазалығына үлес қосуға шақырамыз», – деді.

Тазалық жұмыстарына медресе ұжымы мен студенттер белсене қатысып, табиғатты аялау мен экологиялық жауапкершілікті арттыруға өз үлестерін қосты.

«Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің баспасөз қызметі