Бүгін Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Тараз қаласында «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің шәкірттеріне арнайы дәріс оқыды.
Жылы жүзді кездесу барысында Бас мүфти өзінің дін жолындағы еңбек жолынан сыр шертіп, Рәтбек қажы Нысанбайұлының мүфтилік қызмет кезеңінде Аягөзге имамдыққа жіберілген сәтіндегі оқиғалармен бөлісті. Ол сол уақыттың қиындықтары мен жауапты міндеттерін еске ала отырып, дін қызметі – үлкен төзімділікті, шыдамдылықты, сабыр мен қажыр-қайратты талап ететінін атап өтті.
Наурызбай қажы Тағанұлы:
«Біздің ғұламалардан қалған мынадай сөз бар: «Ғалымға ілім тек жас кезінде ғана беріледі» деген. Жастық шақ – адам баласының ең тартымды әрі ең белсенді кезеңі. Өмірдің шыңы, қайрат-жігерге толы, жалындаған шақ. Тепсе темір үзер күш-қуаты тасып тұрған тәуекелге толы кезең. Сондықтан осындай алтын кезеңді білім алуға, ізденуге арнаған абзал.
Мағжан атамыздың сөзімен айтқанда, жастық шақ арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты болатын уақыт. Иә, қарап отырсақ, бойына имандылықты сіңірген бабаларымыз жасынан ерте есейіп, елдің ертеңін ойлады. Бірін-бірі жігерлендіріп, бір-біріне жақсылықта жаршы бола білді. Сіздер де бабалар жолын жалғаған тұлға болуларыңыз керек» деді.
«Біз дін қызметін жеңіл деп ойламауымыз керек. Бұл — халықпен бірге болу, жамағаттың қуанышы мен қайғысын бөлісу, елдің рухани тұтастығын сақтау жолында күн-түн демей еңбек ету. Аягөзге алғаш барған күндерімде жағдай оңай болмады. Бірақ Алла разылығы үшін атқарылған еңбек адамды шыңдайды, қайрат береді. Дін қызметі – үлкен аманат. Бұл жолды таңдаған жанға табандылық, ықылас және шын ниет қажет», – деп шәкірттерге жүректен шыққан өсиетін жеткізді.
Медресе-колледж директоры Жарбол Болатұлы Бас мүфтиге ұстаздар құрамын таныстырып, оқу ордасының тыныс-тіршілігі мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Ұстаздар да өз тарапынан шәкірттердің дайындық барысы мен жетістіктерін баяндады.
Бұдан кейін Наурызбай қажы Тағанұлы медресе ғимаратын аралап, оқу кабинеттері, жатақхана және практикалық сыныптарды көрді. Сондай-ақ рухани медиаконтент әзірлейтін «Асылдін» студиясының жұмысымен танысып, студия ұжымының еңбегіне оң бағасын берді.
Сапар соңында Бас мүфти ұстаздар мен шәкірттерге Алла жолындағы қызметтің абыройлы екенін атап өтіп:
«Сендер болашақта халқымыздың рухани тірегіне айналатын азаматтарсыңдар. Дін жолындағы адалдық, еңбек пен сабыр — әр имамның серігі болуы тиіс», – деп игі батасын берді.
Бұл кездесу шәкірттерге тың серпін, ұстаздарға рухани жігер сыйлаған мазмұнды және әсерлі жүздесу болды.
Һибатулла Тарази медресе-колледжінің баспасөз қызметі










