Дуалды оқыту жүйесі аясында 3-курс студенттеріне қорытынды емтихан ұйымдастырылды. Білім алушылардың теориялық дайындығы мен практикалық машығын саралаған маңызды сынаққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Діни білім және кадр даярлау бөлімінің бас маманы Серікбол Аршабаев арнайы қатысып, емтихан қабылдады.
Сынақ барысында студенттер Құран Кәрім, фиқһ, ислам тарихы, ақида, сондай-ақ діни қызметке қажетті өзге де пәндер бойынша алған білімдерін ортаға салды. Теориялық сұрақтармен қатар, дуалды оқытудың басты талаптарына сай тәжірибелік дайындық та жан-жақты бағаланды. Бұл өз кезегінде болашақ дін қызметкерлерінің мешіттегі нақты қызметке бейімделу деңгейін айқындауға мүмкіндік берді.
Емтихан қабылдау комиссиясы құрамында “Һибатулла Тарази” медресе-колледжінің директоры Жарбол Болатұлы мен оқу ордасының білікті ұстаздары болып, студенттердің жауаптарына әділ әрі талапшыл баға берді. Сынақ нәтижесінде білім алушылардың басым бөлігі өздерінің дайындық деңгейінің жоғары екенін дәлелдеп, емтиханды сәтті тапсырды.
Аталған емтихан дуалды оқыту жүйесінің тиімділігін тағы бір мәрте көрсетіп, діни білім мен тәжірибені ұштастырған кадр даярлаудың маңызын айқындай түсті.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі

