МЕДРЕСЕ ШӘКІРТТЕРІ ҚОРЫТЫНДЫ ЕМТИХАН ТАПСЫРДЫ

Жамбыл өңірінде білікті дін мамандарын даярлау ісінің кезекті маңызды кезеңі қорытындыланды. Бүгін «Һибатулла Тарази медресе-колледжі» жеке мекемесінің бітіруші түлектері үшін үлкен сын — мемлекеттік емтихан басталды. Болашақ дін қызметкерлерінің сан жылдық білімі мен біліктілігін сарапқа салатын бұл жауапты шара арнайы құрылған білікті комиссияның қадағалауымен өтті.

Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағасы ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Діни білім және кадр даярлау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Серікбол Аршабаев қатысты. Ал комиссия мүшелерінің қатарында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы мен медресенің білікті ұстазы Ерболат Боханов болып, шәкірттердің білім деңгейін әділ бағалады. Сонымен қатар оқу орнының директоры Жарбол Болатұлы мен директордың орынбасары Меруерт Құрманбаева сынақтың бекітілген ережелер мен барлық заманауи талаптарға сай, жоғары деңгейде өтуін жіті қадағалап отырды.

Болашақ дін мамандарының кәсіби даярлығын айқындайтын бұл қорытынды емтихан исламтану ғылымының негізгі діңгегі саналатын Құрани Кәрім, Фиқһ (ислам құқығы) және Араб тілі пәндері бойынша жүргізілді. Шәкірттер теориялық білімдерін сарапқа салып, қасиетті кітапты тәжуидімен оқу, шариғат үкімдерін терең меңгеру және тілдік дағдылар бойынша өздерінің интеллектуалдық әлеуетін толықтай көрсете білді.

"Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің баспасөз қызметі