Жамбыл өңірінде білікті дін мамандарын даярлау ісінің кезекті жемісті кезеңі қорытындыланды. «Һибатулла Тарази медресе-колледжі» жеке мекемесінде 2025-2026 оқу жылын тәмәмдаған бітіруші студенттерге арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті. Діни білім нәрімен сусындап, шариғат ілімін терең меңгерген мамандардың өмірлік жаңа белеске қадам басқан сәті жоғары деңгейде ұлықталды.
Биылғы оқу жылында аталған қара шаңырақтан 29 түлек жаңа белестерге жолдама алды. Соның ішінде оқу озаты атанып, үздік үлгерімімен оқ бойы озық шыққан 1 шәкіртке қызыл диплом, ал 28 бітірушіге көк диплом салтанатты түрде табыс етілді. Жиынға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, «Һибатулла Тарази медресе-колледжі» жеке мекемесінің директоры Жарбол Болатұлы, директордың орынбасары Исатай Оразов және білікті ұстаздар қауымы арнайы қатысып, шәкірттердің толқынысты сәті мен қуанышын бірге бөлісті.
Басқосу барысында сөз алған облыс бас имамы, оқу орнының басшылығы мен ұстаздар қауымы бітіруші түлектерді игілікті имандылық жолындағы үлкен жетістіктерімен құттықтады. Олар түлектерге ел игілігі мен асыл дініміздің жанашыры болу жолындағы жауапты қызметтеріне сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.
Түлектер де өз кезегінде алтын ұя білім ордасы мен тәлім берген ұстаздарына қимастық сезіммен шексіз алғыстарын білдірді. Сондай-ақ дұрыс бағыт-бағдар беріп, рухани тәрбиелеген өз кураторларының иығына шапан жауып, ерекше құрмет көрсетті.
Һибатулла Тарази медресе-колледжінің баспасөз қызметі

