«Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде белгілі дінтанушы, Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Арман Қуанышбаев «Һибатулла Тарази» қайырымдылық мекемесі қарилар курсының шәкірттерімен дидарласты. Болашақ Құран қариларымен болған бұл кездесу ерекше жылылық пен рухани ахуалда өтті.
Өнегелі жүздесу барысында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы сөз сөйлеп, қарилық курсы туралы, аз қана уақытта неше қари түлеп ұшқанын сапармен келген ұстазға атап өтті. Білікті ұстаз шәкірттерге Құранды жатқа айту мен оны жүрекке тоқудың қадір-қасиеті туралы тереңнен толғап, ғибратты насихат айтты.
Арман Қуанышбаев болашақ қариларды Алланың кәләмін жаттау барысында тәкәппарлыққа берілмеуге, «мен қаримын» деп мақтанбауға шақырып, бұл ұлы істі тек қана Хақтың ризашылығы үшін шынайы ниетпен жасау керектігін ерекше қадап айтты. Сондай-ақ, білікті маман қасиетті кітапты санасына сіңірген жанның ақыреттегі алатын орны мен пайдасы зор екенін жеткізіп, шәкірттердің қасиетті де жауапты жолдағы қадамдарына сәттілік тіледі.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі


