МЕДРЕСЕ ШӘКІРТТЕРІ МЕН ҰСТАЗДАРЫ "ТАЗА ҚАЗАҚСТАН" СЕНБІЛІГІНЕ АТСАЛЫСТЫ

«Таза Қазақстан» жобасы аясында Тараз қаласына қарасты Қызылабат және Құмшағал аумақтарында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Игі бастамаға мыңға жуық адам қатысып, өңірдің көркеюіне өз үлестерін қосты.

Экологиялық шараға «Һибатулла Тарази» облыстық мешітінің қызметкерлері, қалалық мешіттердің имамдары, «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің ұстаздары мен шәкірттері, «Жасыл ел – Тараз» ұйымының өкілдері, студенттер және Жібек жолы ауданы әкімдігінің қызметкерлері қатысты.

Шара барысында Қызылабат және Құмшағал аумақтарында 5000 түп ағаш отырғызылды. Тараз қаласының аумағына қосылған бұл елді мекендерді абаттандыру, айналаны көгалдандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жұмысқа қала ұйымдары белсенді атсалысты.

Игі іске дін қызметкерлері де белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғау мен туған жерді көркейтуге бағытталған бастаманы қолдады. Бірлескен еңбек арқылы қатысушылар табиғатты аялаудың және елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосудың маңызын көрсетті.

«Таза Қазақстан» жобасы аясындағы мұндай бастамалар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, қоғамның ортақ іске деген жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі