Медресе-колледж шәкірті қари болды

"Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің шәкірті Дулат Бүркітбай Алланың кәләмі Құран Кәрімді толықтай жаттап, қари атанды. Бүгін жас қариды құттықтау шарасы өтіп, ұстаздар қауымы жиналды. 

Жиында Дулат Құранның соңғы аяттарын оқып, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев батасын берді. Имам Құран жаттаудың артықшылығы жайында тілге тиек етіп, жаттап қана қоймай оны сақтап жүру туралы сүбелі сөз сөйледі. “Негізінде, осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді” дейді «Әш-Шуара» сүресінің аят 192-195 аяттарында.

Ал аталған білім ордасының директоры Қанат Әділханұлы шәкіртке мақтау қағазын табыстап, игі тілегін жаудырды. 

"Құранның 30 парасын толық жаттап, қари атанған "Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің студенті Бүркітбай Дулат Қанышұлы марапатталады. Алла тағала қалыбыңызды Құранға сай етіп, Өз құзырында ата-анаңызға алтыннан тәж кигізгей!" деп жазылған мақтау қағазының мәтінінде. 

Айта кетейік, Дулат 1 жыл бұрын колледжде Құран жаттауды бастап, осы 1 жылдың ішінде тәмәмдады. Студент Амангелді Бірлік және Әлмұхаммед Егізбаев есімді ұстаздарымен Құранды меңгеруді қолға алған болатын. Карантин шаралары енгізіліп, оқу онлайн жүйеге көшкен уақытта Дулат өзі тұратын Шымкент қаласыдағы "Айқап" мешітінің наиб имамы Ерасыл Халқыманның алдында толық жаттап аяқтады.

Енді жас қари оқу орнындағы Амангелді Бірлік ұстазбен Құранды толық қайталап, пісіріп, алда хатымға өтуді жоспарлап отыр.

Осындай батыл қадам жасап, білім жолын қуған жас жігітке облыс имамы қаржылай сыйлық табыстады. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі