Облыстық мешітте әйелдер жамағаты Мәуліт кешін өткізді

Іс-шара мешіт ұстазы Жібек Болатбекқызының Құран оқуымен ашылды. Әжелер алқасы, қыз-келіншектер жамағаты қатысқан жиында ұстаз Нұргүл Алиханқызы "Пайғамбарға сағыныш" тақырыбында уағыз айтып, көпшіліктің көзіне жас алдырды. 

Сонымен қатар ұстаз Жазира Нұрсұлтанқызы пайғамбарымыздың жақсы көретін тағамдары жайында насихат айтып, Алла елшісін хадистер аясында сипаттады.

Сауат ашу курсының шәкірттері көпшілікті ерекше әсерлендірген "Салауаттың пайдасы", "Пайғамбардың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинеге көшіп келуі" туралы қойылымдар қойды. 

Шәкірттердің өнерімен берілген көрініс жамағатқа сөзбен айтқаннан да артық дүниелерді ұғындырды. 

Іс-шарада арнайы бейнероликтер қойылып, толыққанды ақпараттар берілді. Алла елшісінің туғаннан бастап, дүниеден өткенге дейінгі өмірі жайлы монолог оқылды. 

Жиын соңында әйелдер жамағаты дастархан жайып, дәмнен ауыз тиді.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі