Бүгін күндердің сұлтаны жұма күні Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" медресе-колледжіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы келіп, студенттермен жүздесті.
Медресе директоры, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы наиб муфтиді шәкірттермен және ұстаздармен таныстырып өтті.
Ершат Ағыбайұлы өз сөзінде: "Медресе – діни ағартушылық ордасы. Ислам дінінің алғашқы төрт ғасырында медресе міндетін мешіт атқарды. Ардақты пайғамбар ﷺ Мадина қаласына көшіп келгенде, ең әуелі қолға алған жұмысы – мешіт құрылысы еді. Ал бүгінде елімізде арнайы мемлекеттік тұрғыда лицензияланған діни оқу орындары бар. Бұл - үлкен нығмет. Және онда шәкірт болып, дін ілімін меңгеру де үлкен бақыт, - деп атап өтті наиб мүфти. Сонымен қатар Бас мүфи Наурызбай қажы Тағанұлының медреселерге үлкен қолдау көсетіп жатқанын, қашанда қолдау көрсететінін тілге тиек етті.
Шәкірттер тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, дәлелді-дәйекті жауаптар алынды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қыметі