Наиб мүфти – Тараз төрінде

Жиынға Тараз қаласына қарасты барлық мешіттердің имамдары, Байзақ, Жамбыл аудандарының бас имамдары, «Һибатулла-Тарази» медресе-колледжінің студенттері қатысты. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы өңірдегі дін мамандарын наиб мүфтиге таныстырып, көне түркі, шағатай тілдерін меңгерген имам, медресенің білікті ұстазы Ғалымбек Жапектің осы бағытта шәкірттерге дәріс беріп жатқанын атап өтті. 

Кенжеәлі Қоңыратбайұлы көне түркі, шағатай тіліндегі еңбектердің құндылығы және оларды түп нұсқадан оқудың маңыздылығын тілге тиек етті. Сонымен қатар имамның тұлғалық келбеті, әдебі, өзін-өзі ұстауы, әлеуметтік желідегі жұмысы туралы сөз етті.  

Семинардан соң Кенжеәлі Қоңыратбайұлы мешіт жанындағы asyldin.kz  студиясын аралады. Бас имам Бейбіт Әліпбекұлы өкілдіктің баспасөз хатшысы, журналист Ақерке Шахризатқызын таныстырып, студияда жүргізіліп жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Мүфтияттың төл арнасы – «Мұнара ТВ» үшін осы студияда, мешітте және «Дін мен дәстүр» мұражайында бірнеше бағдарлама түсіріліп келе жатқанын, әрі экранда жарық көргенін жеткізді. 

Ал кешкісін наиб мүфти Рамазан айының құрметіне оқылатын тарауық намазына қатысты. Көпшілікпен бірге қариға ұйып намаз оқып, соңынан Тараз жамағатына бата берді. Қасиетті Рамазан айымен құттықтап, әрбір шаңыраққа бақ-береке, жамағатқа ауызбіршілік, татулық, елімізге амандық тіледі.