Шараны ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев ашып берді. Жиынға қонақ болған имамдар қазақ үйге жайғасып, ал әйелдер жамағаты дөңгелете жайылған ақ дастарханға жайғасты. "Бисмилләмен" үлкендер бата беріп, ұлттық ас толы дәмнен ауыз тиді. Қазан асылып, наурыз көже мен қазаққа қастерлі болған бешбармақ ұсынылды. Самаурынға шай қойылып, әжелер алқасы "Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің және Қарилар курсының шәкірттері үшін бөлек арнайы дастархан жайып, наурыз көже берді.
Шарада "Әжелер алқасының" төрайымы Жәмилә Жұмабаева сөз бастап, наурыз мерекесімен құттықтады. Жасы үлкен қария әжелерге сөз беріп, 20 жылдан бері дін саласында қызмет етіп келе жатқан ұстаздарды тілге тиек етіп, алғысын білдірді. Әйелдер жамағатының алғашқы ұстазы Зейнеп Жәдігерқызы сөз сөйлеп, бірлігі мықты апаларға Алланың разылығын тіледі. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының өкілі Жазира Иманалиева, мешіт ұстазы Жібек Қолағұлова сөз сөйлеп, көпшілікке алғыс жаудырды.
Балдырғандар өз өнерлерін көрсетіп, ән айтып, мешіттен діни сауатын ашып жүрген Даниял шәкірт домбыра шертіп ардақты аналарға ән арнады. Құран үйретуші ұстазы жас талапқа Құран сыйлап, жылы лебізін білдірді.
Жиында 5 бірдей бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Тәй-тәй басқан балапандардың жолы ашық, иманды, қари, бақытты болсын деген тілекпен бас имам Бейбіт Әліпбекұлы мен көпке танымал уағызшы Қанат Жұмағұл тұсауын кесті. Әйелдер шашу шашып, бала-шаға таласа терді.
"Дін мен дәстүр" мұражайын ұлттық құнды дүниелерге толтыру үшін атсалысқан әжелерге алғыс айтып, Жәмилә Жұмабаева орамал жапты. Тәй-тәй басқан балаларға доп сыйлап, келген барлық көпшілікке "орамал тоң болмайды, жол болады" деген тілекпен жаулық, сүлгі, орамал, мата таратылды.
Ұлыс күніне ерекше дайындық жасаған әжелер алқасына көпшілік дән риза болып, алғыс айтты. Шара соңында бас имам мен әжелер бата беріп, Құран оқылды.
Мерекелік сезімге бөленген көпшілік жақсы көңіл күймен, бір-біріне жылы сөзін арнап, ұйымдастырушыларға дұға жасап тарқасты.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі