ҚОҒАМ ӘДІЛДІКПЕН ДАМИДЫ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Мұсылман адамның бойында көрініс табуы қажет болған маңызды сипаттардың бірі – әділдік. «Әл-адлу» (العدل) сөзі – барлық жаратылысқа өзінің тиесілі ақысын беру, реңі мен түріне, байлығы мен мансабына және туыстығына қарамай теңдікті ұстану дегенді білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Нахыл» сүресінің 90-аятында:

إِنَّ اللهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالإحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ

«Ақиқатында, Алла әділдікті, ихсанды (игі істер істеуді) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зиян келтіруден тыяды», – деп айтқан.

Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі де – «әл-Адл» (Әділетті). Өйткені Жаратушы Алла Тағала иманды мен имансызды ризықтандырды, көптеген елшілер жіберді, кітаптар түсірді, адасқан мен қателескен адамға тәубе есігін ашып қойды, туралыққа жол сілтеді.

Адамдарға көркем өнеге ретінде жіберілген ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да өте әділ еді әрі өзгелерге де әр істе әділдік жолын ұстануды бұйыратын. Хадис шәріпте:

إِنَّ الْمُقْسِطِينَ عِنْدَ اللَّهِ عَلَى مَنَابِرَ مِنْ نُورٍ: الَّذِينَ يَعْدِلُونَ فِي حُكْمِهِمْ وَأَهْلِيهِمْ وَمَا وَلُوا

«Расында, турашыл болғандар, Алланың құзырында нұрдан жасалған мінберлерге жайғасатын болады. Олар – үкім етуде отбасы мүшелеріне және өздеріне бағынышты жандарға әділ болғандар», – деп айтылған (имам Мүслим).

Қазақ халқы да әділдік ұғымын ерекше қастер тұтқан. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің Жеті Жарғысы» – бәрі де қара қылды қақ жарған әділеттілікке негізделді. Хакім Абай өлең жолдарында:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті – деп әділетті сүюге шақырған.

Жалпы әділдік ұғымы тек қана құқық саласында ғана емес, сенімнен бастап адамдық қатынастарды, тәрбиелік мәселелерді, айтылған сөздер сынды көптеген ұғымдарды қамтиды. Әсіресе, мұсылман өмірінде әділдік мына істерде көрініс табуы қажет:

 

Бірінші: басшылық ететін адамның әділдігі

Мұсылман адам қандай да бір істе, әлдебір ұжымда адамдарға басшы болатын болса, одан ең бірінші талап етілетін сипат – әділдік. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді», – деп, соның бірі: «Әділ басшы» екендігін айтқан (имам Бұхари).

Басшы адамның әділдігі жұмысшылардың барлығына тең қарау, істі лайықты адамға тапсыру, жұмысшыға шамасы келмейтін жұмысты жүктемеу, өзін өзгелерден артық санамау, жалақыларын уақытында беру сынды істерде көрініс табады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маңдайының тері құрғамай тұрып, еңбекақысын беріңдер», – деп бұйырған (ибн Мәжә).

Әділдіктің қарама-қайшы ұғымы «Зұлымдық». Әділдік талап етілген жерде табылмаса, ол жерде міндетті түрде зұлымдық жүреді, сондықтан да әділдіктің пайдасын айтқанда асыл дінімізде зұлымдықтың зардабы да қоса айтылады. Мысалы, қасиетті Құранда:

إِنَّا أَعْتَدْنَا لِلظَّالِمِينَ نَارًا أَحَاطَ بِهِمْ سُرَادِقُهَا

«Расында Біз, зұлымдық жасаушылар үшін дуалдары қоршап алатын тозақ отын әзірледік», – делінген («Кәһф» сүресі, 29-аят).

 

Қисса

Бір жолы махзұмдықтар арасында бір әйел ұрлық жасайды. Ақсүйек тұқымынан шыққандықтан, құрайыштықтар оған араша түскенді жөн көріп, араға Усама ибн Зәйдті салады. Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Усаманы жақсы көретінін білетін. Усама әлгілердің өтінішін жеткізгенде, Алла Елшісі бұл әділетсіздікке қатты ашуланып: «Әй, Усама! Алла Тағаланың үкімін өзгертпекпісің?!» – дейді. Мешітке жамағатты жинатып, оларға: «Ертеде исрайылдықтар әділетсіздіктері үшін құрыған. Олар әлсіз біреу қылмыс жасаса, дереу жазалап, күшті біреу қылмыс жасаса, жылы жауып қоя салатын. Алланың атымен ант етейін, егер сол ұрлықты өз қызым Фатима жасаса да жазасын бергізер едім», – дейді (имам Мүслим).

 

Екінші: үкім етудегі әділдік  

Әділдіктің бұл түрі екі адам арасында қазылық етуші немесе екі тарапты жарастырушы адамның, әр тараптың өзіндік ақыларын дұрыс беру арқылы жүзеге асырылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 58-аятында:

إِنَّ اللهَ يَأمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الأمَانَاتِ إِلَى أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُمْ بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ

«Негізінен Алла сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етсеңдер, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді», – деп бұйырған. 

Халқымызда адамдардың туыстығы мен жақындығы, дүниесі мен мансабына   қарамай, әділ үкімін бере білген қазыны «қара қылды қақ жарған» немесе «тура би» деп ат қойған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп айтатындығы да осыдан.

Бұған әділеттілігімен танымал хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) басынан өткен мына оқиға тамаша мысал болады:

Бір күні халифа Омар мен бір сахабаның арасында келіспеушілік туып, ол екеуі дауды әділ қазының төрелігіне жүгіну арқылы шешуге келіседі. Ол кезде әділ қазы сахабалардың ішіндегі беделді Зәйд ибн Сәбит болатын. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Арамыздағы мәселенің түйінін тарқатып берсін деп саған келдік», – дейді. Хазіреті Зәйд (Алла оған разы болсын) халифаның астына көрпеше төсеп, жанына отырғызбақшы болғанда Омар: «Бұл беретін үкіміңде жасаған алғашқы әділетсіздігің», – дейді. Сосын: «Алдыңа келген халифа мен қарапайым халықтың кез келген өкілін тең тұтпайынша, сен бұл лауазымға лайық бола алмайсың. Әділ қазы халифаның емес, Алланың бұйрығы мен үкімін орындауы керек», – деп заң алдында бүкіл адамдардың жауапқа бірдей тартылу керектігін жария етеді.

 

Қисса

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әділдігін пайғамбарлық келмей тұрып-ақ барлық адамдар мойындаған болатын. Сол пайғамбарлыққа дейін түрлі табиғи жағдайларға байланысты Кағбаның іргелері құлап, ескіріп қалғандықтан, Меккедегі мансапты рулардың келісімімен Қағба қайтадан жөнделіп, ең соңында «Хажәрул-әсуад» қара тасты орнына қою кезінде рулар арасында талас пайда болады. Әр ру өздерінің мансаптарына сүйеніп, қасиетті тасты орнына апарып қоюға өздерін лайықты деп алға тартады. Бұл жанжалдың шегі болмайтынына көзі жеткен олар араларында «Мұхаммәду әл-Әмин» (сенімді Мұхаммед) деп аталып кеткен Пайғамбарымызға төрелік етуіне келіседі. Сол кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ортаға бір төсеніш қойып, әр рудың бір-бір ақсақалдарына ұстатып, Хажәрул-әсуадты барлығы көтеріп апарып, кейін өз қолымен орнына қояды.

 

Үшінші: отбасындағы әділдік

Ата-аналарымызбен, жұбайларымызбен, балаларымызбен қарым-қатынас жасағанда барлығы әділдіктің негізінде болуы тиіс. Мысалы, ата-анамызды сыйлап, құрметтеудің өзі әділдіктің көрінісі. Себебі бала шыр етіп дүниеге келгенінде, өз бетімен жүре де, қоректене де алмайды. Осы кезде ол ата-ананың аялы алақанына мұқтаж болады. Осы мұқтаждықты бар ықыласымен өтеген, нәпақа тауып, киіндіріп, мәпелеп өсірген ата-анасы кәрілік жасына жеткенде, баласының оларға қарайласуы – нағыз әділдік. Осы себепті де Алла Тағала қасиетті Құранның Исра» сүресі, 23-24-аяттарында:

وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُوا إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِنْدَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلاَهُمَا فَلاَ تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلاً كَرِيمًا. وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرًا

«Раббың Өзіне ғана ғибадат етулеріңді және әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Туф» деп айтушы болма. Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мейірім құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегеніндей, Сен де оларды мейіріміңе бөлей көр!» – де», – деп бұйырған.

Осы сияқты асыл дініміз исламда әйел адамның ері алдында орындауы керек міндеттері болғанындай, ер адамның да әйелі алдында атқаратын міндеттері бар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 228-аятында:

وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ

«Ерлердің әйелдердегі ақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі ақылары бар», – деп айтқан. Осы міндеттерді ерлі-зайыптылардың дұрыс атқаруы да – отбасындағы әділдікке жатады.

Сол сияқты отбасында балаларға қатысты да өте әділетті болуымыз қажет. Олардың ешқайсысын басқасынан артық көрмеу, ұл бола ма, әлде қыз бола ма немесе үлкен бола ма, кіші бола ма тең көру әділдікке жатады. Сыйлық бергенде, тіпті сүйгенде де араларын ажыратпау тиіс. Әлбетте жасына және ұл-қыз болуына қарай өзіндік тәртіптер болары белгілі, дегенмен басқа балалары ренжімейтіндей қарым-қатынас жасалуы тиіс.

Нуғман ибн Башир (Алла оған разы болсын): «Бірде әкем маған сыйлық берді, сонда Умра бинт Рауаха: «бұл жағдайды Пайғамбарымызға айтпайынша риза емеспін», – деді. (Әкем) ардақты Пайғамбарымызға келіп жағдайды айтқанда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Осындай сыйлықты басқа балаларыңа да бердің бе?» – деп сұрады. Әкем «жоқ», деп жауап қатты. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اتَّقُوا اللَّهَ وَاعْدِلُوا فِي أَوْلادِكُمْ

«Алладан қорқыңдар және балаларыңа қатысты әрқайсысына әділ болыңдар!» – деп айтқан (имам Бұхари).

 

Төртінші: сауда-саттықтағы әділдік

Сауда-саттық жасайтын адам да әділдікті ұстанып, тауардың айыбын жасырмай айту, бағасын тым көтермеу, таразыда дұрыс өлшеу сияқты істерге аса мән беруі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнғам» сүресі, 152-аятында:

وَأَوْفُوا الْكَيْلَ وَالْمِيزَانَ بِالْقِسْطِ

«Таразыда өлшеуді дұрыс орындаңдар», – деп бұйырады. Сонымен қатар «Мұтаффифин» сүресінің 1-4-аяттарында:

وَيْلٌ لِّلْمُطَفِّفِينَ. الَّذِينَ إِذَا اكْتَالُواْ عَلَى النَّاسِ يَسْتَوْفُونَ. وَإِذَا كَالُوهُمْ أَو وَّزَنُوهُمْ يُخْسِرُونَ. أَلا يَظُنُّ أُوْلَئِكَ أَنَّهُم مَّبْعُوثُونَ

«Өлшеуде, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да. Қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді. Олар қайта тірілетінін ойламай ма?» – деп айтылған.

Имам Құртуби (Алла оны рақымына алсын): «Бұл сүре Әбу Жухайна деп танылған, шынайы аты Амр деген кісіге байланысты түскен. Ол кісінің екі таразысы болған. Бірімен өлшеп алатын болса, екіншісімен өлшеп беретін еді», – дейді.

 

Қисса

Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) астық сататын базарға жолы түседі. Сатушының бидайын ұнатып, ұстап көрмек болып, қолын сұққанда астыңғы жағының дымқылдау екенін байқайды. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, бидайдың иесі, мұның не?» – дейді. Саудагер: «Алланың Елшісі, астығым жауынның астында қалып, су болып қалды», – деп ақталады. «Сол дымқыл жағын адамдар көруі үшін бидайдың үстіне шығарып қоймайсың ба? Бізді алдайтындар бізден емес», – дейді.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш адаммен Алла ақырет күні сөйлеспейді, оларға қарамайды, оларды (күнәларынан) тазартпайды және оларға ауыр азап дайындалған!» – деп айтқан. Әбу Зәрр (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөздерін үш рет қайталады», – дейді. Осы кезде Әбу Зәрр (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Сәтсіздік пен шығынға ұшырайтындар кімдер?» – деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Киімдерінің соңын (тәкаппарланып) жерге түсірушілер, өзінің игілікті істерін адамдарға міндетсінетіндер және (саудада) өзінің заттарын жалған антпен сатушылар», – дейді .

 

Қисса

Әрбір ісінде және саудасында әділдігімен танылған жандардың бірі имам Әбу Ханифа болатын. Ол кісіге бір әйел келіп, бір киім сатпақшы болады. Имам қанша тұратынын сұрағанда әлгі әйел киімді 100 дирхамға бағалайды. Сонда Имам Әбу Ханифа: «Бұл киім одан да қымбат тұрады, – дейді». Әйел: «Ендеше 200 дирхам», – дейді. Әбу Ханифа сөзін қайталап: «Бұл киім одан да қымбат тұрады», – дейді. Әлгі әйел 300 сосын 400 деп бағасын өсіре береді. Имам Әбу Ханифа: «Бұл киім одан да қымбат тұрады», – дей бергенде әлгі әйел: «Сіз мені мазақ етіп тұрмысыз?» – дейді. Сонда Әбу Ханифа: «Мен мұны 500 дирхамға сатып аламын», – деп, жаңағы әйелдің тауарын лайықты бағасына сатып алған екен.

Мұсылман адам сауда жасағанда әділ болып, жалған араластырмауы тиіс. Сонда оның табысы адал, кәсібінде береке болады. Ибраһим ән-Нахағиден   (Алла оны рақымына алсын) адамдар: «Сіз үшін адал, шыншыл саудагер жақсырақ па, әлде бірыңғай құлшылықпен айналысқан адам жақсырақ па?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Мен үшін адал, шыншыл саудагер артығырақ. Себебі ол таразымен тартып алуда, сатуда, ақша алып, беруде әркез шайтанмен күресте болады», – деген екен.

 

Қадірменді, жамағат!

Әділдіктің аясы үлкен әрі мұсылман үшін маңызы өте зор. Қасиетті Құранның «Шура» сүресі, 15-аятында Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَقُلْ آمَنْتُ بِمَا أَنْزَلَ اللَّهُ مِنْ كِتَابٍ وَأُمِرْتُ لأعْدِلَ بَيْنَكُمُ اللَّهُ رَبُّنَا وَرَبُّكُمْ لَنَا أَعْمَالُنَا وَلَكُمْ أَعْمَالُكُمْ لا حُجَّةَ بَيْنَنَا وَبَيْنَكُمُ اللَّهُ يَجْمَعُ بَيْنَنَا وَإِلَيْهِ الْمَصِيرُ

«(Оларға) «Мен Алла түсірген Кітапқа иман келтірдім. Сондай-ақ араларыңда әділ болуға (әділдік орнатуға) бұйырылдым. Алла біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың! Біздің істеген істеріміз өзімізге, сендердің істеген істерің де өздеріңе. Біз бен сендердің араларыңда талас-тартыстың орны жоқ. Алла (уақыты келгенде) барлығымызды бір араға жинайды (әділ билігін айтады), қайтар жеріміз Оның құзыры» деп айт», – деп әмір еткен. Осы аятқа қатысты атақты табиғин Қатада (Алла оны рақымына алсын): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әділетті болуға бұйырылып, дүниеден өткенінше әділдіктен тайған жоқ», – деген.

Ендеше, біз де әр ісімізде әділетті болуға тырысып, зұлымдық атаулыдан сақтанайық!

Алла Тағала баршамызға екі дүние жақсылығы мен берекетін нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі