ЕҢ АБЗАЛ ҚҰЛШЫЛЫҚ – ҚҰРАН ОҚУ

Құран – ұлы періште Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) арқылы хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымызға уахи етілген Алла Тағаланың сөзі. Құран – құлшылықтың қайнар көзі, ғылымдарды жинаушы, ұлы танымның, кәміл имандылықтың негізі. Құран – шипа, пенделеріне Жаратушының берген нығметі. Адам баласын дүние мен ақыретте бақытқа кенелту үшін түсірілген Алланың рахметі. Жалпы адам баласы үшін өмірінде жол нұсқаушы болып, қателіктен сақтайтын ол – Құран.

Құран – мұғжиза. Себебі ешкім дәл Құран сүресі сияқты бір сүре де келтіре алмайды. Бұл жайында Құранда: «Егер құлымызға түсірген Құранның ақиқаттығына шәк келтірсеңдер, қане, соған ұқсас бір ғана сүрені ойдан шығарып көріңдерші. Сондай-ақ егер (Мұхаммед оны өз ойынан шығарған деген) сөздерің рас болса, (онда сол бір ғана сүрені ойдан шығару үшін) Алладан басқа өздерің сенетін бүкіл медеткерлеріңді (шайырларың мен пұттарыңды) жәрдемге шақырыңдар. Оны істей алмасаңдар, әсте істей алмайсыңдар, ендеше кәпірлер үшін әзірленген отыны адамдар мен тастардан тұратын тозақ отынан (Аллаға, елшісіне және Құранға иман келтіру арқылы) сақтаныңдар!» («Бақара» сүресі, 23-24 аяттар). Алла Тағала Мұса пайғамбарға аса таяғын, Иса пайғамбарға (оларға Алланың сәлемі болсын) адамдарды емдеуі секілді мұғжизалар берді. Ал Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үкімі Қияметке дейін сақталатын Құранды мұғжиза етті.

Құран Кәрімде әуелі және ақыры болмаған Алланың сөзі мен ілімінің кемел екенін адамның санасына жеткізу үшін, материалды затпен салыстыру арқылы баяндайды. «Алланың хақ сөздерін жазу үшін жердегі ағаштың бәрі қаламға, барлық теңіздер һәм соған қоса дәл сондай жеті бірдей теңіз сияға айналса да Алланың сөздері түгесілмейді. Шүбәсіз Алла – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр үкімі мен әр ісінде мен көптеген хикметтер болатын асқан даналық иесі)» («Лұқман» сүресі, 27-аят).

Алла Тағала рух деген сөзді адамның жанына, сонымен қатар Құранға да қолданады. Екеуінің айырмашылығы – адамның жаны жаратылған, ал
Құран жаратылмаған. Екеуіне де рух деген сөзді қолдануда үлкен мағына бар. «Сондай-ақ олар сенен Рух жайлы сұрайды. Оларға: «Рух – Раббымның ғана білетін ісі. Бұл мәселеде сендерге тым аз ілім берілген», – деп айт» («Исра» сүресі, 85-аят). Бұл аятта рух сөзі адамның жанына қатысты айтылған. «Міне, осылайша саған да Өзіміздің әмірімізден (жүректерге һәм ой-санаға жан бітіруші) рух (Құран) уахи еттікСен одан бұрын кітаптың не екенін және иманның не екенін білмейтін де едің. Алайда Біз ол рухты (Құранды) нұр қылдық һәм сол арқылы құлдарымыздың арасынан қалағандарымызды тура жолға бастаудамыз. Шүбәсіз, сен (үмбетіңді) тура жолға бастаудасың» («Шура» сүресі, 52-аят). Бұл аятта рух сөзі Құран мағынасында айтылған.

Алла адам баласына аманаты ауыр болып, тау көтере алмай күл-паршасы шығатын Құран Кәрімді берді. «Егер Біз осынау (қасиетті де айбатты) Құранды тауға түсіргенімізде, оның (алыптығына қарамастан) Аллаға деген ерекше құрметі мен қорқынышынан бас иіп, күл-паршасы шыққанын көрер едің. Біз адамдар үшін жүйелі түрде ойланып, ғибрат алсын деп, осындай мысалдар келтірдік» («Хашр» сүресі, 21-аят). Жоғарыдағы аяттардан байқағанымыздай, Құран Кәрім мәңгі мұғжиза, адам өмірін тура бағытқа нұсқаушы, әуелі мен ақыры болмаған Алланың сөзі, адамға берілген үлкен аманат секілді мағыналарды білдіреді. Сол үшін адам баласы бей-жәй қарамай, Құранға аса мән беруі ләзім. Құран оқудың абзал құлшылық болуының себептеріне тоқталсақ.

Біріншіден, Құранның әрбір әрпінде сауап бар. Бұл жайында Абдулла ибн Масғудтан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта былай делінген: «Кімде кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса – бір сауап, ал бір сауап он сауапқа тең. «Әлиф-ләм-мим» бір әріп деп айтпаймын, әлиф бір әріп, ләм бір әріп, мим бір әріп» (Термизи). Құранда 114 сүре, 6236 аят, 77 439 сөз, 323 015 әріп бар. Құранды бір мәрте толық оқып шыққан уақытта 323 015 х 10 = 3 230 150 сауап аламыз. Ал жеті жүз есеге көбейгенде сауаптың мөлшері 3 230 150 х 700 = 2 261 105 000 болады. Құран оқудың сауабы көп болғандықтан, ғалымдар Рамазан айы кірген уақытта басқа кітаптарды қойып, Құран оқуға кірісетін. Имам Мәлік (оған Алла разы болсын) Рамазан айы кіргенде хадисті қойып, Құранды оқумен шектелген. Суфиян Сәури (оған Алла разы болсын) Рамазан айы кіргенде барлық нәпіл құлшылықтарды қойып, тек Құран оқыған. Қатада (оған Алла разы болсын) жеті күн сайын Құранды толық оқып шығатын, Рамазан айында үш күн сайын хатым, соңғы он түнінде күн сайын хатым ететін. Имам Шафиғи (оған Алла разы болсын) Рамазан айында Құран Кәрімді алпыс мәрте хатым ететін болған. Адам баласы жыл он екі ай бес уақыт намаз кезінде Құран оқиды, Рамазан айы келгенде тарауық намаздарында Құран оқып, үздіксіз сауапқа кенеледі. Бұл да бір Алла Тағаланың адам баласына берген
үлкен нығметі. 

Екіншіден, Құран оқу ризықты арттырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Құран оқылған отбасында кеңшілік болып, жақсылығы артады және періштелер кіріп, шайтандар шығады. Ал Құран оқылмаған үйде таршылық болып, жақсылығы азаяды және періштелер шығып, шайтандар кіреді», – делінген. Келесі хадисте (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Құран – байлық. Оны оқыған адам кедей болмайды. Одан асқан байлық жоқ», – деген. Имам Ғазали (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бір кісі үнемі Омардың есігін қағып қайыр сұрайтын. Бір күні тағы да қайыр сұрап келгенде Омар оған: «Сен Құран үйрен, ол сені Омардың есігіне мұқтаждық еткізбейді», – дейді. Содан кейін ол кісі қайтып келмейді. Омар ол кісі жайлы сұрастырып, тұрып жатқан жеріне барады. Бұрын қайыр сұрайтын кісінің адамдардан оңашаланып, құлшылық жасап жүргенін көреді. Омар (оған Алла разы болсын): «Мен сені жоғалтып алдым, маған келуден сені не тосты?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Мен Құран оқыдым, Құран мені Омарға және Омардың отбасына мұқтаж еткізбеді», – деп жауап береді. Омар одан: «Құраннан не нәрсе таптың», – деп сұрағанда: «Құраннан мына аятты таптым. «Ал көкте сендердің несібелерің әрі уәде етілген нәрселер бар» («Зарият» сүресі, 22-аят). Менің ризығым – көкте, ал мен жерден іздеп жүрмін», – дейді. Мұны естіген Омардың көңілі босайды (Құт әл-қулуб, Абу Толиб әл-Мәкки, 426-бет).

Үшіншіден, Құран қабір азабынан құтқарады. Абдулла ибн Масғудтан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Тәбәрәк («Мүлік») сүресі қабір азабынан құтқарады». Хадиске түсіндірме берген ғалымдар: «Егер адам «Мүлік» сүресін оқып қайтыс болса, қабір азабынан құтылады», – деген. Ғалымдар арасында «қайтыс болған адамның басында да осы сүре оқылса, қабір азабын тосады» деген пікір бар.

Төртіншіден, Құран тозақ отынан құтқарады. Исмат ибн Мәлік (оған Алла разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына сөзін жеткізген: «Егер Құран бір адамның бойында болса, Алла Тағала ол адамды тозақта азаптамайды» (Байһақи). Абу Умәмә (оған Алла разы болсын) былай деп айтқан: «Құран Кәрімді оқыңдар, жаттап алыңдар! Мына тұрған кітаптар Құранды оқып, жаттаудан алдандырып қоймасын. Алла Тағала жүрегі Құранға толған адамды азаптамайды».

Бесіншіден, Құран Қиямет күні шапағатшы болады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандарға шапағатшы болады», – деген (Мүслим). Тағы бір хадисте былай делінген: «Қиямет күнінде Раббының алдында ораза мен Құран пенде үшін шапағатшы болады. Ораза келіп: «Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйған едім. Енді мен оған шапағатшы болайын», – дейді. Құран келіп: «Раббым! Мен оны түндерде ұйқысынан айырдым. Сол үшін оған шапағат етейін», – дейді. Алла екеуіне шапағат етуге рұқсат береді. Олар шапағат етеді» (Ахмад).

Алтыншыдан, Құран жатттаған адам ата-анасының басына тәж кигізеді. Хаким Бурайда әл-Әсләми (оған Алла разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: «Кімде-кім Құран оқуды үйренсе, оған амал етсе, Қияметте ата-анасына нұрдан болған тәж кигізеді».

Алла Тағаланың алдында мұсылманның деңгейі Құран Кәрімді қаншалықты білгеніне байланысты. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауатымен сәлемі болсын) мүбәрак хадисінде: «Құран иесіне (Құран оқып жаттаған адам) былай делінеді: «Оқы және жоғарыла (төрлет). Оқы, дүниеде қалай оқыған болсаң, дәл солай оқы! Расында, сенің орның соңғы аятты оқитын жерiңде», – деген (Ахмад).

Жетіншіден, Құран жүрек аурулары мен дертке шипа. Құранның өзіндік қасиеті бар. Күнәға жақындаған мұсылман Құраннан алыстай береді. Керісінше күнәдан алыстаған пенде Құранға жақындайды. Яғни жүректі таза күйіне түсіретін бірден бір жол – Құран оқу. Оның әрбір сөзі – жүректің қарайған қатпарларына жарық сыйлайтын нұр іспетті. Ол болмашы қателіктен бастап, дүниеге махаббат қоюға дейінгі күллі кеселдер мен дақтардың жұрнағын да қалдырмайды. Ол – мағынасы мен кереметі мәңгі түгесілмес Алланың кәләмы. 

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Біз Құранда мүминдер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз», – деген («Исра» сүресі, 82-аят). Ибраһим Хаууас (оған Алла разы болсын): «Бес нәрсе жүректің емі: Құранды түсініп оқу, аз тағам жеу, түнде тұрып намаз оқу, таң сәріде жалбарыну, ізгілермен сұхбаттас болу», – деген екен. Құранды оқу адамның қайғы-қасіретін, уайым-қайғысын емдейді. Сонымен қатар адам баласы Құран аяттарын оқу арқылы көз тию, сиқыр секілді жаман нәрселерден қорғанып, өз бойындағы дерттерді емдейді. Адам баласы Құран арқылы өзін тәрбиелеп, жан-дүниесін тазалайды. Сондықтан жолым ашық, мақсатым айқын болсын деген әрбір мұсылман Құраннан алыстамауы тиіс.

 

Сансызбай ҚҰРБАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти

«Иман» журналы, №4, 2024 жыл