ҚҰРАНДАҒЫ ҰЛЫҚ СҮРЕЛЕР

Құран Кәрім – Алла Тағаланың кәламы, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең үлкен, мәңгілік мұғжизасы. Алланың сөзінің кереметін қанша айтқанымызбен, лайықты бағасын бере алмайтынымыз анық. Дегенмен бүгінгі тақырыбымызға сай хадистерде айтылған Құранның кейбір сүрелерінің артықшылығы жайында қысқаша айта кетсек.

1. «Фатиха» сүресі. «Фатиха» сүресінің артықшылығы жайында көптеген хадистер келген. «Фатиха» – Құранның ұлық әрі шипа сүрелерінің бірі. Әбу Сағид ал-Муғалла (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бірде мешітте намаз оқып отырғанымда мені Пайғамбар шақырды да: «Сен мешіттен шықпас бұрын мен саған бір сүре жайында хабар беремін, ол – Құрандағы ең ұлы сүре», – деді де, қолымды ұстады. Кейін ол мешітте шыға бергенде мен: «Уа, Алланың елшісі! Сіз маған: «Бір сүре жайында хабар беремін, ол Құрандағы ең ұлы сүре», – деп едіңіз», – дегенімде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әлхамду лилләһи роббил аләмийн. Бұл маған берілген «әс-Сәбъул мәсәни» (қайталанатын жетеу) және «әл-Қуранул ғазыйм» (ұлы Құран)», – деді.

Бұхариден жеткен хадисте сахабалар жолда жүргенде бір ауылға барып өздерін қонақ етуді сұрайды. Алайда ауыл адамдары оларды қабылдамайды. Сол күні ауыл көсемін улы жәндік шағып алады. Қандай ем жасаса да көсемдерінің беті бері қарамай қояды. Ауру меңдеп, жанын қоярға жер таппаған соң олар өздері қонақ етуден бас тартқан әлгі сахабаларға келіп, көмек сұрайды. Осы кезде Әбу Сағид әл-Худри (оған Алла разы болсын) орнынан тұрып, әлгі науқасқа «Фатиха» сүресі арқылы дем салады. Сол кезде ауыл көсемі дертінен құлан-таза айығады.

2. «Бақара» сүресі. Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, «Бақара» сүресі оқылатын үйге шайтан кірмейді», – деген. Тағы бір хадисте: «Құран оқыңдар, өйткені Құран Қияметте шапағат етеді. Екі жарқын сүре болған «Бақара» мен «Әли Имран» сүресін оқыңдар. Өйткені, бұл екі сүре Қияметте екі бөлік бұлт, екі көлеңкелі жер немесе сап түзеген екі топ құс сияқты Құран оқығандарды және үкімдерімен амал еткендерді жақтау үшін келеді. «Бақара» сүресін оқыңдар. Оны оқу – береке, тәрк ету – қасірет. Сиқырланған адамның мұны тұрақты оқуға күші жетпейді», – деген.

3. «Әли Имран» сүресі. Әбу Умамадан жеткен хабарда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Исму Ағзаммен дұға қылынса, дұға қабыл болады. Ол «Бақара», «Әли Имран», «Таһа» сүрелерінде», – деген. Сағид бин Әби Һилалдан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір адам «Бақара» және «Әли Имран» сүрелерін сәжде етуден бұрын бір рәкағат оқып, кейін Алладан қалаған қажетін сұраса, сол нәрсесі беріледі», – деген. Осман бин Аффаннан жеткен риуаятта Алла елшісі: «Кім түнде «Әли Имран» сүресін оқыса, ол адам қияму ләйл (түнгі намаз) оқығанның сауабын алады», – деген.

4. «Әнғам» сүресі. Жәбирден (оған Алла разы болсын) келген риуаятта: «Құранның «Әнғам» сүресі түскен уақытта Пайғамбарымыз тасбих айтып, былай деді: «Бұл сүрені көкжиекті жауып қалатындай көп мөлшерде періштелер алып түсті», – деген. Бұл сүре Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бөлініп емес, толығымен түскен.

5. «Кәһф» сүресі. Ибн Омардан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Кім жұма күні «Кәһф» сүресін оқыса, Қиямет күні оның аяғының астынан шығып бұлттарға дейін жететін нұр пайда болады және екі жұма арасында жасаған күнәлары кешіріледі», – делінген. Басқа хадисте: «Кім «Кәһф» сүресінің алдыңғы он аятын жаттаса, ол Дәджалдың фитнасынан аман болады», – деген.

6. «Нұр» сүресі. Мужаһидтен жеткен мурсал хадисте: «Ер адамдарға «Мәида» сүресін, әйел адамдарға «Нұр» сүресін үйретіңдер», – деген. 

7. «Рум» сүресі. Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Кім «Рум» сүресін әр түні оқыса, оған кедейлік жетпейді», – деген. Әнас бин Мәликтен жеткен хадисте: «Кім әр түні «Рум» сүресін оқыса, Қиямет күні оның қорқынышынан аман болған хәлде тіріледі», – деген.

8. «Ясин» сүресі. Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Кім «Ясин» сүресін Алла Тағала разылығын қалап түнде оқыса, сол түні оған Алланың кешірімі болады», – деген. Тағы бір хадисте: «Расында әрбір нәрсенің жүрегі бар, Құранның жүрегі – «Ясин» сүресі», – деген.

9. «Зумәр» сүресі. Айша (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта: «Пайғамбарымыз әр түні «Исра» және «Зумәр» сүрелерін оқымай, төсегіне жатпайтын еді», – деген.

10. «Ғафир» сүресі. Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Кім «Аятул Курсиді» және «Ха мим Мумин» («Ғафир») сүресінің әуелгі аяттарын оқыса, сол күні барлық жамандықтан аман болады», – деген.

11. «Фатх» сүресі. «Фатх» сүресінің алғашқы аяттары түскенде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған бүкіл дүниеден де артық болған аяттар түсірілді», – деген.

12. «Қаф» сүресі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ораза және Құрбан айт намаздарында «Қаф», «Қамар» сүрелерін оқитын еді.

13. «Уақиға» сүресі. Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Шашыңыз ағарғанын көріп тұрмын», – деп айтқанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шашымды ағартқан «Һуд», «Уақиға», «Мурсәләт», «Нәба» және «Тәкуир» сүрелері», – деген. Ибн Масғудтан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Кім «Уақиға» сүресін әр түні оқыса, оған кедейлік жетпейді», – деген.

14. «Мүлік» сүресі. Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Құранда отыз аяттан тұратын сүре бар. Кім оны оқыса, Қияметте оның күнәсі кешірілмейінше, шапағат етуін тоқтатпайды. Ол – «Мүлік» сүресі», – деді.

15. «Зілзала» сүресі. Ибн Аббастан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта: «Зілзала» сүресі – Құранның жартысына, «Ықылас» сүресі – Құранның үштен біріне, «Кәфирун» сүресі – Құранның төрттен біріне тең», – деген.

16. «Ықылас» сүресі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің жаным оның қалауында болған Аллаға қасам, бұл сүре Құранның үштен біріне тең», – деді. Бір ансарлық «Ықылас» сүресін жақсы көргендіктен, әр намазында оқитын еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Бұл сүрені жақсы көруің сені жәннатқа кіргізеді», – деді.

17. «Фалақ», «Нас» сүрелері. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар мен жындардың кесірінен Аллаға сыйынатын. «Фалақ», «Нас» сүрелері түскен соң жын-шайтандардан, адамдардың тіл-көзінен сақтану үшін тек осы сүрелерді оқитын еді. 

Құранның барлық сүресі ұлық. Алла Тағала баршамызды Өзінің кәләмі Құранды құрметтейтін, жан-тәнімен жақсы көретін құлдарының қатарынан етіп, Қияметте баршамыздың Құран арқылы дәрежеміздің көтерілуін нәсіп етсін!


Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №2, 2024 жыл

  •