Не маңызды: бұл дүние ме әлде ақырет пе?

Арамызда бұл дүниенің жалған әрі өздерінің мәңгі еместігін және күндердің күнінде қабірде жалғыз қалып, есеп беретін күннің туатынын ұмытып кететіндер аз емес. Және де тек ақырет үшін ғана жақсы амалдар жасап, бұл дүниені ескермейтіндер, яғни, өзінің отбасылық міндеттеріне, істеп жүрген жұмысына, қызметіне немқұрайлы қарайтындар да жетіп жатыр. Бұл – шектен шығушылық. Бұл дүние мен ақыреттің арасында теңгерім бар ма? Бар болса сол теңгерімді қалай орнатуға болады? Алла Тағала нәсіп еткен бұл дүние рахатынан құр алақан қалмай, сонымен қатар, мәңгілік өмірді де есімізден қалай шығармауға болады?

Аталмыш және өзге де сұрақтарға жауапты біз Алла Тағаланың Кітабы Құран мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннетінен табамыз. Әнәс (р.а.) былай келтірген: «Бірде Пайғамбарымыздың (ﷺ) әйелдерінің үйіне үш адам келіп, Пайғамбардың (ﷺ) Аллаға қалай құлшылық жасайтыны жайында сұрастырады, лайықты жауаптарын алған соң жасалатын құлшылықты азсынып: «Бізге өткен және келешек күналары кешірілген Пайғамбарға (ﷺ) жету қайда?!» - деп өз пікірлерін білдіреді. Біреуі: «Мен әр түні бойы көз ілмей құлшылық жасайтын боламын», - десе, екіншісі: «Ал мен үнемі ораза ұстайтын боламын», - дейді. Үшіншісі: «Ал мен әйелдерден бойымды аулақ салып, ешқашан үйленбеймін», - дейді. Біршама уақыт өткеннен кейін оларға Алла Елшісі (ﷺ) келіп: «Өткенде солай да солай деп айтқан сендерсіңдер ме? Алламен ант етемін, мен Алладан сендерден артық қорқамын, алайда кейбір күндері ораза ұстаймын, ал кей күндері ораза ұстамаймын, түнде құлшылық та жасаймын, ұйықтаймын да, сондай-ақ, әйелдермен некеге отырамын, ал кімде-кім менің сүннетімді ұстанбаса, ол адамның маған еш қатысы жоқ!» - деп айтады» (әл-Бұхари, 5063; Мүслим, 1401).

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) біз үшін ең үздік үлгі-өнеге болып табылады. Алла Елшісі (ﷺ) ораза ұстаған, аузын ашқан, түнгі құлшылықтарды жасаған, сонымен қатар, ұйықтаған да – Алла Тағаланың разылығына қол жеткізуде біз Пайғамбарымыздың (ﷺ) жолын ұстануымыз қажет. Асыл дініміз Ислам бұл дүниеден баз кешіп өт, қоғамнан әрі Алла Тағала рұқсат еткен нәрселерден толықтай бас тарт демейді. Біздің дініміз шектен шығушылықты қаламайды, ол – жұмсақ, икемді, орынды. Өзіміздің шынайы ахуалымызды бір сәтке болсын естен шығармай, күндердің күнінде әрбір айтқан сөзіміз, әрбір жасаған амалдарымыз үшін жауап беретін күннің туарын ұмытпауымыз маңызды, алайда бұл дүниені де шет қалдырмауымыз керек, яғни бұ дүниелік нәрселердің бәрі Алла Тағланың разылығын алуға бағытталғаны абзал. Біз жұмыс істеп, ақша тауып, демалып, туған-туыстармен кездесіп, отбасымызбен көңілді уақыт өткізуіміз керек әрі мұның бәрін өзіміздің басты міндетімізді есімізден шығармаған күйде атқарғанымыз жөн. Ең алдымен, ниетіміз дұрыс болсын, ниеті дұрыс адамның бұл дүниелік кіші-гірім амалы Алла Тағалаға жасаған құлшылыққа айналады да, Алланың қалауымен, ақыретте өз жемістерін беретін болады, ин ша Алла.