ЖАНУАРДЫ АЗАПТАМАУ

Жер бетінде тіршілік етіп жүрген барлық жан - жануарлар Құдайдың жаратқан мақұлықтары. Ол жыртқыш тіршілік иесі болсын, немесе ешкімге зияны жоқ мақұлық болсын, бөліп - жармай әр - біріне құрметпен қарауымыз қажет. Жазықсыз тіршілік иелеріне зиян келтіріп азаптаудан дініміз қатаң түрде қайтарады.

Енді жан -жануарларды азаптаудан тиған біршама хадистерге зер салсақ.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: "Бір әйел мысықтың себебінен азапқа душар болды. Ол әйел мысықты қамап, оған тамақ пен су бермей, тіпті жерде жүрген жәндіктерді жегізбей өлтіргені үшін тозаққа кірді." 

"Мен атаммен, яғни Әнас ибн Мәликпен (р.а.ғ) бірге Әл - Хаким ибн Әйюбтің (р.а.ғ) үйіне барғанымда тауықты нысана етіп, атып жатқанын көрдім. Мұны көрген Әнас (р.а.ғ): "Расулуллаһ (с.а.с) жануарды азаптаудан тыйған еді" - деді."

"Расулуллаһ (с.а.с) жануарлардың басынан ұрудан және басына таңба басудан қайтарған еді."

"Біз Расулуллаһпен (с.а.с) бірге сапарда едік. Ол (с.а.с) қажетін өтеу үшін кеткен кезде, біз екі балапаны бар қызыл құсты көрдік. Біз оның балапандарын алғанымызда, құс қанатын қағып бізді айнала бастады. Біздің жанымызға келген Нәби (с.а.с):"Мынау құс пен балапандарын шырылдатқан қайсың? Балапанын қайтарыңдар" -  деді. Кейін біз от жаққан құмырқаның илеуін көріп: "Мынаны жаққан кім?" - деді. Біз.:  "Біз жақтық" - деп жауп бердік. Раббыдан басқа ешкім отпен азаптамауы тиіс.

Хадистер Имам Бұхари, Мүслим, Әбу Дауд (р.а) - терден жеткізілген.

Құдай жаратқан әрбір жаны бар жаратылысты құрметтеп, оның ақысына кірмей жұмсақтық таныту бұл мұсылманшылықтан. Ихсан ол айналаң, қоршаған орта сізден жәбір шекпеуі.

 Р. Асылбек

Мойынқұм ауданының бас имамы