ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ХИКМЕТТЕРІ

Жағдайы жеткен әрбір мұсылман баласы бес парыздың бірі қажылық міндетін өтеуге құлшыныс танытады. Қажылық маусымында бейбітшілік мекені – Меккеге бет түзеу, Жаббар Хақтың разылығын көздеп, қасиетті Қағбаға тауап жасау – сауапты һәм жауапты міндет.

Бұл жайында Құран Кәрімде: «Оның жолында шамасы келген кісілер Алла үшін Қағбаны зиярат етуі керек», – делінген («Әли Имран» сүресі, 97-аят). Қажылық Алланы, ақыретті және бұрынғы пайғамбарлардың естеліктерін еске салады. Ол – мұсылмандық сана қалыптастыруда, құлшылыққа деген ынта-ықылас оятуда, бірлік пен ынтымақтастыққа шақыруда өте үлкен маңызы бар құлшылық.

Қажылықтағы жасалатын әрбір рүкіннің терең мағынасы бар. Қажылық міндетін атқара жүріп адамдар құлшылық, дұға мен зікірге қатысты терең тәлім алады. Әрбір әрекеттері арқылы Алланы еске алып, Жаратушыға деген сүйіспеншілікті жүрегіне бекіте түседі. Осы орайда қажылық кезіндегі атқарылатын бірқатар міндеттердің хикметіне тоқталсақ...

Ихрам киюдің хикметі. Қасиетті Мекке қаласына зиярат жасап келушілер, ұлты, реңі, киім киісі әртүрлі болғанына қарамастан бәрі мұсылман бауырластығына бірігеді, бәрінің бір үмбет екені еске түседі. Қажылық кезінде мұсылмандар бай-кедей, басшы не қосшы, ғалым не шәкірт деп бөлінбей бірдей киіммен бір қатарда сап түзейді. Себебі бұл қасиетті мекенге құт-берекет, қауіпсіздік, бақыт, шаттық және рақым ұялаған. Сондықтан қажылар өзін өзгелерден дараланбай, Алланың шынайы құлы болуға тырысады. Меккеге жақындағанда арнайы дайындық жасап, белгілі бір орынға (миқат) жеткенде тігісті киімін шешіп, екі бөлек матаға (ихрам) оранады. Ихрам екі бөлік матадан тұрады, жіппен байланбайды, түймеленбейді және ілмекті инемен де ұсталмайды. Бір жағы өмірден өтерде оралатын кебінді де еске салатын осы бір бөз адамға іштей ықылас пен ұлықтауды сезіндіреді. Бұл бір жағы нәпсінің әртүрлі ләззатты, рахатты және қалыптасқан әдеттерінен тыйылып, Аллаға мойынсұнуды білдіреді. Пенденің Алладан қорқуын, оған құрметпен қарауы керектігін пайымдатып, Алла разылығы жолында шаршап, шаң-топыраққа көмілу деген мағынаны да қамтиды. Ихрам тек бөз матаға орану емес, ол – тақуалық киімі. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Сендер үшін ең қайырлы киім – тақуалық киімі», – деген («Ағраф» сүресі, 26-аят).

Арафатта болудың хикметі. Алғашында жұмақта ғұмыр кешкен Адам ата мен Хауа ана сынақ ретінде жер бетіне түсірілген соң, біршама уақыттан кейін Арафат тауында жолыққан деседі. Сол кезде олар бір-бірінен: «Мені таныдың ба?» – деп сұраған екен. Арафат (тану) тауының соған байланысты шыққаны айтылады. Арафатта болу Қиямет күні қабірден тұруды, топ-тобымен маһшар алаңында жиналуды еске салады. Барша құл Алланың құзырында әлсіз, дәрменсіз, мұқтаж күйде кешірімді үміт етіп тұрады. Тәубе еткен пенделер көзіне жас алып, шынайы жалбарынады. Жаңа бір өмір парағын ашып, ендігі қалған өмірінде Аллаға мойынсұнып өтуге іштей бекінеді. Осындай хәлімен Арафат тура бір махшарды еске салады. Қияметтегі хәлдің кейбір көрінісіне сол жерде куә болуға болады. Жалаң аяқ, жалаң бас, үстіне ілгені – бір-екі парша мата. Күн болса күйіп тұрады, ешкімнің ешкімге қарайтындай хәлі болмайды. Арафатта Раббысына бет бұрған жан осы дүниенің өзінде Алланың құзырына шыққанда ешкімнің өзіне жәрдем бермейтінін сезеді. Байлық пен мансапқа емес, тақуалыққа ден қоюдың артықшылығын ұғынады.

Мұздалифада түнеудің хикметі. Мұсылмандардың мақтауға лайық бір қасиеті – үнемі Алланы еске алуы және Алланы ешуақытта ұмытпауы. Жаратуы Иеміз Құранда: «Мені еске алыңдар, мен де сендерді еске алайын», – деп бұйырған («Бақара» сүресі, 152-аят). Әрдайым Алланы еске алған адам әрқашан Алланың жәрдемін көреді. Мұздалифаға Құран Кәрімде ишарат етілген «әл-Машарул харамның» руханиятымен мол рақым түскен. Ол – жүрекке Жаратушының ұлықтығы, құдіреті, салтанаты үстемдік ететін мекен. Мұздалифада түнеу кезінде пенде Ұлы Жаратушыны қаншалықты танығанын салмақтайды. Себебі Құранда Мұздалифадағы Мәшари харамда Алланы көп зікір ету керектігі ескертілген. «Арафаттан кетіп Мұздалифаға қарай ағылғанда Мәшари харамда Алланы зікір етіңдер. Оның сендерге көрсеткеніндей етіп зікір етіңдер» деп («Бақара» сүресі, 198-аят) Құран аятында ескертілгендей, Мұздалифада Алланы өте көп зікір ету арқылы күнделікті өмірде Оны қаншалықты еске алатынымызды салмақтап, терең ойлану қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Арафатта үмбетінің кешірімі үшін жасаған дұғасын осы жерде де қайталап, артынша күлімсіреген. Мұның себебін сұрағанда дұғасын Алла қабыл еткенде мұны білген шайтанның қалай қиналғанын көргенін айтқан.

Шайтанға тас лақтырудың хикметі. Қажылықта Минада Құрбан айттың бірінші, екінші және үшінші күндері Ақаба жәмрасы, Кіші жәмра мен Орта жәмра ретінде үш түрде шайтанға тас лақтыру жасалады. Бұл турасында Ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Сендер шайтанға тас лақтырып, аталарың Ибраһимнің жолын ұстанудасыңдар», – деген (Муснад, 1/297). Бұл ғибадаттың хикметі Адам атадан (оған Алланың
сәлемі болсын) бері әр адамға дұшпан болып келе жатқан шайтанның дегеніне ермеу, оның азғыруына берілмеу, иман аясында оны тұқырту керектігінде. Тас лақтыру жаман ниет, адамды азғыратын нашар істердің барлығын да жеңе білу керектігін рәміздейді.

Тауап жасаудың хикметі. Тауап жасау барлық нәрсенің бір нәрсенің айналасында белгілі бір реттілікпен айналатынын, адамның да осы ғаламдағы реттілікке бағынуы қажеттігін ұқтырады. Атом құрамындағы электрондардың айналуы айдың жерді айналуы, планеталардың күнді айналуы секілді үдерістерді еске салады. Сафа мен Мәруа төбелері арасында сағи жасау мұсылманның Алла үшін өзі секілді осы жолға түскен, бірдей ниет еткен, бірдей сезімді бастан кешкен жандармен бірге жақсылық жолында жүгірудің мәнін ұқтырады.

Қағба – бәйтулла, яғни Алланың үйі. Жүрек те – Алланың назар салар орны. Пенде Қағбаға қарап оның ұлылығын тамашаласа, Алла Тағала пендесінің жүрегіне назар салады. Сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Біліп қойыңдар! Алла сендердің түрлеріңе, мал-мүліктеріңе қарамайды. Жүректерің мен амалдарыңа қарайды», – деген (Мүслим). Қағбаға тауап солдан оңға қарай жасалады. Тауаптың басталу нүктесін көрсететін қара тасқа сол жақ тұсымен сәлем береді. Мұны ғалымдарымыз адам бойындағы жүрекпен байланыстырады. Қажылар рухтар әлеміндегі, әл-мисақ уәдесін, иман сертін қара тасқа қарап сәлем беру арқылы жаңалайды.

Тыйымдардың хикметі. Қажылық кезіндегі тыйымдардың да хикметі бар. Қажылық кезінде тірі жан иесіне зиян тигізуге, аң аулауға, шыбын-шіркейді өлтіруге, жапырақты жұлуға т.б қатаң тыйым салынады. Бұл тыйымдар қажыға барушыларды өзара және қоршаған ортаға өте бір мейіріммен, сүйіспеншілікпен қарауға баулиды. Ихрам кигеннен кейін жаман сөз айтуға, ұрысуға тыйым салынған. Жаратушы сүйіп жаратқаны үшін барлық жаратылысқа ерекше құрметпен қарау талап етіледі. Яғни адамдар Исламның бейбітшілік ауанын қалыптастырып, ешкімге зиянын тигізбейтін бейбіт жанға айналуы қажет.

Қорыта айтқанда, қажылық ғибадатының хикметтері аз емес. Мұсылмандар қажылық міндетін өтей жүріп сол хикметтердің бірқатарын санамен пайымдайды, Жаратушы Иеге шын мәнінде ықыласты құл болу керектігін ұғынады. Пайғамбарлардың, адалдығымен тәнті еткен сыддықтар, сахабалар, шейіттер мен салиқалы ізгі жандардың хәлдерін еске түсіріп, терең ойға шомып, дұға-құлшылықтары арқылы күнәдан арылып, солар жүрген қасиетті жерлердің берекесіне кенеледі. Өлген соң қайта тірілуді, маһшарды, қиямет қиындықтарын, өлмей тұрып «өлуді», есепке тартылмай тұрып, өзін есепке тартуды ойлаған пенде нағыз қажылықтың мәні мен хикметтерін түсінеді.

 

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Атырау облысының бас имамы

«Иман» журналы, №6, 2023 жыл