БІР ҚҰРБАНДЫҚ МАЛЫ НЕШЕ АДАМНЫҢ АТЫНАН ЖАРАМДЫ БОЛАДЫ?

Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Ал, түйе мен қарамал бір адамның атынан да, жеті адамның атынан да сойылуына болады. Бірақ жеті адамнан асып кетуге болмайды[1].

Бұған Жабирдің (одан Алла разы болсын):

نَحَرْنا مع رسولِ اللهِ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم عامَ الحُديبيةِ: البَدنةَ عن سَبعةٍ، والبَقرةَ عن سَبعةٍ

«Алла елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан, бір қарамалды жеті адамның атынан бауыздадық»[2], – деп айтқан сөзі дәлел.

Алайда түйе мен қарамалды құрбандыққа шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер олардың біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды[3]. Ал құрбандық, қиран[4], таматтуғ[5], ақиқа[6], нәзір[7] құрбандығын ниет етіп қосылуға болады. Бастысы бұлардың барлығының ниеті құлшылық мақсатында болуы шарт[8].

 

«Құрбандық пәтуалары» кітабынан

 

[1] «әл-Мәбсут», 6/171. 

[2] Муслим,  №1318.

[3] «әл-Фәтәуа әл-Һиндия», 5/375.

[4] Қиран  – қажылықты өтеудің бір түрі. Онда алдымен умра жасап, одан кейін ихрам халінен шықпай, ихрам киімін шешпестен қажылық уақытын күтеді. Қажылық уақыты басталғанда алғашқы ихрамымен қажылығын жалғастырады. Яғни қажылыққа умраны қосу арқылы екі ғибадатты бір ихраммен өтеу.

[5] Тәмәттуғ (таматтуғ)  – қажылықты өтеудің бір түрі. Онда алдымен умра жасап, одан кейін ихрам халінен шығады. Одан кейін қажылық уақытына дейін оған ихрам кезінде тыйым салынатын барлық нәрселер рұқсат етіледі. Қажылық уақыты басталғанда қайтадан ихрамға кіріп қажылығын жалғастырады.

[6] Ақиқа – араб тілінде «туылған нәрестенің шашы» дегенді білдіреді. Ал, шариғаттағы мағынасы: «Ол – сәбидің дүниеге келуіне орай Алла Тағалаға шүкіршілік ретінде сойылатын құрбандық».

[7] Нәзір құрбандығы – ол белгілі шарттардың орындалуына байланысты мұсылман баласы бір малды құрбандыққа шаламын деп уәде етіп, уәденің уақыты келгенде шалатын малға айтылады.

[8] «Бәдәиу әс-сәнәйығ», 4/198.