Ислам діні адамдарды білім алуға, білім ізденуге шақырады. Білім діни немесе дүнияуи деп бөлінбейді, қайта барша білімдердің түп негізі діннен алынған, Құраннан алынған десек те болады. Алла Тағала Құранның 779 жерінде ілім жайында келтірген. Құранның ең алғашқы түскен аяты да "Оқы" деп басталған. Пайғамбарымыз с.ғ.с. өзінің бір хадисінде: "Білім іздену әрбір мұсылманға парыз",- дейді.
Білім мен ілім сөздері бір-біріне жақын ба?
Білім мен ілім сөзі - мағлұматқа ие болу, аңғару, білу дегенді білдіреді, екеуінің айырмашылығы сол, білім қазақ тілінде, ілім араб тілінде айтылады. Жалпы айтқанда синоним сөздер десек те болады.
Білім екі түрге бөлінеді, біріншісі адамдарға бұл өмірде де арғы өмірде де пайдасы тиетін білім, екіншісі бұл өмірде ғана пайдасы бар болғанымен, адам баласына қажеттілікті туындататын (медицина, агрономия, биология, технология, сауда-саттық т.б. ) сияқты пайдалы білім түрлерін айтуымызға болады. Білім деген азық. Ақылымыз да, жүрегіміз де біліммен қоректенеді. Білімді адам мәселелерін жеңіл, әрі өз жолдарымен шешеді. Білім - жарық бір нұр, сәуле. Жолдарымызды білім нұрымен жарықтандырамыз. Білімсіздік айып емес, үйренуге, талпынуға әрекет жасамаған айып. Оқығаннан, үйренгеннен артығырақ дәрежелі амал жоқ. Білімді адам немесе алған білімін өзгелерге үйреткен адам өмірден озғаннан кейін де тірі болып саналады делінген. Пайғамбарымыз с.ғ.с. бір күні жамағаттың ішінен Хиләл есімді кісіден: "Қасыңда өзіңмен бірге қаламың бар ма?" деп сұрайды, "жоқ еді" деген жауапты естіген кезде: "Қаламсыз жүрме, әй, Хиләл! Ізгіліктің бәрі қаламда!" деген екен.
Адам баласы бұл өмірді сүріп жатқан соң, өз өмірін мағыналы, тұрмыс-тіршілігінің берекелі болып өтуіне ат салысуы керек. Сол үшін де оған ілім-білім керек. Қай жерде ғылым ізденіс мол болса, сол жерде даму бар, алға қарай қадам басу бар. Өмірде әрбір саланың өз ғылымы бар. Отбасылы болу, перзенттерге тәрбие беру, үй-жай салу, жұмыс жүргізу, еңбек ету, т.б. қайсысын алып қарайтын болсақ та адамға оқу-білім керек. Білімсіз адам мәуесіз жеміс секілді делінген.
Алла Тағала адамдарға білім алуды, білім жолында ізденуді ең басты міндет санап, парыз деп бұйырған. Кейбір адамдар ілім, білім дегенде тек діни білімдерді назарда ұстап жатады. Мейлі дүнияуи, мейлі ақыреттік білім болсын, баршасы да Алланың білімі болып саналады, оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Абу Юсуфтан: "Сондай білімдісіз, бұл білімді қалай үйрендіңіз?",- деп сұраған кезде: "Білімнің үлкен-кіші, діни немесе заманауи деп ажыратпастан, таңдамай үйрене бердім!",- деген екен.
Ибн Аббас р.ғ. айтады: "Сүлеймен пайғамбарға білім мен мал-мүліктің бірін таңдау мүмкіндігі берілді. Сол кезде Сүлеймен пайғамбар білімді таңдады. Кейін ол кісіге білімді таңдағаны үшін патшалық пен мал-мүлік нығметі де берілді".
Қазіргі таңда жастарымыздың, әсіресе мектеп бітіріп жатқан түлектеріміздің білімге деген құштарлығы мен табандылықтарына көңілің сондай толғандай әсер қалдырады. Әсіресе мектепті жоғарғы дәрежеде бітіріп, үздік деп танылғандары да көз қуантарлықтай. Бұл - білім алудың ең алғашқы қадамы болып саналады. Елдің ертеңгі болашағы да сол жастар. Негізі мақаламның білім тақырыбында жазылуына да жақында ғана үздік танылған мектеп түлектері болды.
Мысалыға айтар болсақ, кейбіреулер дүнияуи білімдерді үйрену аса қатты шарт емес, олардың ақырет үшін еш пайдасы болмайды деген ойларын айтып жатады. Бұл қате пікір. Ғұламалар дүнияуи және заманауи білімдерді үйренуді парыз кифая екендігін айтқан.
Жалпы үммет, қоғам тек діни білім иелеріне ғана емес, заманауи ғылым иелері де мұқтаж. Түрлі саладағы мамандардың (дәрігер, технолог, мұғалім, заңгер, гуманитар, биолог т.б.) баршасы да қажеттілікті талап етеді. Өйткені Алла Тағала күллі адамзатты жер бетіне даму мен көркейюге, бұзу емес дұрыстауға, гүлдендіру мен тыныштық орнатуға, игілік орнатуға шақырған. Ал бұл болса заманауи білімдерсіз еш жүзеге аспайды.
Имам Шафиғи өзінің бір сөзінде: "Халал мен харам білімінен кейін "тибб" (медицина) ілімінен асқан білімді кездестірмедім, алайда кітап иелері (христиандар, яһудилер) бұл салада біздерден әлдеқайда алдыңғы қатарға шығып кетті", деген екен. Сондай ақ, мұсылман ғалымдары бұл ілімді төмендетіп қойғандарына өкінішпен қарай келе "білімнің үштен бірін уысымыздан шығарып алдық, әрі оны насранилер мен яһудилерге тапсырып қойдық" дегендей пікірлерімен бөліскендігін де естіп жатамыз.
Осы бір жерде мына бір нәрсеге жақсылап мән беріп қарайтын болсақ, шариғи білімдерге ие болған ғалымдарымыз заманауи білімдерінің дамуы жағынан төменгі дәрежеде екендіктеріне қайғыруда.
Демек, діни білім болсын, немесе заманауи болсын әр екісі де құнды болып саналады. Мемлекетімізде де білім алу үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Кім қайсысын игерген болса да өз саласының маманы, шебері, майталманы болғаны маңызды. Екеуі де қажеттілікті тудыратын әрі берекесі мол таусылмас қазына. Сол үшін де білім иелерін әркез құрметтеу басты борышымыз. Өсіріп отырған ұл-қыздарымызды білім алу жолына терең баулығанымыз жөн. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Үмбет Сабырханов
"Әлхақ" мешітінің имамы