«ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС...»

Ұстаз болу – жүректің батырлығы, жүректің жұмсақтығы, жүректің жылулығы. Шәкірт тәрбиелеп, білім нәрімен сусындату – ұстаздың тайға таңба басқандай анық мақсаты. Өмірін тұлғаны дамытуға арнайтын, жолын бағыттайтын жандардың бірі – ұстаз. Біздің де басты ұстаздық жолымыздағы өмірлік ұстанымымыз бен мақсатымыз айқын.

Барлық адам ұстаздың тәлімін алады. Адамды білімге баулумен қатар ізгілікке үндеп, тәлім-тәрбие беруде ұстаздың орны ерекше. Сондықтан ұстаз шәкірт тәрбиелеуде табанды, ыждағатты болуға тиіс. Хәкім Абайдың:

«Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға» деген өлеңі ұстаздар қауымына терең ой тастайды.

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады» деген керемет тағылымды түсінік бар. Тұлға тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұстаз әрқашан талпыныста болып, ізденісте жүруі керек.

Ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы – білім алу және іздену. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. Бізді жоқтан бар еткен Алла соңғы Елшісіне, біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді» деп, Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп түскен («Алақ» сүресі,1-5 аяттар).

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде  де  ілім  жайында  аз  айтылмаған. Тіпті, Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына ілім  алуды  өзі  бастап  үйреткендігін  тарихтан  білеміз. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білім жайлы хадисінде былай айтқан: «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз».

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл басында еліміздегі барша дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасын жолдап, 2024 жылда атқарылатын басты жұмыс бағыттарын баяндап өткен болатын. Бас мүфти Бағдарлық баяндамасында білім саласына басымдық беріп, шәкірттерге сапалы білім берудің маңыздылығына айрықша тоқталды.  

Бас мүфти дін қызметкерлеріне арнаған Бағдарлық баяндамасында: «Болашақ имамдарға сапалы білім беру – менің әрдайым басты назарымда. ХХІ ғасыр – білім мен бәсекелестік заманы. Біз дамыған өркениетті кезеңде өмір сүріп отырмыз. Сондықтан маман даярлауда санға емес сапаға жұмыс жасауымыз керек. Қазір халықтың діни білімі күн санап артып келеді. Жамағаттың Құран оқу сауаты да күн санап артуда. Тіпті, жамағат арасында Құранды көп жаттаған, тәжуид ережесіне сай дұрыс оқи алатын азаматтар қатары көбеюде. Демек, біздің имамдарымыз Құранға ерекше ден қойып, сауатты оқумен, терең білімімен, көркем мінезімен әрқашан жамағатқа үлгі болуы қажет» деп атап өтті.

Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Шымкент» медресе-колледжінің ұстаздары болашақ имамдарға сапалы білім беруде аянбай еңбек етіп келеді. Осы сәтте медресе-колледжіміздің ұжымы мен ұстаздар қауымы атынан діни оқу орнымыздың жұмысына барынша қолдау көрсетіп келе жатқан ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына ризашылық ниетімізді жеткіземіз.  

 

Талғат ӘСЕМБАЙ,

«Шымкент» медресе-колледжінің директоры