ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДӘСТҮРІНДЕ АНАНЫҢ ОРНЫ, ҚЫЗ БАЛАНЫҢ МАҢЫЗЫ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауат пен сәлем болсын!

Қазақ халқының дәстүрінде ананы құрметтеу мен қыз баланы қадірлеу – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәрбие. Ана мен қыз баланың қоғамдағы орны туралы халық ауыз әдебиетінде, дастандарда, жыр-термелерде көп айтылған. Ана мен қыз балаға қатысты айтылған сөздер олардың қадір-қасиетін көрсету мақсатында қалыптасқан. Дана халқымыз қашан да қыз баласын ерекше қадірлеген. Оны болашақ ана ретінде жоғары бағалап, төрден орын ұсынған. Сондай-ақ ұлттың болмысын қалыптастыратын қыз тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған. Содан да болар халық арасында «Қызға қырық үйден тыю» деген мәтел жиі айтылады. Шынымен де қазақ қызының тәрбиесіне отбасы мүшесі ғана емес, бүтін бір ру, ел жауапты болған.

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», – дейді халқымыз. Ұрпақ өрбітіп, келешек келбетін қалыптастыратын, ел мен елді жақындастырып, табыстыратын – жаны нәзік қыз баласы екені рас. Соны білген текті халқымыз қыздың тәлім-тәрбиесін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын баса назарда ұстаған.

Ал асыл дінімізде перзент – өмірдегі үлкен нығмет. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

لِلَّهِ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ يَخْلُقُ مَا يَشَاءُ يَهَبُ لِمَنْ يَشَاءُ إِنَاثًا وَيَهَبُ لِمَنْ يَشَاءُ الذُّكُورَ. أَوْ يُزَوِّجُهُمْ ذُكْرَانًا وَإِنَاثًا وَيَجْعَلُ مَنْ يَشَاءُ عَقِيمًا إِنَّهُ عَلِيمٌ قَدِيرٌ

«Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігі – бір Аллаға тән! Ол қалағанын жаратады. Ол қалағанына қыз сыйлайды, қалағанына ұл сыйлайды. Яки қалағанына ұл мен қызды бірге береді. Сондай-ақ, қалағанын бедеу етеді. Шүбәсіз, Ол бәрін білуші, бәріне толық құдіретті», – деген («Шура» сүресі, 49-50 аяттар).

Ұрпақ – Алланың пендесіне берген аманаты. Ұрпақтың бойына имандылық қасиетті сіңіріп, ұлттық тәрбие беру – әрбір ата-ананың үлкен борышы. Біз бүгінгі жұма уағызында халқымыздың тәрбиесінде қыз баланың және ананың орны мен ерекшелігі туралы айтпақпыз.

 

Бірінші: қыз – ата-анасын қорғаушы

Кез келген қоғамның келешегі, ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Оларға Алланы танытып, діні мен дәстүрін, дүниетанымын үйретіп, дұрыс тәрбие беру – ата-ананың міндеті. Дана халқымыз: «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, ұлыңа, халқыңды тәрбиелеймін десең, қызыңа тәлім бер», – деген.

Қазақы дәстүрде қыз баланың бойына қарапайымдылық, сыпайылық, биязылық, инабаттылық, ұяңдық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, имандылық сынды қасиеттерді сіңіріп өсірген. Тарихқа зер салсақ, Домалақ ана, Айша Бибі, Зере әже секілді аналарымыз нағыз қазақ әйелінің үлгісі болған. Халқымызда бала тәрбиесін құрсақтан бастаған. Ұлы Абайдың тәрбие жолын көрсеткен данагөй әжесі Зерені, анасы Ұлжанды қалай ұмытамыз? 

Ислам діні қашан да қыз баласына құрметпен қараған. Отбасында және қоғамда оның орнын баяндаған. Тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: 

مَن كَانَ لَهُ ثَلَاثُ بَنَاتٍ فَصَبَرَ عَلَيهِنَّ وَ أَطْعَمَهُنَّ وَ سَقَاهُنَّ وَ كَسَاهُنَّ مِن جِدَتِهِ كُنَّ لَهُ حِجَابًا مِنَ النَّارِ يومَ القِيَامَةِ

«Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп, ішкізіп-жегізсе, олар сол (қыздарын тәрбиелеп өсіргені) үшін қиямет күні тозақ отынан қалқан болады», – деген (ибн Мәжә).

Отбасында қыздың тәрбиесіне мән беру – аса маңызды. Қыз баланың абыройы мен арын, өзіне сай сымбаты мен сырын сақтап, қырық үйден тыйып тәрбиелеу – әрбір ата-ана үшін оңай болмаса да, оның жақсылығы мен өзіндік сауабы бар. 

Қыз бала – үйдің бояуы. Қыз баланы тәрбиелеу – бір адамды емес, бәлкім бір халықты тәрбиелеумен тең. Өйткені салиқалы қыз ғана ұлт болашағын баянды ете алады. Ал қыз бала мен әке арасындағы қарым-қатынаста нәзіктік символ бар екені сөзсіз. Қыз бала жат-жұрттық болған соң, барынша адамгершілік пен имандылықты бойына сіңіруге тырысу қажет. Қыздың жаны нәзік, ол әрдайым мейірімге мұқтаж. Ғалымдарымыз қыз баланы әрқашанда бірінші болып еркелетіп, мейірім шуағын шашуды Алла Тағала жақсы көретін ұнамды іс екендігін баян еткен.

Ғалым ибн Адий (Алла оны рақымына алсын): «Базардан жеміс-жидек алып үйіне әкелген адам садақа сауабын алады. Әкелген жемісті ұл балаларынан бұрын қыз балаларына берсін! Әйелдерді, қыздарды қуантқан адам оңашада Алладан қорқып жылаған адамдардың сауабын алады. Ал Алладан қорқып жылағандардың тәні тозаққа харам болады», – деген.

Демек, қыз бала – ата-анасының жәннаты, тозақ отына қалқан. Ислам бізге оның мәртебесін осылайша баяндайды. Сондықтан үйімізге қыз келсе, ол үшін қуанып, Аллаға мадақ айтуымыз керек.

Қыз – жайқалған гүл. Қалай баптасақ, солай өседі. Ата-ана қыздың бойына ұят, ар-намыс, инабат, адамгершілік сынды тәрбие егетін болса, соған орай жемісін береді. Сондықтан халқымыз қыз баласын арым, ұятым деп қадірлеген. Қызды қырық үйден тыйым жасап, қадағалаған.

 

Екінші: әйел – күйеуінің қамқоршысы

Хира үңгірінде отырған Мұхаммед Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жебірейіл періште келіп, оған алғаш Құранның бес аятын «оқы» деген болатын. Сонда Пайғамбарымыз «Мен оқи алмаймын» деді. Содан соң періште Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше мәрте қатты қысып, тағы да «оқы» дейді. Содан кейін барып Пайғамбарымыз періштенің оқыған аяттарын қайталап оқиды. Бұл жағдайға душар болған Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асыға, бойына қорқыныш билеген бойда үйіне қарай жүгіріп, жұбайы Хадишаға (Алла оған разы болсын) «Мені ораңдаршы, бүркеңдерші», – дейді.

Кейінірек Пайғамбарымыз болған жайтты жұбайы Хадишаға айтып береді. Сонда Хадиша анамыз оның пайғамбарлығына иман келтірген ең бірінші адам болады. Дана бабаларымыз: «Әр алыптың артында, дана әйел тұрады» демекші, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасынан табылып, айтқанын мақұлдап, оның пайғамбарлығын қабылдайды.

Әрине, әйел – ер адамның көз қуанышы, ол жоқ кезде ары мен малын сақтаушысы. Алла Тағала Құран Кәрімде әйелдерге байланысты, ер кісілерге былай дейді: 

 ...وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ...

«... жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар ...» («Ниса» сүресі, 19-аят). Осы аятта Алла Тағала ер кісілерге әйелдерге жұмсақ, оларға көркем түрде мәміле жасауды бұйырады.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

الدُّنْيَا مَتَاعٌ، وَخَيْرُ مَتَاعِ الدُّنْيَا المَرْأَةُ الصَّالِحَةُ

«Бұл дүние – өткінші бір ләззәт ғана. Ал дүниедегі өткінші ләззаттың ең қайырлысы – салиқалы әйел», – деген (имам Мүслим).

Имам Құртуби бұл хадиске қатысты былай дейді: «Мұндай әйел өзіне және дініне қатысты әрдайым салиқалылықты, жақсылықты ұстанады. Ал осындай сыйпатқа ие әйел күйеуінің де жағдайын жақсартады».

Әйел заты ерінің көмекшісі, қолдаушысы, отбасының ұйытқысы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Менің үмметімнің ең жақсы әйелдері, күйеулеріне сәлемі түзу (яғни, бойсұнушы) және қанағатшылдары», – деген.

Бір күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп былай дейді: «Уа, Алланың Елшісі! Менің әйелім мен үйге кірген уақытта: «Қош келдің! Менің әрі осы шаңырақтың қожайыны», – дейді. Мұңайғанымды көрсе: «Бұл өмір сені мұңайтпасын, саған арғы дүние жеткілікті болады», – дейді. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оған айтып бар! Ол Алланың қызметшілерінің бірі, әрі оған Алла жолында күресушіге берілетін сый-сияпаттың жартысы жазылады», – дейді.

Әйел күйеуінің қамқоршысы, иманының жартысы. Яғни, сауап істердің қасында әйелі жүреді деген сөз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Түннің бір жартысында тахажжуд намазын оқуға тұрып әрі күйеуін оятып, екеуі бірге намаз оқыған әйел және күйеуін оятқанда тұрмағандығы себепті бетіне су сепкен әйел Алланың қамқорлығында болады», – деген (Әбу Дәуід).

 

Үшінші: жәннат ананың табанының астында

Ана сөзінің өзінде қаншама тұнып тұрған терең көл, сарқырап ағып жатқан қиырсыз өзен, қалың ағашты ну орман жатыр десеңші?! Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, көңіліңді босатып жібереді. Ана – адам баласына берген Алланың асыл пендесі. Жеті әлемнің жылылығын, төрткүл дүние төрт бұрышының кеңдігін бір ғана жұдырықтай жүрегіне сыйғыза білген де –Ана. Бұл қымбатты жанды Алла Тағаланың Өзі аяттарда дәріптеген. Демек оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау перзентке жүктелген. Сондықтан да Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды, Өзіне құлшылық жасаудан кейiн бұйырған. Алла Тағала Құран Кәрімде: 

وَقَضَى رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِنْدَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُلْ لَهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُلْ لَهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا. وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُلْ رَبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرًا

«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, оларға «Туу!» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Олардың алдында мейірімді бол! Һәм олар үшін: «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр» деп айт» деген («Исра» сүресі, 23-24-аяттар).

Ананың балаға деген мейірімі, махаббаты теңіздей терең, аспандай биік, оттай ыстық, күннің нұрындай шуақты. Ана баласы үшін бәріне де дайын, тіпті отқа да, суға да түсе алатын жалғыз жан. Айша (Алла оған разы болсын) мына бір оқиғаны жеткізеді:

جَاءَتْنِي مِسْكِينَةٌ تَحْمِلُ ابْنَتَيْنِ لَهَا، فَأَطْعَمْتُهَا ثَلاثَ تَمْرَاتٍ، فَأَعْطَتْ كُلَّ وَاحدَةٍ مِنْهُمَا تَمْرَةً، وَرَفَعَتْ إِلى فِيها تَمْرَةً لِتَأكُلَهَا، فَاسْتَطعَمَتهَا ابْنَتَاهَا، فَشَقَّت التَّمْرَةَ الَّتي كَانَتْ تُريدُ أَنْ تأْكُلَهَا بَيْنَهُمَا، فأَعْجَبَنِي شَأْنُها، فَذَكرْتُ الَّذي صَنَعَتْ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: إِنَّ اللَّه قَدْ أَوْجَبَ لَهَا بِهَا الجَنَّةَ، أَو أَعْتَقَهَا بِهَا مِن النَّارِ

«Бір күні маған пақыр, кедей әйел екі қызымен келіп, тамақтандыруын өтінді. Мен олардың әрбіріне бір құрмадан бердім. Әйел өзіне тиесілі құрманы аузына сала бергенде балалары құрма берші деді. Құрманы өзі жеместен екіге бөліп, қыздарына берді. Мен әлгі әйелдің ісіне таңқалдым, мен оны Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айттым. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, сол әйелдің істеген жақсы ісі үшін Алла оны жәннатқа кіргізіп, тозақ отынан аман сақтайды», – деді (имам Мүслим)

 

Қисса

Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) анасын мойнына салып, Қағбаны тауап етіп жүрген бір кісіні көреді. Сонда әлгі кісі: «Уа, Омардың ұлы! Не айтасың? Мен осы қызметіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе?» – деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Жоқ. Сені босанарда қысқан толғағының біреуін де өтемедің. Алайда үлкен ізгі іс жасадың. Алла қаласа, аз ісіңе көп сауап жазылар», – деп жауап берген екен. 

          

Құрметті жамағат!

Қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетінде ана мен қыз баланың орны қашан да ерекше. Олардың қоғамдағы рөлі тек отбасымен ғана шектелмейді, ұлттық болмыс, ұрпақ тәрбиесі, дәстүр мен салттың сақталуы тұрғысынан да маңызды. Қазақ халқының өмір сүру салтында ананың, қыз баланың мәртебесі биік, олар ұлттың болашағы мен мәдени мұрасының негізін қалаушы тұлғалар ретінде қарастырылады. Ананың орны мен қыз баланың маңызы өте жоғары. Ана – отбасының ұйытқысы, ал қыз бала – ұлттың болашағын сақтаушы әрі дамытушы жан. Бұл тұрғыда әрбір қазақ отбасы ана мен қыз баланы құрметтеп, олардың қоғамдағы рөлін жоғары бағалайды. Қоғамның рухани дамуы мен болашақ ұрпақтың тәрбиесі үшін халқымыз ана мен қыз баланың рөлін ешқашан төмендетпей, қайта оларды құрмет тұтып келеді.

Алла Елшісі (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын):

مَنْ كَانَ لَهُ ثَلَاثُ بَنَاتٍ، يُؤْوِيهِنَّ، وَيَكْفِيهِنَّ، وَيَرْحَمُهُنَّ، فَقَدْ وَجَبَتْ لَهُ الْجَنَّةُ الْبَتَّةَ، فَقَالَ رَجُلٌ مِنْ بَعْضِ الْقَوْمِ :وَثِنْتَيْنِ، يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: وَثِنْتَيْنِ

«Кімде-кім үш қыздың әкесі болса, сондай-ақ оларға мейірімділік көрсетіп, қамқорлық жасаса, аялап өсіріп, тұрмысқа берсе, ол кісіге жәннатқа кіру міндет болып қалады. Пайғамбарымыздан: «Егер оның екі қызы болса қалай болады?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі қызы болса да», – деген (имам Ахмад).

Алла Тағала біздерге салиқалы ұрпақ нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі