Дұға - құлшылық

Алла Тағала адамзат баласын жаратқаннан бері өзіне құлшылық жасау үшін жаратты. Ол туралы Құран Кәрімде: "Мен адам баласы мен жындарды өзіме тек құлшылық  жасасын деп жараттым", - деп негізгі жаратылу мақсатымызды айқындап берген. Абай атамыздың: "Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз", - дегені Алланың міндеттегеніне шақыру және шариғатты терең меңгергенінің белгісі. Ал осы құлшылықтың негізгі құралы, мәйегі, негізгі принциптері дұға жасау, күнәларымызға кешірім сұрау, құлшылығымыздың  қабыл болуын сұраудан тұратыны баршамызға белгілі.

Пайғамбарымыз хадистерінде әрбір парыз амалдарынан кейін, яғни ізгі амалдардан соң дұғалар қабыл болатындығын атап өткен. Демек құлшылықтың өзі дұғадан тұратындығы, мысалы, намаз оқығанда оқылатын негізгі сүре "Фатиха" сүресі. Осы сүреде тура жолды сұрау, адасқандар мен Алланың ашуына ұшырағандардың қатарында болмауымызды сұрау. Бұлардың баршасы дұға жасау, Алладан шынайы мінәжат етіп, шын ықыласпен сұраудан тұрады екен. Сол себепті дұғаның құлшылық деп айтылуының негізгі себебі осы болса керек. Алла Тағаланың адам баласына бергені өте көп. Құранда: "Алла Тағаланың берген нығметтерін санасаңдар шегіне жете алмайсыңдар", - деп дұғаға да берген үлкен нығметі бар. Өйткені дұға жасаған адамның ниеті жоқ болып кетпейді, ол үш жағдайға ұшырайды.

Біріншісі, сұрағаны бірден беріліп, қабыл болады.

Екіншісі, дұғасы келе жатқан қиындыққа тосқауыл болады.

Үшіншісі, қиын-қыстау қиямет күнінде, сауапқа мұқтаж болып тұрғанда алдымыздан сауап болып келеді. Бұл Алла Тағаланың бізге берген рақымы мен нығметі болмағанда не енді?!

Мән беретін бір жәйт, көп мұсылмандардың жіберетін қателігі әрбір істің жалпы хайырын сұрау керек. Мысалы, бір үй сатып алғысы келген адам: "Мына үйді хайырлы қылып нәсіп ете гөр" дегеннен гөрі хайырлы үй нәсіп ет дегені әлде қайда дұрысырақ. Бізге қай үй немесе көлік, жар және т.б. хайырлы екендігі, нәсіп болатындығы Аллаға аян. Ол деген сөз қалаған нәрсені сұрауға болмайды дегенді білдірмейді. Тек сол нәрсені немесе маған дұрыс болғанын сұрау керектігі айтылуда.

Дәурен Құттыбаев

Аудандық «Бәйдібек» мешітінің бас имамы