Ұлағатты ұлт ағартушысы Ыбырай Алтынсарин бабамыз өзінің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегінде: «Мужтаһид ғұламалар арасындағы ұлықтары төртеу: имам Ағзам, имам Мәлік, имам Шафиғи, имам Ахмад ибн Ханбал. Бұл төртеуі шариғат мәнісін толық тексеріп, халыққа түсіндіріп берді. Біз ол төрт имамның ішінде имам Ағзам мәзһабында боламыз, яғни имам Ағзамның үйреткен шариғаты бойынша іс етеміз», – деп жазған екен.
Мұндағы Имам Ағзам деп отырғаны – Әбу Ханифа мәзһабының негізін қалаушы атақты табиғин ғалым Нұғман ибн Сәбит (Алла оны рақымына алсын). Көпке Әбу Ханифа есімімен танымал ғалымның әкесі Сәбиттің үйленгенге дейінгі оқиғасын, ғалымның балалық шағындағы зеректігі халыққа ғибрат ретінде имамдарымыздың уағыздарында жиі айтылып жүр. Имам Ағзам Әбу Ханифа әуелі кәләм, яғни, ақида ілімімен айналысып, үлкен мәртебеге ие болған. Адасқан топтармен пікір таластырып, олардың қателескен тұстарын дәлелдеген. Ғалымның «Фиқһ әл-әкбар», «Фиқһ әл-әбсат», «Әл-ғалим уәл-мутағаллим», «Әл-уасия» сынды еңбектері қалған.
Кейіннен Имам Әбу Ханифа фиқһ саласына ауысты. Ал Имам Матуриди өз заманында имам Әбу Ханифаның қалаған негіздеріне сүйеніп, ақида ілімінің ары қарай дамуына үлкен үлес қосты. Имам
Әбу Ханифа дүниеден өткеннен кейін оның өмір сүрген дәуірінде болмаған кейбір адасқан топтар шығып, мұсылман жамағаты арасында өздерінің жалған пікірлерін таратты. Осы уақытта Имам Әбу
Мансур Матуриди Имам Әбу Ханифаның ақида саласында ұстанған негізін басшылыққа ала отырып, өз еңбектерінде жалған топтардың қателіктерін айтып, адасқан тұстарын дәлелдеген. Әлемдегі Ханафи мәзһабын ұстаушылар фиқһ саласында Имам Ағзам Әбу Ханифаға, ал ақидада имам Имам Матуридиге сүйенетіні осыдан.
Алла Тағала ерекше зейін мен сарқылмас білім нәсіп еткен Имам Ағзам және оның шәкірттері салған сара жол, яғни Әбу Ханифа мәзһабы толықтай Құран мен сүннетке негізделген. Ел арасында діни алауыздықты өршітіп, «Құран мен сүннетке сүйенесің бе, әлде мәзһабпен жүресің бе?» деп асыл дініміз жайлы енді ғана біліп келе жатқан жандарды әрі-сәрі күйге түсірушілер азаймай тұр. Бұл ретте діни сұрақтарды көрінген көк аттыдан емес, елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттерде имамдарымыздан сұрап, білікті ұстаздардан білім алуға шақырамыз.
Жоғарыда Ыбырай атамыздың сөзінде айтылғандай қазіргі таңда әһлі-сүннет жолын ұстанған Ислам әлемі мойындайтын төрт мәзһаб бар. Соның ішінде бабаларымыз Ислам дінін қабылдаған кезеңнен бастап қазақ даласында күні бүгінге дейін мұсылмандар Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып келеді. Маңыздысы, мәзһабты бөліну деп емес, әркім «өзім білемге» салынбай, Құран мен сүннетті өзінің түсінуімен, яғни шариғат амалдарына өз бетінше амал етпес үшін бір жолды ұстану деп ұғынған жөн. Ал мұсылман жамағатының бірлікте болуына бір мәзһабты ұстануы ерекше ықпал етеді.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103- аят) деп мұсылмандарды бөлінуден сақтанып, бірлікке шақырады. Бұл ретте мұсылмандарға «Мәзһабпен жүресің бе, әлде Құран және сүннетпен жүресің бе?» деген құйтырғы сұрақ қою әсте дұрыс емес. Мысырлық ғалым Мұхаммад Ғазали (1917-1996) бір сөзінде: «Менен бір адам «Пайғамбарымызға ересің бе, әлде Әбу Ханифаға ересің бе?» – деп сұраған кезде, оның сұрағына еріксіз күліп былай деуші едім: «Пайғамбарымыздың сөзіне Әбу Ханифаның түсіндіргені бойынша еремін. Әбу Ханифаның қадірлі болуы өзінің жеке басынан туындаған нәрсе емес. Тек оның айналысқан діни ғылымына және Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі
болсын) қалдырған жолмен жүруіне ғана байланысты», – деген екен. Демек, мәзһабтарды қалыптастырған мүжтаһид ғалымдардың бір де біреуі ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолынан айнымаған.
Құран Кәрім мен хадистердің ішінде ауыспалы мағынадағы, сондай-ақ қандай жағдайға байланысты уахи етіліп немесе айтылғанын анықтау қажет мәтіндер бар. Яғни, Құран аятын оқи сала сөзбе-сөз түсіну үшін үлкен білім керек. Бұған қатысты Хақ Тағала «Нахыл» сүресінің 43-аятында: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» деп бұйырған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір сүрген заманға жақын уақытта ғұмыр кешкен Әбу Ханифа сынды мүжтаһид ғалымдардың діни біліміне, зерттеу-тұжырымдарына әрбір қарапайым мұсылман мұқтаж екені айдан анық. Оның үстіне нақты ғылымдарда, мәселен, математика саласында есепті шығару үшін белгілі бір формулаларға сүйенетіні мәлім. Ал қолданыстағы формулалардың
пайда болғанына көп ғасыр өткен, яғни оларды бұрынғы ғалымдар ойлап тапқан. Енді ол формулаларды қолданбаймын деген адам жаңасын ойлап табуы қажет болады. Сол секілді қазіргі уақытта ел мұсылмандарын сан ғасырдан бері бірлікте ұстап, ынтымаққа ұйытып келе жатқан Әбу Ханифа мәзһабынан бас тартып, «жаңалық ашудың» қажеті шамалы.
Мемлекет басшысы, қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Біз
бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет» деп ерекше атап өткен болатын. Президент дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашқанын, сондай-ақ біздің даламызда өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал еткенін де еске салған болатын.
35 жылдық тарихы бар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да Әбу Ханифа мәзһабын ұдайы насихаттап келеді. ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі заманға сай пәтуаларды шығаруда, сонымен қатар Шариғат және пәтуа бөлімі жамағаттың діни сауалдарына жауап беруде міндетті түрде Ханафи мәзһабына сүйенеді.
Қазіргі таңда ашық дереккөздерде Ханафи мәзһабын ұстанушы мұсылмандардың саны 750 миллионнан асатыны және олар әлемнің 197 мемлекетінде өмір сүріп жатқаны айтылып жүр. Мұсылман әлемінің тең жартысын қамтыған бұл мәзһаб қазақ халқына кеше келген таңсық ілім емес. Бұған дейін айтқанымыздай, парасат-пайымға негізделген Әбу Ханифа мәзһабын ата-бабаларымыз да ұстанып ғұмыр кешті. Халқымыз қандай қиын кезеңдерді бастан өткерсе де, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз да бабалар ұстанған жолмен біте-қайнасып, бүгінгі күнге аман-есен жетіп отыр. Миллиардтаған адам арасындағы аз ғана елімізді жік-жікке бөлмей, бір мәзһабты ұстанғанымыз абзал. Өйткені, бөліну қоғамды бұзады, адамдарды бір-біріне жеккөрінішті етеді.
Имам Бұхари мен Мүслимнен жеткен хадисте Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе көреалмаушылық қылмаңдар, бір-біріңнен теріс айналмаңдар! Уа, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар!» – деп үмбетін бауырмалдыққа, ынтымақ-бірлікке шақырғанын естен шығармайық. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» демекші, дәл қазір дін мен дәстүрге, сенім мен ғұрыпқа түрлі шабуыл жасалып жатқан дәуірде екенімізді ұмытпай, ұлылардан аманат болып қалған мұсылманшылық мектебімізге берік болайық. Қасиетті Құран Кәрімдегі «Міне барлығың сенімі ортақ бір үмбетсіңдер. Ал Мен Раббыларыңмын. Ендеше Маған ғана құлшылық етіңдер» («Әнбия» сүресі, 92-аят) деген аятты басшылыққа алып, ұлт пен үмбеттің қамына жұмыс істейік.
Алла Тағала халқымызды діни алауыздықтан сақтап, ырыс-ынтымағымызды, береке-бірлігімізді ұзағынан еткей. Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти