УӘДЕГЕ БЕРІКТІК

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Адамның шынайы болмысы айтқан сөзі мен берген уәдесінде танылады. Уәде – ардың ісі, жүректің үні, жауапкершіліктің айнасы. Уәдеге беріктік тұлғалық тұтастықтың көрінісі. Хакім Абайдың «Асыл адам айнымас, бір бетінен қайрылмас» деген сөзінің де маңыздылығы осында болса керек. Қазақ халқы «Айтылған сөз – атылған оқпен тең» деп, әрбір айтылған сөз және уәдені бұлжымас міндетпен теңестірген. Өйткені уәде – сенім мен сыйластықтың алтын көпірі. Ол бұзылған жерде адамгершілік құндылықтар да шайқалады. Бүгінгі жаһандану дәуірінде рухани дағдарыс өршіген тұста, уәдеге берік болудың қоғам тұтастығына әсері зор екендігі даусыз. Ал осы қасиетті қайта жаңғырту – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Себебі сөзінде тұру – тек басқаның алдындағы міндетің емес, бәлкім өз-өзіңе деген құрметтің де өлшемі. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَأَوْفُوا بِالْعَهْدِ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْئُولًا

«Уәдеге берік болыңдар! Өйткені берілген уәденің сұрауы бар», – деген («Исра» сүресі, 34-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзат тарихындағы ең сенімді тұлға еді. Бірақ оның бұл қасиеті тек пайғамбар болғаннан кейін емес, әлемге Алланың Елшісі болып жіберілмей тұрып-ақ ел ішінде әйгілі болған. Мекке халқы оны «әл-Әмин» сенімді адам деп атаған. Оның сөзі де, ісі де, уәдесі де ешқашан жалған шықпаған. Сол сенімділіктің бір жарқын мысалы ретінде – Абдулла ибн Әби Хамса (Алла оған разы болсын) риуаят еткен мына бір оқиғасын келтірейік.

 

Қисса

Алла Елшісіне әлі пайғамбарлық міндет жүктелмей тұрған кез еді. Абдулла есімді жас жігіт Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сауда жасайды. Сауда-саттық аяқтала бергенде, әлдебір зат үшін борышты болып қалады. Сол кезде ол:

  • Уа, Мұхаммед! Қалғанын әкеліп беремін. Мені мына жерде күт, – деп уәде береді.

Бірақ пенде болған соң, ол уәдесін ұмытып кетеді. Бір күн өтеді... Екі күн өтеді... Үшінші күннің соңына таман есіне түседі. Абыржып, ұялған күйде уәде берген жеріне асыға барады.  Сол жерге жақындағанда, көз алдына сенер-сенбесін білмей қалады. Үш күннен бері, тапжылмай, сол орында күтіп тұрған – Алланың Елшісі еді! (ол кезде пайғамбарлық берілмеген болса да, оның жүрегі нағыз пайғамбарға тән еді).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған жұмсақ үнмен, бірақ жанға жетердей сөзбен былай дейді:

  • Уа, жас жігіт! Сен маған қиындық келтірдің. Мен осы жерде сені үш күннен бері күтіп отырмын, – деген еді.

Сөз қысқа ғана. Бірақ бұл сөздің астарында қаншама сабыр, уәдеге беріктік, адамгершілік жатыр. Бұл сөз уәдені ұмытып кету кешірімді, бірақ орындау шынайы мүміннің қасиеті екенін ұғындырады.

Бірінші: уәдеде тұрудың маңыздылығы

а. уәде – мұсылманның сипаты

Ислам адам бойындағы көркем мінез-құлықты кемелдендіру үшін келген дін. Сол көркем сипаттардың бірі уәдеге беріктік. Шынайы мұсылман сөзіне берік, уәдесіне адал адам. Өйткені бұл сипат Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезінен көрініс тапқан. Оның уәдесі мен аманаты ешқашан бұзылған емес. Сондықтан әрбір мұсылман да осы сипатпен ерекшеленуі тиіс.

 

Қисса

Хижраның алтыншы жылы мүшріктер мен мұсылмандардың арасында Худайбия келісімі болған кезде келісімге сәйкес мүшріктер тарапынан егер біреу ислам қабылдап, мұсылман болса, Мадина қаласына барып Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болуға тыйым салынған болатын. Келісім аяқталғаннан кейін Әбу Жәндал ибн Сухаил деген сахаба Меккені тастап, Мәдинаға мұсылмандарға қосылмақшы болады. Алайда әкесі Сухаил келісімнің өз күшіне енгенін айтып, баласын кері қайтарады. Сол кезде Әбу Жәндал тұрып мұсылмандарға: «Менің мүшріктерге қосылуыма жол бересіңдер ме? Мен мұсылман болып келген жоқпын ба?» дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүшріктерге берген уәдесінде тұрып: «Әбу Жәндал сабыр ет және Аллаға тәуекел жаса, сен және сенімен бірге болған әлсіздерге Алла жеңілдік һәм шығар жол береді. Біз бұл қауыммен келісімге отырдық, Алламен ант еттік, біз антымызды бұзбаймыз», – дейді.

ә. Уәде – шыншылдықтың белгісі

Уәдесінде тұру – адам бойындағы шыншылдықтың, әділеттіліктің және рухани тұтастықтың белгісі. Сөз бен іс бір жерден шыққан кезде ғана адам сенімді тұлғаға айналады. Ал уәде беріп, кейін оны орындамау – сөзіне селкеу түскен адамның ісі. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَأَوْفُوا بِعَهْدِ اللَّهِ إِذَا عَاهَدتُّمْ وَلَا تَنقُضُوا الْأَيْمَانَ بَعْدَ تَوْكِيدِهَا وَقَدْ جَعَلْتُمُ اللَّهَ عَلَيْكُمْ كَفِيلًا إِنَّ اللَّهَ يَعْلَمُ مَا تَفْعَلُونَ

«Сондай-ақ серт байласқандарыңда Алланың сертінде (яғни Алланың атымен және Оның құзырында берген серттеріңде) тұрыңдар. Алланы кепіл ете отырып байлаған әрі мықтап бекіткен анттарыңды бұзбаңдар. Шүбәсіз, Алла не істеп, нек қойып жүргендеріңді толық біледі», – деген («Нахл» сүресі, 91-аят).

 

б. уәде – сауапқа кенелудің себебі

Қоғамдық сенім – уәдеге беріктік арқылы қалыптасады. Егер адамдар бір-біріне берген уәдесінде тұрса, қоғамда әділет орнап, тыныштық пен тұрақтылық нығаяды. Қоғамда, ел арасында өзара сенімділік пайда болуы тек қана жақсылық пен татуластыққа жол ашады. Қоғамдағы сенімсіздік, күдік пен алауыздықтың алдын алады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَعَدَ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا مِنكُمْ وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ لَيَسْتَخْلِفَنَّهُمْ فِي الْأَرْضِ كَمَا اسْتَخْلَفَ الَّذِينَ مِن قَبْلِهِمْ وَلَيُمَكِّنَنَّ لَهُمْ دِينَهُمُ الَّذِي ارْتَضَى لَهُمْ

«Алла араларыңнан иман келтіріп, игі істер істегендерге, өздерінен бұрынғы шынайы мүміндерді қалай үстем еткен болса, оларды да жер бетінде үстем ететініне қатысты уәде берді. Олар үшін лайық көріп, таңдаған (Ислам) дінін міндетті түрде орнықтырады һәм оларға діндерін мықтап ұстануы үшін күш-қуат әрі көптеген мүмкіндіктер береді», – деген («Нұр» сүресі, 55-аят).

Жаратушы Жаббар иеміздің игі істерді істеушілерді үстем етемін деген уәдесі ақиқат, ал өз уәдесінде тұру қоғам тұтастығына ықпал ететіндігі айдан анық.

 

Қисса

Бір кісі Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп:

– Мына үш күнәға тұтылдым, тастай алмадым. Бұлар зина, өтірік айту және арақ, – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған біраз насихат айтып былай дейді:

– Мен үшін өтірік айтуыңды таста!

Әлгі кісі мақұл деп шығып кетеді. Бір күнә істейтін кезінде «Егер мына күнәны істейтін болсам, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұраған кезінде «Иә» десем, күнә істегенім мәлім болады, «Жоқ» десем, Пайғамбарымызға берген сөзімде тұрмаған боламын» деп уәдесін ойлады. Сөйтіп қалған екі күнәдан да бас тартады. Демек, өтірік айту барлық күнәнің басы болса, уәдеде тұру сол күнәларды тоқтатуға себеп екен.

Екінші: уәдені бұзудың зардаптары

а. екіжүзділікке жетелейді

Хадисте айтылғандай, уәдеден тайқу – мұнафықтықтың айқын белгілерінің бірі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәрифінде:

آيةُ المُنافِقِ ثلاثٌ: إذا حدَّثَ كذَبَ، وإذا وعَدَ أخلَفَ، وإذا ائْتُمِنَ خان

«Мұнафық адамның белгісі үшеу: сөйлесе өтірік айтады, уәдесінде тұрмайды, аманатқа қиянат жасайды», – деген (имам Бұхари).

Уәдеде тұрмау – екіжүзділіктің пайда болуына себеп болуы да мүмкін. Бұл Аллаға садақа беруге уәде етіп, кейін орындамаған адамдардың оқиғасынан көрінеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَمِنْهُم مَّنْ عَاهَدَ اللَّهَ لَئِنْ آتَانَا مِن فَضْلِهِ لَنَصَّدَّقَنَّ وَلَنَكُونَنَّ مِنَ الصَّالِحِينَ فَلَمَّا آتَاهُم مِّن فَضْلِهِ بَخِلُوا بِهِ وَتَوَلَّوا وَّهُم مُّعْرِضُونَ

«Араларыңда: «Егер Алла бізді шексіз шарапатына бөлеп, мол дүние-мүлік беріп жарылқаса, міндетті түрде зекет-садақа береміз әрі үнемі игілікті істер істейтін ізгі жандардың қатарынан табыламыз», – деп Аллаға уәде бергендер бар. Алайда Алла оларды шексіз шарапатына бөлеп, мол дүние-мүлік беріп етек-жеңін кеңейткенде, сараңдық қылды және (өздерінен зекет, садақа сұралғанда) көзіне де ілмей сырт айналып кете барды», – деген («Тәубе» сүресі, 75-76-аяттар).

Имам әл-Құртуби өзінің тәпсірінде Қатаданың: «Бұл – ансарлық (Мәдиналық сахабалардан) бір кісі еді. Ол: «Егер Алла маған ризық берсе, міндетті түрде оның ақысын (яғни зекетін) беремін әрі садақа таратамын», – деді. Бірақ Алла оған бергенде, ол сараңдық жасап, уәдесінде тұрмады. Сондықтан өтіріктен сақтаныңдар, өйткені өтірік адамды бұзақылыққа (ашық күнәға) жетелейді», – деп айтқан сөзін келтіреді.

ә. Адамның абыройына кері әсер етеді:

Уәдені орындамау адамдардың сенімінен айырылып, жақсы атының бұзылуына әкеп соғады. Бұл – кез келген адам үшін ұят жағдай. Мұсылман адамға уәдесіне берік болу – міндет. Оған керісінше өтірік айту – жат.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәрифінде:

إنَّ الصِّدقَ يَهدي إلى البِرِّ وإنَّ البِرَّ يَهدي إلى الجنَّةِ وإنَّ الرَّجلَ ليصدقُ ويتحرَّى الصِّدقَ حتَّى يُكتبَ عندَ اللَّهِ صدِّيقًا وإنَّ الكذبَ يَهدي إلى الفجورِ وإنَّ الفجورَ يَهدي إلى النَّارِ وإنَّ الرَّجُلَ ليَكذِبُ ويتحرَّى الكذِبَ حتَّى يُكتَبَ عندَ اللَّهِ كذَّابًا

«Шынында, шындық жақсылыққа бастайды, ал жақсылық жәннатқа бастайды. Бір адам (үнемі) шындық айтса, Алланың алдында шыншыл деп жазылады. Ал өтірік жамандыққа бастайды, ал жамандық тозаққа бастайды. Бір адам (үнемі) өтірік  айтса,  Алланың алдында өтірікші деп жазылады», – деген (имам Бұхари).

Бұл хадис – тек бір ескерту ғана емес, өмірлік ұстаным болуы тиіс. Өйткені шыншылдық – адам мінезінің, тұлғалық қадірінің тірегі. Ақиқатты ту еткен жан әрдайым Алланың назарында, халықтың құрметінде болады.

 

Құрметті жамағат!

Уәде – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Ол – рухтың тазалығы мен иманның беріктігінен туындайтын ұстаным әрі мінез. Уәдеде тұру – сөздің, істің, жүректің бір арнада тоғысуы. Ал уәдесін орындамау – сенім мен абыройдан айырылу.

Уәдеге берік адам Алланың алдында да, адамдардың алдында да абыройлы болады. Ондай жанның сөзіне жұрт сүйенеді, ісіне ел сенеді. Өйткені уәдесінде тұрған адамның бойында имандылық та, әділдік те, парасаттылық та болары анық.

Сондықтан уәдені орындау – әдептілік, сауапты істердің бір көрінісі. Өйткені уәдеге адалдық – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сара әрі дара жолы.

Бүгінгі қоғамда уәдеге беріктік әрбір адамның ұстанымына айналуы тиіс. Біз уәдемізге берік болсақ – отбасымыз берекелі, қоғамымыз тұтас, еліміз еңселі болады.

Қазақтың дана сөзімен айтсақ: «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені», «Екі сөйлеу – ерге сын», демекші, сөзіміз салмақты, уәдеміз берік болғай! Алла еліміздің абыройын әрдайым асқақ еткей!