ОТБАСЫ – ТӘРБИЕ ҰЯСЫ

Отбасы - сыйластық пен жарастық орнаған үлгілі орта. Отбасы –адамгершілік үстемдік құрған қоғамның азаматын тәрбиелейтін мемлекеттің негізгі буыны. Отбасы - болашақ ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыратын мектеп. Ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынас, сондай-ақ бірін-бірі түсініп, адал жар болып өмір сүру – ислам дініндегі басты құндылықтардың бірі.

Алла Тағаланың разылығын мақсат тұтып үйленген жұптың отбасылық өмірі терең мәнге ие. Неке қиылғаннан бастап  ер азаматқа отбасылық ал жас келінге әйелдік міндеттер жүктеледі. Құранда Алла Тағала ер кісінің отбасыға басшы екенін айтқан. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Ер адам жанұясына жауапты  және жанұясы үшін сұралады», - деген. Ол отбасын адал ризықпен асырауы тиіс. Бұл әйелдің, бала-шағаның ақысы. Сүйікті жұбайына жұмсақ мінез танытып, әрдайым көркем мәміледе болуға тиіс. Құдыретті Алланың ер адамға тапсырған аманаты болғандықтан сол аманатқа қиянат жасауына болмайды. Бала тәрбиесінде жұбайына жәрдем беріп, отбасына пайдалы білім үйреткені жөн. Жанұясын діни тұрғыда тәрбиелеп, жақсы мінез құлыққа үгіттеп, олардың құлшылықты орындағандарын бақылап, кемшіліктерін түзетіп отыруы тиіс. Отбасының бақытты болуын қамтамасыз ету ер адамның жанұя алдындағы міндеті.

Енді мұсылман әйелдің күйеуі алдындағы міндеттеріне тоқталсақ, әйел адам күйеуінің көңілін тауып, шаңырақ иесінің абыройын сақтап, намысын қорғауы, күйеуінің сырын сақтауы керек. Отбасының берекесі, ұйытқысы болуы керек, жұбайының тапқанын ысырап етпей орнымен жұмсау әрі иман жүзді ұрпақ тәрбиелеу міндеті жүктелген. Хадисте: «Әйел үйінің және балаларының бақтасышы, сондай-ақ, сол үшін жауапты», - делінген. Қысқаша айтқанда, күйеуін риза етуге тырысқан әйел пейішке барады.

Ал енді баланың ата-анасының алдындағы міндеттері туралы айтатын болсақ, Жаратушымыз Құран Кәрімде Аллаға құлылық етуді және ата-анаға мейірімді болуды, құрметтеуді, оларға жұмсақ сөйлеуді бұйрық еткен. Ата-ананың барлығына шүкіршілік етіп, олар қанша жерден жаман болса да, оларға кешірімділік жасап, көркем мінез таныту ұрпақтың ата-ананың алдындағы міндеті болып табылады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Әке-шешесі қолында қартайып, жаннатқа кіре алмағанның жағдайы қандай өкінішті» - деген. Негізінде Алла тағала бізді жаннатқа лайық қылу үшін, дүниеде шексіз мүмкіндіктер сыйлаған. Бұл Алланың мейірімділігін көрсетеді. Солардың бірі – әке-шешеге деген құрмет.

 Сөз соңында айтпағымыз, әрбір ата-ана ұл-қыздарының жастайынан үйлену, тұрмыс құру және  жанұядағы ер адамның, әйел адамның рөлдері және олардың жауапкершілігі туралы айтып отыруы міндет. Отбасылық бақытқа жету үшін махаббатпен бірге ерлі-зайыптылардың өзара келісімі, кешірімділігі бір-біріне жанашырлық танытуы, сенім артуы сияқты ізгі қасиеттердің маңызы үлкен екенін жеткізу қажет. Негізі барлық ізгі қасиеттердің бастауы иманнан. Өйткені, иманды үйде бауырмашылдық, қанағатшылдық, сабырлылық, ұстамдылық сияқты ізгі қасиеттер болады.

Жамбыл облысы Байзақ ауданы

Сарыбарақ ауылы «Темірбек баба» мешітінің имамы

Мыңбаев Жасұлан Сабырұлы