الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Жастық шақ – адам ғұмырының ең асыл, ең ардақты кезеңі. Бұл жүректің жалынға толы, ойдың өткір, рухтың сергек, арманның биік уақыты. Абай атамыз өзінің өлеңінде:
Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ
Уайым аз, үміт көп,
Ет ауырмас бейнетке.
Бүгін-ертең жетем деп,
Көңілге алған дәулетке – деп, жастықтың жалын мен жігерге толы уақыт екенін шағын әрі терең бейнелеген. Хакім Абай жастықты үміт пен арманның, талап пен табандылықтың тоғысқан кезеңі ретінде сипаттайды. Бұл шумақтар адамды өмірдің ең игі сәтін қадірлеуге, мақсат жолында қажымай еңбек етуге шақырады. Жастық шақта уайымға берілмей, ертеңге сеніп, биік мұратқа ұмтылу керектігін тілге тиек еткен. Себебі жастық – қажымас қайраттың және таудай талаптың уақыты, ең бастысы өмірлік дара жолдың қалыптасу шағы.
Дініміз ислам жастықтың қадірін ерекше бағалайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
سَبْعَةٌ يُظِلُّهُمُ اللَّهُ يَومَ القِيَامَةِ في ظِلِّهِ، يَومَ لا ظِلَّ إِلَّا ظِلُّهُ: ...وَشَابٌّ نَشَأَ في عِبَادَةِ اللَّهِ...
«Қиямет күні Алла жеті топ адам ешқандай көлеңке болмаған кезде, Аршысының көлеңкесінде паналатады, (соның бірі) – жастық шағын Аллаға құлшылық етумен өткізген жас ...» (имам Бұхари), – деп жастық шақта рухани берік болу керек екендігін атап өтеді.
Жастық шақ – өмірдің көктемі. Көктемде егілген дән ғана күзде өнімін береді. Сол себепті ислам тәрбиесі де жас буынды рухани кемелдікке бастайтын уақыт ретінде қарастырады.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اِغْتَنِمْ خَمْسًا قَبْلَ خَمْسٍ: شَبَابَكَ قَبْلَ هَرَمِكَ، وَصِحَّتَكَ قَبْلَ سَقَمِكَ، وَغِنَاكَ قَبْلَ فَقْرِكَ، وَفَرَاغَكَ قَبْلَ شُغْلِكَ، وَحَيَاتَكَ قَبْلَ مَوْتِكَ.
«Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: қарттық келместен бұрын жастық шақтың, ауру келместен бұрын денсаулықтың, кедейлік келместен бұрын байлықтың, шұғылданбастан бұрын бос уақыттың және ажал келместен бұрын өмірдің қадірін біл», – деген (имам Бұхари).
Расында да жастық уақыт – адам өмірінің ең мәртебелі де мағыналы бөлігі. Неліктен? Өйткені бұл шақта адам бойында ерекше қуат, зеректік, сабыр және төзім сынды ең қажетті сипаттар тоғысады. Сондықтан да шариғат жастарға айрықша көңіл бөліп, оларды өмірлік жауапкершілік пен адамзат алдындағы міндетін атқаруға лайық етіп тәрбиелеуді бұйырған.
Бірінші: имандылық
Жастар – ұлттың болашағы, елдің ертеңі. Сондықтан оларды имандылыққа, руханиятқа тәрбиелеу әр қоғамның ең басты міндеті. Имандылық – адам бойындағы ізгілік пен әділдік, ар мен намыстың, сабыр мен қайырымдылықтың бастауы. Жастарға қамқор болу, олардың жүрегіне иман нұрын ұялату – ізгілердің жолы, салиқалы жандардың бағыты. Сол себепті де ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін әрдайым жастарды дұрыс бағытқа бастауға шақырған. Себебі иманды жас – елдің тірегі, салиқалы, дұрыс қоғамның негізі. Ал тәрбиесіз, рухани құндылықтан ада ұрпақ – қоғамның әлсіреуіне бастайтын ең үлкен қауіп.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
اللهُ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن ضَعْفٍ ثُمَّ جَعَلَ مِن بَعْدِ ضَعْفٍ قُوَّةٍ ثُمَّ جَعَلَ مِن بَعْدِ قُوَّةٍ ضَعْفًا وَشَيْبَةً يَخْلُقُ مَا يَشَاءُ وَهُوَ الْعَلِيمُ الْقَدِيرُ
«Ол сондай Алла, сендерді әу баста әлсіз жаратты. Сосын әлсіздіктен кейін күш берді, сосын қайта күш-қуатыңды кемітіп, қартайтты. Ол қалағанын жаратады. Сондай-ақ Ол бәрін білуші, құдірет күштің иесі», – деп айтқан («Рум» сүресі, 54-аят).
Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген даналық сөз бар. Демек, имандылық тәрбиесі ең алдымен отбасы мен қоғамның ортақ ісі болуы тиіс. Имандылық тәрбиесін көріп өскен жас буын ешқашан ар-ұжданынан аттамайды, өз ұлты мен халқына адал қызмет етеді.
Жастардың тәрбиесіне, олардың жүрегін тазалыққа және ізгілікке баулуға көңіл бөлу Алланың елшілеріне тән асыл қасиет. Пайғамбарлардың өмірі мен іс-әрекеті осының айқын көрінісі болып табылады.
Құран Кәрімде Алла Тағала:
رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلَاةِ وَمِن ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاءِ
«Уа, Раббым! Мені һәм ұрпағымның арасынан намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқитындардан ете көр! Уа, Раббымыз! Дұға-тілегімді қабыл ете көр!» («Ибрахим» сүресі, 40-аят) – деп, Ибрахим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың дұғасын келтірген.
Бұл аяттар пайғамбарлардың өз ұрпағының иманы мен ізгілігі үшін үнемі дұға еткенін айқын көрсетеді. Ұрпақтың амандығы мен имандылығы үшін шын мәнінде алаңдау, оны қорғау және оларға дұрыс бағыт көрсету Пайғамбарлардың өнегесі екенін байқаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, жастарды имандылық мен ізгілікке бағыттау, пайғамбарлардан бері жалғасып келе жатқан ұлы тәрбие жолы екендігін аңғарамыз.
Екінші: ілім алу
Ислам діні адамның білім іздеп, оны өмірінде іске асыруына айрықша мән береді. Құран Кәрім түскен алғашқы сәттен-ақ Алла Тағала адамзатты білімге, танымға және ойлануға шақырды. Ардақты Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскен ең алғашқы уахи осының айғағы еді:
اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ خَلَقَ الْإِنْسَانَ مِنْ عَلَقٍ اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ . الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ عَلَّمَ الْإِنْسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ
«Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді», – деп, оқуға бұйырған («Алақ» сүресі, 1-5-аят).
Бұл аяттардан оқу, білім алу дініміздің ең басты талаптарының бірі екенін ұғынамыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің әрбір сәтінде сахабаларын оқып-білуге, білгенімен амал етіп, өзгелерді де үйретуге шақырған. Мысалы, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың сауатын арттыру үшін Бәдір соғысында қолға түскен меккелік тұтқындардың оқу-жазу білетіндеріне 10 мұсылманға оқу-жазу үйрету шартымен азаттық берген. Пайғамбар мешітінің шетінен қоныс аударып келген жағдайы жоқ сахабаларға арнайы жай әзірлеп, мешітке жинап, іліммен шұғылдануға жұмылдырған. Хадис шәріпте:
طَلَبُ العِلْمِ فَرِيْضَةٌ عَلَىْ كُلِّ مُسْلِمٍ
«Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деп, білім алудың әрбір ер және әйел мұсылманға міндет екенін айтқан (имам Ибн Мәжа).
Ата-бабаларымыз да мақал-мәтелдерде: «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп», «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл», «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», – деп білім алудың артықшылықтары жөнінде өте көп айтқан.
Адам ғұмырындағы ілім алудың ең қайырлы да, ыңғайлы уақыты осы жастық шақ екен. Қазақтың ұлы ойшылы Абай атамыздың өзі өлеңінде жастық шақта ілім алудың аса құнды екенін былайша жырлаған:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра, тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Қисса
Хижраның 96 жылы еді. Күн шуағы Мекке топырағын алтын түске бояп, қасиетті әл-Харам мешітінің маңында мыңдаған адам жиналған. Сол кезде қажылық сапарына шыққан бір жас жігіт те әкесімен бірге мешітке кірді. Жігіт бар болғаны он алты жаста еді.
Мешіттің ішінде көпшілік халық бір кісінің төңірегіне жиналып, ықыласпен тыңдап тұрды. Жас жігіт қарап, әкесінен сыбырлап сұрады:
– Әке, мына кісі кім? Неліктен жұрттың бәрі жиналып, оны тыңдап тұр?
Әкесі күлімсіреп, ілтипатпен жауап берді:
- Балам, бұл – сахаба Абдулла ибн Харис әз-Зәбиди. Ол Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзін көрген, сөзін естіген абзал жан.
Жігіттің жүрегі дүрсілдеп, жанарында ерекше нұр ойнады. Ол сол сәтте сахабаның жүзіне қарап, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ілімінен тамған даналық сәулесін сезінгендей болды.
Сахаба сабырлы үнмен сөзін жалғастырып жатты. Халық тынышталып, әр сөзге құлақ түрді. Сол кезде жас жігіт сахабаның сөзінен: «Өзін Алланың дінін түсінуге арнаған адамды Алла күтпеген жерден ризықтандырып қояды», – деген хадисті естиді.
Бұл сөз жас жүрекке өшпес із қалдырды. Жігіт сол сәтте ілім жолының қадірін терең ұғынды. Оның бойында ерекше ынта оянып, өмірін Алланың дінін үйренуге, түсінуге және өзгелерге үйретуге арнауға бекінгендей болды.
Жас баланың сол күнгі естіген хадисі оның өмірлік ұранына айналғандай болды. Бұл жігіт ұлы ғалым, мұсылман үмбетінің Темірқазығындай жарқыраған Нұғман ибн Сәбит имам Ағзам Әбу Ханифа болатын.
Үшінші: биік мақсат қою
Мақсат қою – тек белестерді бағындыру емес. Бұл ниетімізді таза ұстау, барынша ізгілікке ұмтылу және Аллаға тәуекел ету деген сөз. Мұндай рухани негізді қалыптастырған кезде, қарапайым жетістіктеріміз де терең мәнге ие болып, салиқалы, сауапты іске айналады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәрифінде:
إنَّما الأَعْمَالُ بِالنِّيَّات، وَإِنَّمَا لِكُلِّ اِمرئٍ مَا نَوَى...
«Әрбір іс-әрекет ниетке байланысты. Кімде-кім не нәрсеге ниет етсе, соның қарымтасын алады», – деген (имам Бұхари).
Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев өзінің өлеңінде қажырлы да қайратты жастарға сенетіндігін:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн! – деп жырлаған болатын.
Ислам осындай асыл қасиетке үндейді. Кім биік мұратқа ұмтылса, оған қиыншылық жеңіл көрінеді. Өйткені машақат пен сынақ болмаса, барша адам ұлы дәрежеге жете берер еді.
Алла Тағала ардақты Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сабыр етуге және ұлы жігер иелері болған пайғамбарларға ілесуге бұйырды. Себебі олар Алла жолындағы міндетін табандылықпен атқарды, сенімдері кәміл болды. Сол себепті де, олардың жолы ұмтылуға лайық ең көрнекті үлгі болатын. Алла Тағала қасиетті Құранда:
فَاصْبِرْ كَمَا صَبَرَ أُولُو الْعَزْمِ مِنَ الرُّسُلِ...
«(Уа, Мұхаммед!) Осы жолда барынша сабырлық танытқан жігерлі пайғамбарлар сынды сен де төзімділік таныт», – деген («Ахқаф» сүресі, 35-аят).
Алла Тағала келесі аятта:
رِجَالٌ لَّا تُلْهِيهِمْ تِجَارَةٌ وَلَا بَيْعٌ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَإِقَامِ الصَّلَاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ يَخَافُونَ يَوْمًا تَتَقَلَّبُ فِيهِ الْقُلُوبُ وَالْأَبْصَارُ
«Сондай ер жіггітер бар, олардың күн-көріс көзіне айналған саудалары да, алу-сату істері де оларға Алланы еске алуына, намаз оқуына, зекет беруіне бөгет болмайды. Олар жүректер күйден күйге еніп, астан-кестен болатын және көздер шарасынан шығатын ауыр күннен қорқады», – деген («Нұр» сүресі, 37-аят).
Міне, бұл ерлер биік рухты, асқақ жігер иелері. Олар Раббысына деген ықыласын бұл дүниенің ләззаттарына, сауда мен пайдаға айырбастайтындардан емес. Қайта, олар үшін Аллаға бойсұнып, Оған құлшылық ету – ең жоғарғы мақсат, ең ұлы мұрат. Сол жолға бөгет болған нәрсенің бәрінен олар теріс айналды.
Қисса
Батуға таяп қалған күннің соңғы шапағы Алланың қасиетті үйін алтынмен апталған өрнекті қабырғадай безендіріп тұр. Қағбаны тауаф етіп жүрген Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жер бетінде қалған сахабалары мен үлкен тәбиғиндердің «Алладан басқа тәңір жоқ» деген тәһлилдері мен әлемдердің Иесін дәріптеген үндері ауаға әтір шашып тұрғандай болды, олардың салиқалы дұғалары шартарапты толтырып жатты.
Қағбаның «Иемен тірегі» деп аталатын қабырғасына таяу жерде жүздері нұрлы төрт жігіт отыр. Аппақ киім киген, үстерінен әтір иісі аңқыған, бір-біріне деген көңілдері кіршіксіз таза осы бір әулеттің жігіттері мешіттің ақ көгершіндері сияқты еді.
Олар – Абдулла ибн Зүбәйр, оның інісі Мұсғаб ибн Зүбәйр және олардың екі бауыры Уруа ибн Зүбәйр мен Абдүлмәлик ибн Мәруан. Тақуа жастар баяу үнмен шүйіркелесе сөйлесіп отырды. Кенет, олардың бірі «Әркім Алладан тілегенін сұрасын», – деді. Олардың қиялдары көк әлемінде самғап, армандары жәннат бағын кезді. Біраз уақыттан кейін тыныштықты Абдулла ибн Зүбәйр бұзды:
– Менің тілегім – Хижаз аумағына иелік етіп, халифа болу, – деді ол.
Оның бауыры Мұсғаб:
– Менің арманым – екі Иракқа, яғни Куфа мен Басраға басшылық ету, бұған ешкім дауласпаса екен, – деді.
Сонда Абдүлмәлик ибн Мәруан:
– Сендер осы айтқандарыңмен қанағаттансаңдар, менің арманым жер бетіне ие болып, Мұғауия ибн Әбу Суфяннан кейін халифа болу, – деді.
Уруа ибн Әз-Зүбәйр үн қатпады, ешнәрсе айтқан жоқ. Достарының бәрі енді соған қарады.
– Сен не сұрадың?
– Сұрағандарыңа Алла береке берсін. Ал мен Алланың кітабы Құран мен Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәстүрі – сүннеттің білімін тарататын, адамдарға Ислам дінінде тәлім беретін ғалым әрі тақуа болуды және ақыретте Алланың ризашылығына бөленіп, жәннатқа кіруді тіледім, – деді Уруа. Алла Тағала төрт жігіттің де дұғасын қабыл етеді. Ал табиғин Уруа ибн Зубайр шынында да ислам тарихында ең ұлы ғалымдардың бірі болған екен.
Төртінші: қоғамға пайдалы болу
Ислам діні әрбір мүмінге өз құлшылығын кемел орындап қана қоймай, өмірін ізгі амалмен көркейтіп, елге, жұртқа пайда тигізуді аманат етеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ إِنَّا لَا نُضِيعُ أَجْرَ مَنْ أَحْسَنَ عَمَلًا
«Расында иман келтіріп, ізгі іс істейтіндерге келсек, Біз көркем жақсылық істейтіндердің сауабын әсте зая етпейміз», – деп айтқан («Кәһф» сүресі, 30-аят).
Қоғамға пайдалы іс жасаған адам ісінің жақсылығын өзгелер көрген сайын сауабын алады. Тіпті жақсылық жасаушы кісі дүниеден өтіп кетсе де, көзі тірісінде қоғам үшін жасаған ісінің сауабы артынан барып тұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِذَا مَاتَ الْإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثَةٍ؛ إِلَّا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ
«Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері (ашық тұрады) жазыла береді. Ол: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан білім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деген (имам Мүслим).
Сондықтан өзгелерге пайдасы тиетін игі іс жасау мұсылман адамның өмірлік мақсаттарының бірі болуы тиіс. Хакім Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлының бірі боласың», – деп айтқан.
Мұсылман адам Алла Тағаланың сыйлаған әрбір күнін өзгелерге пайдасын тигізіп, ізігілік, қайырымдылық сынды амалдар жасау үшін берілген мүмкіндік деп қабылдайды. Алла Тағала қасиетті Құранда:
مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ
«Ер немесе әйелден кім иман келтірген бойда ізгі іс істесе, әлбетте біз оған жарқын өмір сыйлаймыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз», – деген («Нахыл» сүресі, 97-аят).
Яғни, ізгі іс жасаған пендерлерге дүниеде де, ақыретте де мол жақсылықтар бар екендігін айтқан.
Құрметті жамағат!
Жастық – өмірдің ең қымбат қазынасы, оны қалай өткізсек, келешегіміз де солай қалыптасады. Ислам жастық шақтың әр сәтін қадірлеп, оны ізгі амал мен пайдалы іспен көркемдеуге үндейді. Өйткені адам баласының ең ұлы жетістігі – дүние игілігі емес, Алланың разылығын алып, халқының қызметінде болу.
Сондықтан, әрбір жас – өз жүрегіне иман ұялатсын, біліммен қарулансын, ниетін түзеп, қоғамға пайда келтіретін жолды таңдасын. Мақсатымыз биік, мұратымыз жарқын болсын! Раббымыз баршамызды ізгі істермен айналысушы, елге үлгі, үмбетке пайдалы жандардың қатарына қоссын!
