Жат ағым жарға жығады

Асыл дініміз – адамзатты мейірімге, тыныштыққа және ізгілікке үндейтін нұрлы жол. Ислам ешқашан бүлікке, алауыздыққа немесе жанжалға шақырмайды. Қайта адам өмірінің әр сәтіне бейбітшіліктің лебін алып келіп, қоғамды береке-бірлікпен көркейтуді көздейді. Сан ғасыр бойы қазақ даласында дәл осы қалып – бірлікке негізделген имани түсінік салтанат құрды. Дінімізді дәстүрімен жарастыра ұстанған ата-бабаларымыз «дін – рухани тірек, ел – ұлттың тірегі» екенін терең түсінді.

Алайда соңғы уақыттарда қоғамның тыныштығын бұзуға бағытталған теріс ағымдар бой көрсетіп, мұсылман үмбетінің арасын алалайтын, күпірлікке қиып үкім шығаратын, дараланып бөлінуді насихаттайтын жат пиғылды топтар пайда болды. Олар Ислам атымен сөйлегенімен, іс жүзінде хақ діннің мәнімен үйлеспейтін түсініктер таратып, ел ішінде іріткі салуды мақсат етеді.

Жат ағымдардың басты айласы қандай?

Бұл ағымдар көбінесе діни сауаты таяз, өмірлік бағыты толық қалыптаспаған жастарды көздейді. Өздерін «жанашыр», «қамқор» етіп көрсетіп, рухани бос кеңістікті толтырғандай күй тудырады. Адамды қоғамнан, отбасынан, дәстүрлі діннен алыстату – олардың бірінші қадамы. Тіпті ата-анасын тыңдамауға, бұрынғы ортасын «адасқан», «надан» деп бағалауға итермелейді.

Олар жаңа қосылған адамды бір ғана «ұстаздың» сөзіне байлап қояды. Басқа пікір тыңдатпайды, ақылдық еркіндікке жол бермейді. Осындай қысым мен жалған «жылылықтың» әсерінен адам санасы бірте-бірте тұманданып, тек топтың айтқанын ғана дұрыс деп қабылдайды. Мұндай тәуелділік оны ойсыз еліктеушіге айналдырып, айналасындағыларға өшпенділік тудырады.

Қасиетті дініміз бөлінуді ақтамайды

Алла Тағала Құранда: «Түп-түгел Алланың жібіне жабысыңдар, бөлінбеңдер!» (Әли Имран, 103-аят) деп әмір етеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Жамағатпен болыңдар, бөлінуден сақтаныңдар. Шайтан жалғыз қалған адамға жақын болады»
(Тирмизи) деп жамағатпен болудың маңызын ашық айтқан.

Сахаба Абдулла ибн Масғуд (р.а.): «Жамағаттағы ұнатпаған нәрсең – бөлінудегі ұнатқан нәрсеңнен әлдеқайда жақсы» деп, алауыздықтың ауыр зардабын ескерткен.

Демек, Ислам ешқашан екіге бөлінуді, бірін-бірі кәпір санауды құптамайды. Нағыз мұсылман – айналасына тыныштық сыйлаушы, қоғамға пайда әкелуші. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдасы тиген адам» деген.

Жат ағымға түспеудің жолы

Бүгінгі ақпарат тасқынында әркім өзін «дін білгірі» етіп көрсетіп, әлеуметтік желіде пәтуа таратуы еш қиын емес. Мұндай кезеңде ең дұрыс шешім – діни сауатты тек ресми, сенімді мекемелерден алу.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстаздары – еліміздің рухани қауіпсіздігі үшін жауапты мамандар. Пәтуаны да, діни кеңесті де солардан алу – әр мұсылманның жауапкершілігі.

Ата-аналар да балаларын дұрыс бағытқа жетелеп, мешіт қабырғасындағы дәрістерге қатысуға, сенімді имамдардан білім алуға кеңес бергені жөн. Өйткені дұрыс бағыт көрсетілмесе, бос кеңістікке міндетті түрде бөтен ой келеді.

Бүгінгі ең үлкен қауіп – ақпараттық ашықтық

Жат ағымдар көбіне интернет арқылы әрекет етеді. Бейтаныс топтар қаржылай демеуші тауып, ел ішінде дүрбелең туғызуға тырысады. Олар үшін басты мақсат – қоғамның ішкі тұтастығын бұзу. Бөлінген елдің қорғанысы да әлсіз болады. Бұл – тарих дәлелі. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген нақылдың да негізгі мәні осында.

Дін – тек құлшылық емес, ол үлкен ғылым, терең білім, биік парасат. Ислам — адамзаттың рухани байлығы, ата-баба аманаты. «Алланы бір, Пайғамбарды шын, Құранды хақ» деп келген халықтың жолы – бірлік пен ынтымақ жолы.

Сондықтан қандай заманда да іштен іріткі салатын ағымдарға қарсы тұру – әрбір азаматтың парызы. Дін үйренемін деген адам – сенімді ұстаздан үйренсін. Жастар — ертеңгі елдің болашағы, олардың рухани иммунитетін күшейту — бәріміздің міндетіміз.

Алла Тағала халқымызға бірлік пен береке нәсіп етсін!
Жат ағымнан аман, иманы берік, жүрегі тыныш ел болайық.

 

Көшкімбай Ержан Кәдірханұлы

Мойынқұм ауданының бас имамы