ТӘУЕЛСІЗДІК – САНАЛЫ ҰРПАҚТЫҢ ТІРЕГІ

 

Тәуелсіздік – тек тарихи дата емес, ол ұлттың ойлау жүйесін, болашаққа деген бағытын айқындайтын үлкен ұғым. Бұл күн әрбір азаматқа, әсіресе жас ұрпаққа ел алдындағы жауапкершілікті терең сезіндіреді.

Бүгінгі таңда тәуелсіз елдің басты күші – білімді әрі саналы жастар. Өйткені мемлекеттің ертеңі олардың алған біліміне, бойына сіңірген тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан оқу ордаларының басты міндеті – шәкіртке тек білім беру емес, оны елге пайдалы, қоғамға бейім, рухани тұрғыда орнықты тұлға ретінде қалыптастыру.

“Һибатулла Тарази” медресе-колледжінде білім мен тәрбиенің сабақтастығына ерекше мән беріледі. Біз шәкірттерге діни ілімді заман талабына сай, ұлттық құндылықтармен ұштастыра отырып үйретуді көздейміз. Бұл – тәуелсіз елдің болашағына жасалған инвестиция деп білеміз.

Тәуелсіздік бізге мүмкіндік берді, ал сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану – бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі міндет. Саналы таңдау жасап, алған білімді ел игілігіне жұмсау – нағыз отаншылдықтың көрінісі.

Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз еңселі болсын!

Жарбол Болатұлы,
“Һибатулла Тарази” медресе-колледжінің директоры