Ислам сенімінде иманның негізгі тіректерінің бірі – тағдырға иман ету, яғни жақсылық та, жамандық та Алланың қалауымен болатынына сену. Бұл ақида мұсылманның дүниетанымын қалыптастырып, өмірдегі сынақтарға дұрыс көзқарас ұстануына көмектеседі. Барлық нәрсе – Алланың жаратылысы Қасиетті Құранда Алла Тағала:
«Шын мәнінде, Біз әрбір нәрсені өлшеммен жараттық» (Қамар сүресі, 49-аят) - деп баяндайды. Бұл аят әлемдегі барлық құбылыс, оқиға, жақсылық пен жамандық белгілі бір хикметпен және өлшеммен жаратылғанын көрсетеді. Яғни, ешбір жағдай Алланың білімінен тыс болмайды. Жақсылық – нығмет, жамандық – сынақ. Құранда:
«Саған келген жақсылық – Алладан, ал басыңа келген жамандық – өзіңнен»(Ниса сүресі, 79-аят) делінеді. Бұл аятта жақсылықтың Алладан берілетін нығмет екені, ал жамандықтың көбіне адамның өз қателігі мен таңдауының салдары екені ескертіледі. Алайда жамандықтың өзі де Алланың рұқсатымен болады және ол – адам үшін сынақ. Адамның жауапкершілігі.
Алла Тағала адамға ақыл, ерік және таңдау қабілетін берген. Сондықтан адам жасаған күнәлары мен зұлымдықтары үшін жауапты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Әрқайсың – жауаптысыңдар, әрі әрқайсың қарамағыңдағыға жауаптысыңдар» деп, адамның өз ісіне жауап беретінін ескерткен. Мұсылманның көзқарасы, мұсылман адам жақсылыққа шүкір етіп, жамандыққа сабыр етеді. Себебі ол әрбір жағдайдың артында Алланың хикметі бар екенін біледі. Қиындықтар арқылы адам тазарады, иманы күшейеді, Аллаға жақындайды.
Жақсылық та, жамандық та Алланың қалауымен болады. Алайда жақсылық – рақым, жамандық – сынақ. Мұсылман үшін ең маңыздысы – тағдырға разы болып, әр жағдайда Алланы еске алу, дұрыс амал жасап, қателіктен сабақ алу.
Балхожаев Азамат Мұратбекұлы
Жамбыл аудандық
«Бәйдібек» мешітінің найб имамы
