Уақыптағы «Муша» ұғымы: фиқһи негізі мен қоғамдағы маңызы
Ислам дінінде уақып – мүлікті Алла разылығы үшін арнап, оның пайдасын қоғам игілігіне бағыттаудың тарихи әрі маңызды институты. Бұл ұғым ғасырлар бойы мұсылман қоғамдық өмірінің әлеуметтік, рухани және білім беру негіздерінің бірі ретінде қызмет етіп келеді. Уақып туралы сөз болғанда, мұрагерлікке берілмеген, бірнеше адамға ортақ мүлік туралы фиқһи пікірталастардың бірегей объектісі – муша ұғымы.
Муша ұғымының түсінігі
«Муша» (араб. مشاع) сөзі тікелей аударғанда ортақ, бөлінбеген, бөлісілмеген деген мағынаны білдіреді. Фиқһ ғылымында мүлк муша атауы: бірнеше адамға ортақ, әрбір иесінің үлесі бар, алайда нақты бөлу жүзеге аспаған мүлікті айтады.
Мысалы, туыстарға ортақ қалған жер, шартты түрде бөлінбеген пәтер немесе кәсіп — мұндай жағдайларда мүлік муша деп аталады.
Уақып және муша: фиқһи мәселе
Уақыптың негізі — пайданы тұрақты және үздіксіз ету. Уақып болған мүлік бөлініп алынбаған, пайдалы түрде пайдаланылып жатқан, Алла разылығы үшін арналып қойылған болуы қажет.
Фиқһ ғалымдары муша мүлікті уақып ету мәселесін талдаған кезде: «Бөлінбеген ортақ мүлікті уақып ету – шариғи тұрғыдан қандай шарттармен дұрыс?» деген сауал қояды.
Мәзһабтар көзқарасы
Ханафи мәзһабы
Ханафи ғұламалары уақыптағы мушаға қатысты қатал, бірақ әділ талдау жүргізген. Олар: табиғатынан бөлінбейтін мүлік (мешіт, құдық, қоғамдық жолдар) уақыпқа жарайды; ал бөлініп пайдалануға болатын мүлік болса, онда үлесті нақты анықтау қажет дейді.
Бұл көзқараста басты шарт - уақыптың тиімділігі мен пайдасының айқын берілуі.
Шафиғи, Мәлики және Ханбали мәзһабтары
Бұл мәзһабтарда мушаға қатысты келесі қағидалар айқын көрінеді - уақыптың дұрыстығы ниет пен пайдаға негізделеді, егер ортақ мүліктен пайда нақты жүзеге асса, оның бөлінбеген болуы уақыпқа кедергі болмайды. Атап айтқанда, Мәлики мәзһабында қоғамға бағытталған уақып әрқашан қолдау табады.
Сахабалардың тәжірибесі
Ислам тарихында уақыпты ең алғаш енгізгендердің бірі — халифа Омар ибн Хаттаб (р.а.). Ол уақып еткен жерлердің пайдасын мұқтаж жандарға, жолаушыларға және қоғам игілігіне бағыттаған. Бұл тәжірибе: уақыптың мәні – мүліктің өзі емес, оның адамзатқа тигізер пайдасы екенін айқын дәлелдеді.
Қазіргі заман: муша және уақыптың маңызы
Қазіргі қоғамда муша ұғымы жаңа формада көрінеді - пәтердегі үлестік меншік, ортақ компаниялар мен серіктестіктер, акциялар, инвестициялық пайдалар, ортақ кәсіпкерлік жобалар тағыда басқа осы сияқты көптеген салаларда ортақ меншік жағдайлары туындайды.
Бүгінгі фиқһ ғалымдары мұндай үлестерді заңды түрде рәсімдеп, уақып мақсаты айқын көрсетілген жағдайда шариғи тұрғыдан дұрыс деп таниды.
Уақыптағы муша ұғымы – ислам фиқһының икемді әрі үнемі даму үстіндегі саласы. Бұл ұғым қоғамдағы ортақ меншік пен қайырымдылықты үйлестіріп, мұсылман қауымына әлеуметтік әділеттілік пен жан-жақты пайда әкелуге бағытталған. Уақыпты дұрыс түсіну мен жүзеге асыру арқылы қоғамға пайдасын тигізудің кең мүмкіндігі бар.
Пайдаланылған әдебиеттер мен дереккөздер:
1.Әл-Кәсәни, Бәдәиғ ас-Санаиғ фи Тәртиб аш-Шараиғ (Ханафи фиқһы).
2.Ибн Қудама, әл-Муғни (Ханбали мәзһабы).
3.Имам ән-Нәуәуи, әл-Мәжмуғ (Шафиғи фиқһы).
4.Уахба аз-Зухайли, әл-Фиқһ әл-Ислами уә Әдилләтиһи.
5.Халықаралық Ислам Фиқһ Академиясының уақып жөніндегі шешімдері.
Уақып корпоративтік қайырымдылық
қорының директоры
Азамат Абдикеримұлы
