Алла Тағала бізге қандай істі бұйырса, сол амалдың түпкі мақсатында мұсылманды тәрбиелеу, көркем мінезге баулу, жауапкершілікті сезіндіру, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру сынды хикметтер жатқанын айқын аңғарамыз. Өйткені көркем мінез Исламдағы рухани тіректердің бірі ғана емес, асыл дініміздің өзегін айқындайтын басты өлшемдердің бірі саналады.
Көркем мінез – әрбір мұсылманның иманы мен құлшылығына, сөзі мен ісіне көрік беретін үлкен құндылықтың бірі. Алла Тағала Құранда Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мадақтап былай дейді: «Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят). Ал Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен көркем мінез-құлықты кемеліне жеткізу үшін жіберілдім», – деген.
Исламдағы адамгершілік сипаттар өмірдің барлық саласын қамтиды. Сондықтан дінімізде әмір етілген барлық парыз амалдар мұсылманды жамандықтан тыйып, жақсылыққа бастайды. Исламның басты тірегі болған намаз ұлы құлшылық қана емес, мұсылманды арсыздықтан сақтайтын, есеп күнінде ең бірінші сұралатын ғибадат. Алла Тағала бұл туралы Құранда былай деген: «(Уа, Мұхаммед!) Өзіңе Кітаптан уахи етілгенді оқып, өзгелерге жеткіз және намазды кемеліне жеткізіп оқы. Өйткені намаз – адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды. Ал Алланы үнемі (жүрекпен, тілмен һәм іс жүзінде) еске алу болса, құлшылықтың ең үлкені, ең жақсысы. Алла сендердің не істеп жүргендеріңді толық біледі» («Анкәбут» сүресі, 45-аят).
Осы аятқа тәпсір жазған Мұхаммед Әли ас-Сабуни «Тәпсірлердің таңдаулысы» еңбегінде былай түсіндіреді: «Уа, Мұхаммед! Раббың саған уахи еткен осы Құранды оқы. Оны оқып, қайталап Аллаға жақында. Өйткені көркем мінез және жақсы тәрбие осы Құранда. Намазды және рүкіндері мен шарттарын, әдептерін жақсылап оқуға тырысып, жалғастыр. Өйткені намаз – діннің тірегі. Шарттарына және әдептеріне қарай толықтай терең беріліп, үкімдеріне лайықты түрде Раббысын ойлап оқылған намаз адамды жаман нәрселерден тежейді. Алланы еске алу, әрине дүниедегі ең үлкен амал. Алланы және Оның ұлылығын еске алу – намазда, сауда-саттықта және өміріңдегі барлық нәрселерде Оны еске алу, барлық нәрседе Оны ұмытпау деген сөз.
Күмәнсіз, Алла сендердің жасаған барлық істеріңді толық біледі және сендерге оның қарымын береді. Әбу әл-Алия былай дейді: «Намазда үш қасиет бар: ықылас, Алладан қорқу және Алланы еске алу. Ықылас адамға жақсылықты әмір етеді, ал қорқу жамандық жасатпайды. Алланы еске алу, яғни Құран оқу оған жақсылықты әмір етеді әрі жамандықтан тосады. Қандай да бір намазда осы қасиеттердің тым болмаса біреуі болмаса, онда ол намаз болмағаны», – деген».
Намаз секілді парыз болған амалдың бірі – зекет беру. Бұл – дүние-мүлкі нисап мөлшеріне жеткен мұсылманға парыз. Намаз мұсылманды көркем мінезге, жақсы әдепке тәрбиелегені секілді зекет те мейірімділікке баулып, жүректі сараңдықтан тазартады. Бұл туралы қасиетті Құранда былай баяндалған: «Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт әрі сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер бол. Сондай-ақ олар үшін дұға ет! Өйткені, сенің дұғаң оларды жан тыныштығына бөлеп, жүректерін орнықтырады. Алла бәрін естуші һәм (барлық нәрсені, соның ішінде құлдарының жай-күйін әрі мұң-мұқтаждарын толық білетін) шексіз ілім иесі» («Тәубе» сүресі, 103-аят).
Алла Тағала бұл аятта Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың беруіне, сол арқылы олардың жақсылықтары көбейіп, жамандықтары жойылуына, күнәларынан тазаруына, жақсы әрі шынайы мұсылмандар мәртебесіне қол жеткізуге дәнекер болуды бұйыруда. Сонымен қатар олар үшін дұға етуді әмір еткен.
Енді оразаның мұсылманды көркем мінезге тәрбиелеу қырына келейік. Алла Тағала қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп) күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» деп ескерткен. Бұл аятта тақуалыққа жету мәселесіне маңыз беріліп тұр. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) егер кез келген құлшылық адамның мінез-құлқын түземесе, оның шынайы мәні жоғалатынын айтқан. Хадистердің бірінде: «Небір ораза ұстағандар бар. Олардың оразасында шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайдасы болмайды. Небір түнде тұрып, нәпіл құлшылық жасағандар бар. Бірақ бұл әрекетінен ұйқысыздықтан басқа ешқандай пайда таппайды» делінген.
Ораза адамды жалған сөйлеуден, біреуге тіл тигізіп, ғайбаттаудан, тілмен ренжітіп, зиян тигізуден сақтайды. Алайда мұсылманға жат осындай теріс қылықтардан тыйылмаған адамның ауыз бекітуі өзіне пайда бермейтінін мына хадистен аңғарамыз: «Кім жалған сөйлеуді және соған сай әрекет етуді доғармайтын болса, Алла Тағала оның ішіп-жеуден тыйылуына мұқтаж емес». Тағы бір хадисте айтылғандай, «адамға жамандық ретінде мұсылман бауырын кемсітуінің өзі жеткілікті».
Ауыз бекіткен адам біреу дөрекі әрекет жасаса «мен оразамын» деп көркем мінез танытуға тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кімде кім аузы берік болса, жаман сөз айтпауды, дауыс көтеріп, айқай шығармауды өсиет еткен. Өйткені нағыз мұсылман өзгелерге сөзімен де, ісімен де зиян тигізбейді. Аузы берік адам шынайы ықыласпен жамандықтан арылып, барлық ісін саналы түрде сүзгіден өткізуге дағдыланады.
Расында, жоғарыда айтқанымыздай, Исламда бекітілген құлшылық түрлері адамның тек сыртқы амалдарын ғана емес, оның ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын, қоғаммен қарым‑қатынасын тәрбиелеуге бағытталған. Сол құлшылықтардың ішінде оразаның орны ерекше. Ораза – ашығу мен шөлдеудің амалы емес, ол нәпсіні тәрбиелеу, сабыр мен төзімділікке үйрену, жүректі тазарту және көркем мінезді кемелдендіру мектебі. Сондықтан Ислам ғұламалары оразаны «рухани тәрбие мектебі» деп бағалаған.
Қазіргі қоғамда адамдар арасында қатыгездік, ашушаңдық, өзімшілдік, әділетсіздік сияқты жағымсыз мінездер жиі байқалады. Осындай жағдайда оразаның адам бойында көркем мінез қалыптастырудағы рөлі ерекше маңызға ие. Көркем мінездің қалыптасуына кедергі келтіретін басты себептердің бірі – нәпсінің шектен шығуы. Ашкөздік, тәкаппарлық, ашу, қызғаныш сияқты қасиеттер нәпсінің бақылаусыз қалуынан пайда болады. Ораза асау нәпсіні тәрбиелеудің ең тиімді амалы.
Адам күнделікті өмірде қалағанын ішіп‑жеп, өз қалауымен өмір сүруге үйреніп алады. Ал ораза кезінде ол адал әрі рұқсат етілген ас‑судан да белгілі бір уақытқа бас тартады. Бұл – адамға өз қалауын басқаруды, өзін‑өзі тежеуді үйрететін үлкен тәрбие тәсілі. Ораза ұстаған мұсылман нәпсіге «жоқ» деп айтуға дағдыланады. Көркем мінезді қалыптастыру осындай қадамнан басталады. Нәпсіні тәрбиелеу арқылы адам ашуға берілмеуге, сабыр сақтауға, артық сөз бен орынсыз әрекеттерден сақтануға үйренеді. Сондықтан ораза тек асқазанның ғана емес, мінездің де тәрбиесіне оң әсер етеді.
Адамгершілік – тек діни рәсімдерді орындау ғана емес, мұсылманның болмысын, тұлғасын және оның айналадағы әлемге деген көзқарасын қалыптастыратын жүрек хәлi. Шынайы иман сөзбен емес, іспен көрінеді. Тақуа адам әрдайым жақсылыққа ұмтылады, көркем мінез көрсетеді, мейірімді болады. Әділеттілікті ту етіп, мұқтаждарға көмектеседі. Дін талаптарын атүсті орындап қоймай, оның мәнін өмірінің өзегіне айналдырады.
Естай қажы АЙТУҒАНҰЛЫ,
Қарағанды облысының бас имамы
«Мұнара» газеті, 10 ақпан, №3
