10 наурыз
Жиырма бірінші күн
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Асыл дініміз мұсылмандардың өзара бауыр екенін айқын баяндайды және олардың арасындағы бірлік пен татулықтың маңызын көрсетеді. Сондықтан мұсылман баласы өз бауырын қиындықта жалғыз қалдырмай, қамқор болып, мұқтаж жанға қол ұшын созуға міндетті. Осылайша ислам діні әрбір мұсылманды тек жеке құлшылықпен шектелмей, айналасына жанашыр болып, қоғамның берекесі мен бірлігін сақтауға үндейді.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 71-аятында:
وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنْكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ أُولَئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللَّهُ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ
«Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, бір-біріне шын жанашыр дос. Олар дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап, зекеттерін береді және Аллаға, Елшісіне бойсұнады. Міне, бұларды Алла мейіріміне бөлейді. Расында Алла – тым үстем (әзиз), аса дана (хаким)», – деп айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إنَّ المُؤْمِنَ لِلْمُؤْمِنِ كَالْبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا. وشَبَّكَ أصَابِعَهُ
«Мүмін адамның мүмін адамға қатысы бір-бірін қуаттап тұрған құрылыс іспеттес деп, екі қолының саусақтарын бір-біріне кіргізіп айқастырды», – делінген (имам Бұхари, Мүслим).
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейтін қазақ халқының бойында жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу ежелден қалыптасқан қасиет.
Мұсылманның өзге мұсылмандарға деген қайырымдылығы рухани әрі заттай да жүзеге асырылады. Мұсылманның өзге мұсылманға деген қамқорлығы мен қайырымдылығының көрінісі деп табылатын кейбір істерге тоқталатын болсақ:
Бірінші: жанашырлық таныту
Қайырымдылық ең алдымен адамгершілік пен жанашырлықтан бастау алады. Жанашырлық – бұл бір адамның қиын жағдайға тап болған кезде өзіне жақын жандарға ғана емес, айналасындағы барша адамға түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуге ұмтылысы. Қиындыққа ұшыраған, зиян шеккен, қайғы-қасірет көрген немесе өмірдің ауыр сынақтарына тап болған адамдарға бейжай қарамай, шамасы келгенше көмектесу – қоғамдағы өзара сенім мен бірлікті нығайтатын маңызды құндылық. Мұндай әрекеттер адам баласының жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымының көрінісі болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 71-аятында:
وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ
«Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне шын жанашыр дос», – деп айтқан. Тәпсір ғалымдары бұл аятқа қатысты: олар бірлікте болу, бір-біріне сүйіспеншілік таныту, жәрдем көрсету арқылы бір-біріне дос деген мағына берген.
Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың өзгелерге жанашырлығы турасында: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеде өмірінің соңына дейін үш күн қатарынан тойып тамақ жеген емес. Қаласақ тойып жейтін мүмкіндігіміз бар еді. Бірақ өзгелердің қажетін өзімізден артық қоятын едік», – деген.
Алла Елшісін үлгі еткен мұсылман адам да өзге мұсылманның қал-жағдайын сұрайды, әлсіздеріне көмек қолын созады, зұлымдыққа ұшырағандарына көмектеседі, өзі үшін жақсылық тілеп, дұға ететіні секілді өзгелер үшін де жақсылық тілейді. Көмекке мұқтаж болса, ешуақыт, көмексіз, жәрдемсіз қалдырмайды.
Екінші: көмекке зәру адамға жәрдем беру
Мұсылман адам жәрдемге мұқтаж адамды естігенде оған жәрдем бергенше асығуы қажет. Ол жәрдем жағдайға қарай кейде қаражатпен, кей жағдайда өзі барып, күш-қауқарымен жәрдем тигізуді қажет етуі мүмкін. Ал кейде ақыл-кеңеспен де болады. Ең бастысы мұсылманның ауыр жағдайға тап болғанын естігенде бей-жай танытпай, уайымдап, ниеттес, қамқор болуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ قَضَى لِأَخِيهِ حَاجَةً، قَضَى اللَّهُ لَهُ حَاجَتَهُ
«Кім бір бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді», – дейді.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне бір адам қандай да бір қажетімен келетін болса, оның мәселесін шешпей, жібермейтін болған. Сахабаларына да соны үйретіп: «Сендердің біріңнің бауырының кажетінде болуы мына мешітімнен шықпай құлшылық жасағаннан қайырлы», – деп насихат айтқан.
Шағырай шешен:
Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі.
Үлгілі сөз білмеген,
Надандықтың белгісі.
Бар-жоғына қарамас,
Анық жомарт, ер кісі, – деп жомарт болуға үндеп, өзгені де өзіндей көріп жәрдемдесуді насихат еткен.
Ендеше, біз де мұқтаж мұсылманды көргенде дереу оған жәрдемдесуге тырысып, мүмкіндігіміз болмаған жағдайдың өзінде дұға етіп, ниеттес, тілектес болуға тырысуымыз қажет.
Өзгелерге қамқор, қайырымды, мейірбан әрі жанашыр болу – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең үлкен сүннет амалдарының бірі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 128-аятында:
لَقَدْ جَاءَكُمْ رَسُولٌ مِنْ أَنْفُسِكُمْ عَزِيزٌ عَلَيْهِ مَا عَنِتُّمْ حَرِيصٌ عَلَيْكُمْ بِالْمُؤْمِنِينَ رَءُوفٌ رَحِيمٌ
«Сендерге өз араларыңнан сондай бір хақ (әзиз) пайғамбар келді. Сендердің қандай да бір қиыншылыққа душар болуларың оған ауыр тиеді. Ол сендерге өте ынтызар, мейірбан», – деп айтқан.
Хакім Абай: «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі», – деп айтқанындай, мұсылман адам өзге мұсылмандарды жүрегімен жақсы көріп, шынайы бауыр деп біліп, өзін ойлағанындай, өзгелерді де ойлап, қамқор, қайырымды болуға тырысуы керек.
