9 наурыз
Жиырмасыншы күн
САБЫР ТҮБІ САРЫ АЛТЫН
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Сабыр − адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Бұл қасиет адам баласына әуелден Жаратушы тарапынан берілген жетістікке қол жеткізудің сырлы кілті.
Жалпы, сабыр (صَبْرٌ – сабрун) сөзінің тілдік мағынасы «шыдамдылық ету» дегенге келеді. Шариғаттағы мағынасы Алла Тағаланың разылығы үшін өмірдегі қиындықтарға төзу, шыдамдылық ету.
Халқымыз да «Сабыр түбі-сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп сабырға байланысты нақылдар айтқан.
Әрбір сәтсіздікті Ұлы Жаратушының сынағы деп қабылдап, оған сабырмен, төзіммен қарауымыз керек. Қиындықтар кездессе, оған сабыр ету – болашақта адамға келетін нығметтердің, жетістіктердің басы деп қабылдауымыз қажет. Қазақтың «Әрбір істің қайыры бар» деген сөздері осындайда еріксіз еске түседі.
Бұл жайында Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресі, 146-аятында:
وَٱللَّهُ يُحِبُّ ٱلصَّابِرِينَ
«Алла сабыр етушілерді жақсы көреді», – делінсе, «Нахл» сүресінің 96-аятында:
وَلَنَجْزِيَنَّ ٱلَّذِينَ صَبَرُوۤاْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ
«Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», – деп айтылады.
Қасиетті Құран Кәрімде сабырлылықтың хикметі туралы жетпіске жуық аят бар. Алла Тағала «Бақара» сүресінің, 153-аятында:
يَآأَيُّهَا ٱلَّذِينَ آمَنُواْ ٱسْتَعِينُواْ بِٱلصَّبْرِ وَٱلصَّلٰوةِ إِنَّ ٱللَّهَ مَعَ ٱلصَّابِرِينَ
«Уа, иман келтіргендер, сабыр және намазбен көмек сұраңдар! Күмәнсіз Алла сабыр етушілермен бірге», – деп бұйырады.
Жалпы, сабырлылықты бірнеше тақырыптарға бөліп қарастыруға болады.
Бірінші: қиындықтарға сабырлы болу
Мына жалған дүниеде кез келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні хақ. Өйткені өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Бұл – өмірдің өзіндік заңдылығы.
Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде:
وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ ٱلْخَوْفِ وَٱلْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ ٱلأَمَوَالِ وَٱلأَنفُسِ وَٱلثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ ٱلصَّابِرِينَ
«Сөзсіз сендерді қорқынышпен, аштықпен және дүние-малдарыңды, жандарыңды әрі жемістерді азайту арқылы сынаймыз, алайда сабыр етушілерді сүйіншіле!» – деген («Бақара» сүресі, 155-аят).
Демек, бұл жалғанда кез келген пенде қауіп-қатер, жоқшылық, таршылық, адам және мал шығыны сынды қиын да қайғылы жағдайлармен сыналады. Дегенмен, Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында қиындықтар алдында ұстамды болып, сабыр еткен жандарды зор сауап күтіп тұрғандығын ескертеді.
Екінші: көркем мінез көрсетуде сабырлы болу
Ғалымдар: «Ислам үш нәрседен құралады. Ол: иман, шариғат және көркем мінез. Бойында осы үш қасиет болмаған адам кәміл мұсылман бола алмайды», – деген.
Имам Хасан (Алла оны рақымына алсын): «Көркем мінез дегеніміз – кеңпейілдік, жомарттық пен сабырлылық», – деген екен.
Ал имам Ахмад (Алла оны рақымына алсын): «Көркем мінез дегеніміз – ашуды баса білуің және кек сақтамауың, адамдардың қылықтарына сабыр етуің», – деген екен.
Үшінші: ауруға сабыр ету
Ата ибн Рабахтан (Алла оны рақымына алсын) жеткен сахих хадисте былай делінген: «Маған ибн Аббас (Алла оған разы болсын):
– Саған жәннаттық бір әйелді көрсетейін бе? – деді. Мен:
– Иә, көрсетіңіз, – дедім. Сонда ол:
Мына қара әйел Алланың Елшісіне (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Мен талма ауруымен ауырамын. Талып қалған кезімде үсті-басым ашылып қалады. Алла Тағалаға мен үшін дұға етіңіз», – деп өтінді. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
Егер, қаласаң сабыр ет, жәннатқа кіресің. Қаласаң ауруыңа шипа берсін деп Алла Тағалаға дұға етейін», – деді. Сонда, әлгі әйел:
Сабыр етемін, – деді. Сосын ол: «Үстім ашылып қалады. Ашылып қалмауым үшін Аллаға дұға етіңіз», – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған дұға жасады».
Алла Тағала баршамызға көркем сабыр беріп, отбасымыз бен елімізге тыныштық пен береке нәсіп етсін. Қиындыққа мойымайтын күш-қуат беріп, әр ісіміздің соңын қайырлы еткей. Жаратқан Иеміз құлшылықтарымызды қабыл алып, екі дүниенің бақытына бөлесін!
