ШӘКІРТТЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл басында дін қызметкерлеріне бағдарлық баяндамасын жолдаған болатын.

Бас мүфти Төралқа мәжілісінде: «2022 жылы ҚМДБ Орталық Аппаратынан еліміздегі 200 дін қызметкеріне жалақы төленді. Бұл көрсеткіш биыл тағы 100 адамға артып, барлығы 300 дін қызметкеріне жалақы төленеді. Жалақы алатын қызметкерлер арасында медресе ұстаздары да бар. Бұдан бөлек үздік медресе шәкірттеріне арнайы шәкіртақы тағайындалатынын мәлімдеймін» деген болатын.

Аллаға шүкір, осы бастама аясында бүгінде «Шымкент» медресе-колледжінде 19 ұстазымыз қосымша жалақы алуда. Сонымен қатар 39 шәкіртімізге шәкіртақы берілуде. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұл игі шешімі ұстаздарымыз бен шәкірттерімізге үлкен қолдау болды.

Шәкірттер арасында үздік студенттер мен әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыдан шыққан немесе жетім қалған балалар да бар. ҚМДБ тарапынан беріліп жатқан шәкіртақы осы санаттағы студенттерімізге материалдық тұрғыдан көмек болып жатыр. Бұл – Діни басқарманың шәкірттерімізге жасап жатқан үлкен қамқорлығы деп білеміз. Алла мол сауаптан жазсын! Әмин!

 

Талғат ӘСЕМБАЙ,

«Шымкент» медресе-колледжінің директоры