Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Құрметті бауырлар!
Қасиетті Қадір кеші мүбәрак болсын! Алла Тағала ұстаған оразаларыңызды, жасап жатқан құлшылық-ғибадаттарыңызды қабыл еткей.
Расында, Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші қасиетті кітабымыз Құранның түсуі.
Алла Тағала Құранда: «Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» («Қадір» сүресі, 1-5-аяттар) деп баяндайды.
Бұл сүреде Қадір түнінің мың айдан да қайырлы екені, яғни осы түнде жасалған құлшылық пен ізгі амалдың сауабы өмір бойы жасалған құлшылықтан артық болатыны айтылған. Қасиетті Құранның дәл осы түні түсуі Қадір түнінің мың айдан қайырлы екенін білдіреді. Себебі қасиетті Құран адамды надандықтан құтқаратын, жүректерге тыныштық сыйлайтын, пендені тек жақсылыққа бастайтын ұлы кітап. Қадір түні Құранды көп оқу, оның мағынасына терең бойлау арқылы адам өз рухын тәрбиелейді.
Рухани кемелденудің маңызды шарттарының бірі – адамның өз ісіне жауапты екенін сезінуі. Қадір түні осы жауапкершілік сезімін күшейтеді. Мүмін адам өз өмірін қайта қарап, өткен қателіктеріне тәубе етіп, болашағын ізгі ниетпен жоспарлауға ден қояды. Бұл – рухани дамуға, өз-өзімізді тәрбиелеуге берілген мүмкіндік.
Ардақты Пайғамбарымыз Рамазанның соңғы он күнінде ерекше құлшылық жасап, отбасын да ізгі амалға ынталандырған. Бұл түнде намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар Алладан көбірек кешірім сұрап, дұға жасаған абзал.
Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре гөрші» деп айтасың» деп жауап берген. Тағы бір хадистердің бірінде: «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі» делінген.
Исі мұсылман баласының тағдыр жазылатын түнді тағатсыздана күтуінің бір хикметі – Жаратқанға жақындай түсуге деген ықыласы. Сондықтан бұл түнді сауапты істермен өткізуге тырысайық.
Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір кешінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай.
Еліміз аман, жеріміз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әумин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
