Қадірлі жамағат, ардақты ағайын!
Баршаңызды мұсылман үмбетінің ең қастерлі мерекелерінің бірі – Ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Біз үшін қасиеті мен тағылымы мол Рамазан айын лайықты деңгейде өткізіп, сабыр мен шүкірді серік етіп, құлшылық пен ізгі амалдарға ден қойған рухани кезеңді артқа қалдырдық. Енді, міне, сол берекелі айдың заңды жалғасы, сауапқа толы амалдардың жемісі – Ораза айт мерекесіне де аман-есен жетіп отырмыз. Бұл – Жаратқан Иеміздің бізге деген ерекше мейірімі мен рақымының белгісі.
Рамазан – тек аш жүру немесе белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, ол – адамның рухани жаңғыруына, жүректің тазарып, иманның күшеюіне жол ашатын қасиетті мектеп. Осы айда әрбір мұсылман нәпсісін тәрбиелеп, сабыр сақтауды, шүкіршілік етуді, өз-өзін есепке алуды үйренеді. Адам баласы жақсылық жасауға, қайырымдылық танытуға, айналасына жанашыр болуға ұмтылады.
Осы орайда өңірімізде Рамазан айында көптеген игі шаралар атқарылды. Мешіттерде тарауық намаздары оқылып, Құран хатымдары жасалды, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, мұқтаж жандарға көмек көрсетілді. Жамағат арасында бірлік пен бауырмалдық нығайып, ізгілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісі көрініс тапты. Мұның барлығы – халқымыздың дінге деген құрметінің, имандылыққа деген ықыласының айқын дәлелі.
Ораза айт – тек қуаныштың ғана емес, кешірім мен кеңдіктің мерекесі. Бұл күндері адамдар бір-біріне реніштерін ұмытып, өкпе-араздықты ысырып қойып, жүректерін мейірімге толтырады. Ағайын-туыс, көрші-қолаңмен араласып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ізгі тілектер айтылып жатады. Бұл – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты, бірлік пен ынтымақты нығайтатын ерекше сәт.
Айт күні жасалған әрбір игі амал – садақа беру, мұқтажға жәрдемдесу, жетім-жесірге қамқор болу – Алла Тағаланың алдында үлкен сауапқа ие. Сондықтан бұл мерекеде жақсылық жасаудан жарысайық, жүректерге қуаныш сыйлайық, айналамызға мейірім шуағын төгейік.
Қадірлі қауым!
Бүгінгі таңда қоғамымыз үшін ең маңызды құндылықтардың бірі – бірлік пен татулық. Ораза айт – осы асыл қасиеттерді дәріптейтін, ел ішіндегі ынтымақты арттыратын ұлық мереке. Сондықтан әрбір шаңырақта береке, әрбір отбасында бақыт орнап, елімізде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құра берсін деп тілеймін.
Жасаған оразаларымыз, оқыған намаздарымыз, берген садақаларымыз бен жасаған барша игі амалдарымыз қабыл болғай! Жаратқан Иеміз баршамызға амандық-саулық, мол ризық, ұзақ ғұмыр нәсіп етіп, екі дүниенің бақытына кенелтсін!
Ұлық мереке – Ораза айт әр шаңыраққа шаттық, қуаныш, береке мен молшылық алып келсін!
Құрметпен,
Жамбыл облысының бас имамы
Асқар Зәкіржанұлы
