Шүкір ету дегеніміз – жүректің Аллаға деген махаббаты, дененің Алланың бұйырған құлшылықтарды орындауы, тілдің Алланы үнемі ұлықтап, еске алуы. Адам шүкір ету арқылы Құдайдың берген нығметін мойындайды, Ол бұйырған істерді бұлжытпай орындайды. Осы амалдарды көбірек орындаған адамның шүкірлігі де жоғары деңгейде болады.
Алла Тағаланың пенделеріне берген нығметі өте көп. Тіпті оны санауға сан жетпейді. Құранда: «Алланың нығметін санайтын болсаңдар, шегіне жете алмайсыңдар» («Ибраһим» сүресі, 34-аят) делінген. Шүкірлікті талап ететін, дінге қатысты нығметтердің ең үлкені – Ислам, иман және Алланы тану нығметі. Алланы тану нығметін «Оның өзі ғана береді» деп сену – сол нығметке деген шүкірліктің белгісі.
Құранда мынадай аяттар бар: «Алайда Алла сендерге иманды жақсы көрсетіп, оны жүректеріңде безендірді» («Хужурат» сүресі, 7-аят); «Егер сендерге Алланың игілігі мен мейірімі болмағанда, ешбіреуің әсте тазармайтын едіңдер» («Нұр» сүресі, 21-аят). Мына әлемнің жаратылысы туралы бір сәт болса да ойланған адам Алланың шексіз нығметтерін тани түседі. Бұл оның шүкірлігінің арта түсуіне себепкер болады. Расында, сіз бен біздің ораза ұстап, Раббымызға жақындай түсуге тырысуымыз – Алланың бізге берген нығметтерінің бірі, мейірімі мен махаббаты.
Тілдің шүкірлігі дегеніміз – Алланың берген нығметін үнемі айтып, сөзбен жеткізіп жүру. Құранда: «Раббыңның нығметі туралы айтып жүр» («Зуха» сүресі, 11-аят) делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың берген нығметін айтып жүрудің өзі – шүкірлік», – деген.
Алланың берген нығметін жасырған адам сол нығметке күпірлік еткен болып саналады. Ал кімде-кім Алланың берген нығметін жариялап, көрсетіп, айтып жүрсе, сол оның нығмет үшін шүкірлік еткені болып есептеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаға шүкірлік айту мен мақтау айтуда бүкіл үмбетіне үлгі бола білді. Ол молшылықта өмір сүруден Раббысын үнемі еске алып өмір сүруді артық санады. Сондықтан ораза кезінде тілімізді жаман сөзден тыйып, тек Аллаға ұнамды нәрселерді ғана айтып жүруіміз керек.